Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 2.12.2020

Қорытынды жаңалықтар 2.12.2020

Бүгін Үкімет отырысында «Аграрлық өнеркәсіптік кешен және жер қатынастарын цифрландыру» тақырыбы талқыланды. ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің айтуынша, еліміздің ауылшаруашылық саласын толық цифрландыруға мемлекеттік-жеке әріптестік аясында 50 млрд теңге инвестиция қажет. Егер бұл жұмыс жүзеге асса, астық жинау жылына 25 млн тоннаға дейін көбейеді, - деді Үкімет басшысы. 

***

Сонымен қатар, Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешенде көрсетілетін қызметтердің 90 пайыздан астамы автоматтандырылғанын жеткізді.

***

Бүгінгі Үкімет отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау мәселесі де қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту көрсеткіштерін баяндады.

***

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәліметінше, Инклюзивті білім алатын балалар саны көбейген. Министр кедергісіз орта құру бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

***

Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 8 орталық іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Оның айтуынша, осы жылдың 10 айында амбулаторлық емханалық көмек шеңберінде 6,4 миллион қызмет, стационарлық-медициналық көмек шеңберінде 384 мың қызмет көрсетілген. Министр мүгедектігі бар жандарды алдағы уақытта медициналық оңалту қызметінмен қамтуды ұлғайту жоспарланып отырғанын жеткізді.

***

Өткен бір тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмонияның 232 жағдайы анықталды. Сондай-ақ кеше осы аурудан бір адам қайтыс болды. Оған қоса 119 адам емделіп шықты. 1 тамыздан бүгінге дейін пневмониямен барлығы 42 447 адам ауырды, 444 адам көз жұмса, 30 681 науқас жазылып шықты.

***

Шығыс Қазақстан облысында карантин шаралары өз нәтижесін беріп, өңір коронавирустың таралу қаупі бойынша «қызылдан» «сары» аймаққа өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Вирус жұқтырғандар саны 7 қарашада 353 адам болса, кеше 73 болған. Ең бастысы, өңірде Оқшаулау орталығы арқылы вирустың жұқтыру тізбегін бақылау және тосқауыл қою жүйесі құрылған», - деп жазды аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook-парақшасында. Сондай-ақ COVID-19 инфекциясын уақтылы анықтап, емдеу үшін қолданыстағы 13 ПТР-зертханаға жергілікті бюджет есебінен қосымша 6 зертхана қосылған. Алдағы күндері тағы бір зертхана ашылады.

***

Батыс Қазақстан облысының үш ауданында аэродром салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Меңеевтің айтуынша, Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов ауданы орталықтарында үш аэродром салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген. Қазіргі таңда құжат мемлекеттік сараптамадан өтуде. Оның сөзіне қарағанда, шалғай аудан орталықтарында әуежай салынса, бұл сол аудандардың дамуына оң әсер етеді, ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, Орал мен аталған аудандар арасында әуе қатынасы орнайды.