Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 8.12.2020

Қорытынды жаңалықтар 8.12.2020

Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2020 жылғы мемлекеттік сыйлық иегерлері белгілі болды. Аталған марапатты «Абыз Әбіш» зерттеуі үшін мәдениеттанушы Сауытбек Абдрахманов, «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» өлеңдер жинағы үшін ақын Серік Ақсұңқар, «Ғұлама-наме» трилогиясы үшін жазушы Ғарифолла Есім, «Ұлы Дала әдебиеті» тарихи-әдеби зерттеулер жинағы үшін әдебиеттанушы Мырзатай Жолдасбеков, «Достояние души» өлеңдер жинағы үшін ақын Бақытжан Қанапиянов, «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы үшін драматург Роза Мұқанова, «Періштелердің өлімі» прозалық шығармалар жинағы үшін жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов алды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.  

***

Медицина саласын дамытуға, бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін Төрегелді Шармановқа, сондай-ақ білім және ғылым саласын дамытуға, бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін Шигео Катсуға Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік сыйлығы берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін тиісті Жарлыққа қол қойды.

***

"Shopan ata" ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Президентке Ашық хат жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz. "Президентке бұйымтай" деп басталатын хатта Алмасбек Жұмабекұлы елімізідң күнтізбе тізіміне жалпы малшылар қауымына ортақ "Шопан ата" күнін белгілеуді сұраған. Ашық хаттың мазмұнында Алмасбек Садырбаев бұл күннің маңыздылығы мен қажеттігін айтып: "Бұл мейрам жалпыхалықтық сипат алуы үшін күннің жылыған шағына, нақтысын айтсақ, маусым айының екінші жексенбісіне белгіленгені дұрыс деп санаймыз. Аталған мейрам аста-төк ысырапты көздемейді. Қазақтың "...Үшінші байлық он саулық" деген аталы сөзін негізге ала отырып, мейрам атауын ресми "Шопан ата" деп аталуын құп көреміз. Бірақ мейрам барша малшылар қауымына ортақ болмақ", деп бұл күнді қалай және қашан атап өтуге болатынын да көрсеткен. Айта кетейік, елімізде қараша айының ішінде жалпы "Ауылшаруашылық қызметкерлері күні" атап өтілгенімен, малшы қауымға арналған күнтізбелік мереке жоқ.

***

Интернетке қатысты проблемалары бар студенттер үшін сессия кейінге қалдырылмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді. «Интернетке немесе компьютердің жоқтығына байланысты проблемалар болса, студенттерге жатақханада жатып оқуға болатынын алдын ала ескерткен болатынбыз. Сондықтан оны сылтау етіп сессия уақытын кейінге шегеруге немесе оны тапсырмай қоюға болмайды», - деді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарындағы жатақханалар штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтып өтті. Айтуынша, жатақханаларда қазіргі кезде 7 мың студент тұрып жатыр.

***

Елімізде екі облыс әлі де «қызыл» аймақта. Олар: Павлодар және Солтүстік Қазақстан аймақтары. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, коронавирус бойынша өңірлердің 8 желтоқсандағы эпидемиологиялық ахуалы осындай. Ведомствоның хабарлауынша, Нұр-Сұлтан қаласы, ШҚО, Атырау, Қостанай, Ақмола облыстары «сары» аймақта. Қалған өңірлердің бәрі де «жасыл» аймаққа кіреді.

***

Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов жаңа қаулыға қол қойды. Енді авиа, теміржол, теңіз, өзен және автожолдар арқылы келген азаматтарға тексеріс тағы да күшейтілмек. Мерзімі 3 күннен аспайтын ПТР анықтамасынан бөлек, термометриядан тексеруден өтіп, сауалнама толтырады. COVID-19 cимптомдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Арнайы қолхат жазады. Сондай-ақ, аяғы ауыр әйелдердің босануы кезінде жақынын кіргізуге рұқсат берілді. Тек оның мерзімі 3 күннен аспаған ПТР анықтамасы болуы керек. Қаулы бүгіннен бастап күшіне енеді.

***

FlyArystan мобильді қосымшасында 8-10 желтоқсан аралығында барлық билеттер бағасына жаппай сатылым болады. Билет бағасы 2 999 теңге. Акция бойынша, билеттерді желтоқсан айында алып, кез келген жаққа 12 қаңтар-4 наурыз аралығында ұша аласыз. Айта кетерлігі, билеттер сатылым біткенше қолжетімді. Сондай-ақ, бір жол құнына қоса, 5 кг қол жүгін алып жүріп, кездейсоқ орынды таңдай аласыз.

***

2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына брейк-данс, серфинг, скейтбординг және спорттық құзға шығу кіретін болды. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, олар заман талабына сай болып, жас аудиторияны тартуға ниетті. Айта кеткен жөн, жаңа ережелерге сәйкес, егер Олимпиада ойындары өтетін елде белгілі бір спорт түрі танымал болса, спорттық шараны қабылдайтын қала өкілдері оны бағдарламаға қосу жөнінде ұсыныс жасай алады. Сондай-ақ жаңа талаптар бойынша дүбірлі дода қатысушыларының саны 10 мың 500 адамға дейін шектелді. Квоталар әсіресе ауыр атлетика мен бокста қысқарған. Халыаралық Олимпиада комитеті гендерлік теңдік мәселесіне де көп көңіл бөліп отырғандарын айтады.