Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 6.01.2020

Қорытынды жаңалықтар 6.01.2020

Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылғы сауда жүйесінің даму қорытындылары, оның ішінде, сыртқы және ішкі сауданы кеңейту жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндалды. Ішкі сауда саласына қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев Бақыт Сұлтановқа ұлттық тауар өткізу жүйесін құру, нарықты отандық өніммен толықтыру үшін жағдай жасау және аталған сектордың орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды сапалы әрі жедел атқаруды міндеттеді. Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министріне Қазақстанның сауда-логистикалық әлеуетін нығайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

***

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңның жаңалықтарының бірі - қоғамдық кеңестер мүшелеріне мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу комиссияларының жұмысына қатысу құқығын беру . Бұл туралы брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов айтты.

***

Көкшетауда «Сайлау – 2021: аймақтық даму трендтері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында сөз алған ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы, саясаттанушы Алуа Жолдыбалина «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістер жайында, сондай-ақ алдағы сайлаудың ерекшеліктері туралы айтып берді. Спикердің айтуынша, биылғы сайлаудың үлкен ерекшеліктері бар. Оның бірі, Конституциялық мерзімде сайлаудың өтуі. Екіншісі, егер осыған дейін өткен сайлауларда мәслихат депутаттарын бір мандатты округтер бойынша сайласа, ендігі кезекте, ең алғашқы рет партиялық тізім бойынша өтеді. Ал үшіншісі енді партиялық сайлау тізіміндегі адамдардың 30 пайызы міндетті түрде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар болмақшы.

***

Батыс Қазақстан облысында 10 қаңтар күні өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауға 5 мыңдай байқаушы қатыспақ. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәлім еткеніндей, соның ішінде екі халықаралық байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы атынан Чехия мен Швециядан келмек. Облыс бойынша 170-тен астам ұйымның сайлауда байқаушы болуға құқығы бар. Санитарлық талапқа сәйкес комиссия мүшелері мен байқаушылар ПТР тест қорытындысы туралы анықтамаларын алып келуі керек. Қапақовтың сөзінше, партиялық тізім бойынша «Nur Otan» 350, «Ауыл» 40, «Ақжол» 35, «Адал» партиясы 29 кандидат ұсынды. Қазақстан халық партиясы үміткерлерін Мәжіліс сайлауына ғана қоспақшы.

***

Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры қордағы қаржыны мерзімінен бұрын мақсатты пайдалану қадамдарын түсіндірді. Мақсатты пайдалану үшін қолжетімді зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты және зейнетақы жинақтары туралы деректерді бірнеше тәсілмен алуға болады. біріншісі Қор сайты және салымшының Жеке кабинеті арқылы. Ол үшін ЖСН мен құпиясөзді енгізу қажет, немесе электрондық цифрлық қолтаңба болуы керек. Сонымен қатар, зейнетақы шотындағы қалдық, шекті сома, алуға болатын сома туралы ақпараттарды cabinet.enpf.kz/porog сайтынан алуға болады. Бұл ақпаратты алу үшін ЭСҚ кілтімен қол қою керек. Сондай-ақ Зейнетақы жинақтары туралы ақпарат egov.kz сайтында және eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді.

***

Қызылорда облысында жемқорлық жасаған 11 қылмыскер сотталды. Былтыр Қызылорда өңірінде 61 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ардақ Ерсейітов айтты. «61 сыбайлас жемқорлық қылмыстың негізгі бөлігі – парақорлық, сондай-ақ, жымқыру және алаяқтық фактілері», - дейді маман. Оның айтуынша, аяқталған қылмыстық істер бойынша залал сомасы 1 млрд теңгеден асады. Оның 94% өндірілді.

*** 

2020 жылы Қазақстанда 1 миллион 300 мыңнан астам автокөлік тіркелді. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» хабарлады. Оның ішінде 1 223 677-сі бірнеше рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны артып, 145 991-ге жетті. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 30,8 пайыз жоғары. Сонымен қатар былтыр Қазақстан аумағында 73 жеңіл электромобиль тіркелген.

*** 

Елімізде күн суытады. 7-9 қаңтар аралығында ел аумағының басым бөлігінде бұрынғыдай антициклон ықпал етеді, осыған байланысты аязды күндер сақталады. Тек батыс пен елдің солтүстік-батысында жаяу бұрқасын соғып, қар жауады. Еліміздің кей жерлерінде тұман түседі делінген хабарламада.