Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 5.01.2021

Қорытынды жаңалықтар 5.01.2021
  • Үкімет басшысы Президентке есеп берді.
  • Қытайда ірі компанияның экс-басшысы өлім жазасына кесілді.
  • «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Мемлекет басшысының мақаласында не айтылған?
  • Абай шығармашылығын насихаттаған 175 азамат мерейтойлық медальмен марапатталды. 
  • Қазақстанның бірнеше облысында тұман түсіп, аяз болады.
  • Жаңа Экологиялық кодексте экономика мен экология мүдделері ескерілген. 
  • Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсті.  


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Асқар Маминді қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Мемлекет басшысына 2020 жылдың қорытындысы бойынша ел дамуының макроэкономикалық көрсеткішінің болжамды есебі мен республикадағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндалды. Алдын ала алынған мәліметтерге сәйкес, Президентке 2020 жылы нақты сектордағы өндіріс көлемі 2%-ке артқаны жайында ақпарат берілді. Үкімет басшысы ұзақ мерзімді орта көрсеткіштер бойынша құрылыс саласының қарқыны айтарлықтай жоғары екенін айтты. Премьер-министр коронавируске қатысты жағдайды баяндап, еліміз бойынша коронавирустың өршу деңгейінің көрсеткіші 0,9%-ке жеткенін жеткізді. Асқар Маминнің айтуынша, еліміздегі жұқпалы аурулар ауруханаларының 29%-інде, реанимациялардың 21%-інде азаматтарымыз емделіп жатыр.

***

Жаңадан қабылданған Экологиялық кодекс еліміздегі экологиялық ахуалды жақсартуға заңдық тұрғыда негіз болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осыдан үш күн бұрын Мемлекет басшысы қол қойған құжаттың маңыздылығына тоқталды. 

***

Министрдің айтуынша, жаңа Экологиялық кодексте қоршаған ортаға зиян келтіргендерге қатысты қолданылатын шаралар күшейтілді. Сондай-ақ, енді кәсіпорындар қоршаған ортаға зиян келмеу үшін озық технологияларды пайдалануы тиіс. 

***

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандағы экотуризмді дамыту жоспарын жариялады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 13 ұлттық парк бар. Бұл орындарда көлік үшін жабдықталған тұрақтар, кемпингтер, жаңа санитарлық кабиналар жеткіліксіз. Министр ұлттық парктер аумағында заманға сай визит-орталықтар, медициналық пункттер, кемпингтер, этно-ауылдар салынатынын айтты. Қазір осыған байланысты жоспар жасалуда. Ол қоғам талқысына салынады, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

***

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы мөлшері 7%, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 5% өсті. Нәтижесінде базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшері 1 қаңтардан бастап 61 796 теңге болды. Оны еліміз бойынша 2 млн.200 мыңдай зейнеткер алады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты жаңа жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақылар мен мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері өсті. Айта кетейік, 2021 жылы бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2917 теңге болып бекітілді.

***

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Осындай атаумен «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Мемлекет басшысының мақаласы қоғамда қызу талқыланып жатыр. «Қазақстан заңгерлер одағы» Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Серік Берқамаловтың айтуынша, Президент мақаласында Қазақстанның өсу және қалыптасу кезеңдері түгел қамтылған. Оның айтуынша, бүкіл әлем аумақтық тұтастығымыздың халықаралық шарттармен бекітілгенін Мемлекет басшысының өз аузынан естіді. «Мақалада Каспий конвенциясы туралы да айтылған. Яғни, біз Каспий теңізінің Каспий жағалауында орналасқан мемлекеттер арасында бөлінуіне қатысты ұзаққа созылған даулы мәселені шештік. Өз мүддемізді қорғау тұрғысынан алып қарағанда бұл біздің мемлекетіміздің үлкен жеңісі деуге болады», - дейді Серік Берқамалов.

***

Абай Құнанбайұлы мұрасын зерттеп, оны көпшілікке насихаттауға үлес қосқан 175 азамат «Абай мерейтойлық медалімен» марапатталды. Бұл туралы Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының атқарушы директоры Аслан Ғафуров айтты. Оның айтуынша, қордың ұйымдастыруымен бірнеше іс-шара өткен. Көптеген іс-шара коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалған. 

***

Айта кетейік, ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына байланысты Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры өткізген іс-шараларға «Қазақ радиолары» да ақпараттық қолдау білдірді.

***

Қытай билігі партия комитетінің бұрынғы хатшысы, елдегі ең ірі активтерді басқарушы компания China Huarong Asset Management-тің басқарма төрағасы Лай Сяоминянды өлім жазасына кесті. Global Times газетінің мәліметінше, Тяньцзин қаласының соты компанияның экс-басшысын жемқорлық пен пара алғаны үшін өлім жазасына кескен. 2018 жылдың күзінде Лай Сяоминь партиялық тәртіп пен заңнаманы бұзғаны үшін партиядан шығарылған. Компанияның бұрынғы басшысы қымбат сыйлық, оның ішінде, ақшалай да алған, қымбат мейрамхана мен клубтарда банкет ұйымдастырып, қызметтік жағдайын жеке мүддесіне пайдаланған. Сонымен қатар, Лай Сяоминь қоғамдық мүлікті иемденді деген күдікке ілінген.

***

Қазақстанның бірнеше облысында тұман түсіп, аяз болады. Республика бойынша кей жерлерде 6 қаңтарда 40 градус аяз болады, - деп хабарлайды "Қазгидромет". Синоптиктердің мәліметінше, 6 қаңтарда түнде ШҚО-да кей жерде ауа температурасы 40 градус аязды көрсетеді. Жамбыл облысында 6-8 қаңтар аралығында, ал БҚО-да тек 6 қаңтарда тұман түседі. Сондай-ақ бүгін түнде Солтүстік Қазақстан облысының кей жерінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.