Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 8.01.2021

Қорытынды жаңалықтар 8.01.2021

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың қаулысымен коронавируспен ауырып жатқан науқастардың дауыс беру алгоритмі бекітілді. Аталған қаулыға сәйкес, сайлау комиссиясының мүшесі сайлаушылардан денсаулық жағдайы немесе отбасының науқас мүшесіне күтім жасау себебімен келген жері бойынша дауыс беру туралы өтінішті қабылдап, бұл мәліметті тексереді. Мұндай сайлаушыларға сайлау комиссиясының мүшелері өздері барады. Олар жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте дауыс беру пәтерге не үйге кірмей ұйымдастырылуы тиіс. Стационарлық емдеу мекемелерде құрылған сайлау учаскелерінде дауыс беруді ұйымдастыру карантиндік талаптар қатаң сақталған жағдайда өткізіледі.

***

Парламенті Мәжілісіне сайлау өтетін қаңтардың 10 - күні Ресей Федерациясының аумағында жүрген ел азаматтары үшін 5 дауыс беру учаскесі ашылады. Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің ақпаратына сәйкес, Елшіліктің Мәскеудегі ғимаратында орналасатын №265 сайлау учаскесі жергілікті уақытпен сағат 07.00 ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Мәскеуден бөлек, Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбы қаласындағы Бас консулдықтары жанында ашылатын сайлау учаскелерінде дауыс беруге болады.

***

Ал, Елордада сайлау комиссияларының 5 мүшесінен коронавирус анықталды. Айта кетейік, сайлау комиссияларының мүшелері, сенім білдірілген тұлғалар мен бақылаушылар ПТР-тестілеуден өтуі міндетті. Қалада сайлау комиссияларының 5386 өкілі сынама тапсырып, соның бесеуінің інжетке шалдыққаны белгілі болды. Елорданың сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісованың айтуынша, сайлау учаскелерінің бәрінде санитарлық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. «Сайлау процесінің барлық қатысушыларына жеке қорғаныс құралдары беріледі. Адам көп жиналмас үшін арнайы шығу орындары ұйымдастырылған. Комиссия мүшелері арнайы экранмен қорғалады. Қорғаныш әйнегі бар аймақ бақылаушылар, сенімді тұлғалар және БАҚ өкілдері үшін де қарастырылған. Дауыс беру залында әр үш сағат сайын санитарлық өңдеу жүргізіледі», — деді Бақыт Бектемісова.

***

Елімізде жемқорлық қылмысына қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов бүгін өткен онлайн брифингте осылай деді. Өткен жылы Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында пара берушілер мен делдалдардың жауапшершілігін қатаңдатуды тапсырды. Бүгінгі күні бұл тапсырмалар орындалды. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізілді. Бұған дейін ауқымды көлемде пара алып, жасаған қылмысы үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мұндай қылмыс орташа ауырлық қылмысы деп есептелетін. Енді жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұзартылды және мұндай қылмыс автоматты түрде ауыр қылмыс санатына жатқызылып, мерзімінен бұрын босатылуға шектеу қойылады, - деген Олжас Бектенов Қылмыстық кодексте жазаланушылар төлейтін айыппұл көлеміне де өзгертулер енгізілгінені жеткізді. Яғни 50 АЕК-ке дейін пара бергендердің айыппұлы екі есеге өсті. Сонымен қатар, парақорлыққа делдал болғаны үшін салынатын айыппұл шегі ұлғайтылды, - деп түсіндірде Олжас Бектенов.

***

Қазақстанда өткен бір күнде 831 адамнан коронавирус анықталды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 160 650 ге жетті. Оның 147 512 –сі жазылды. Күні кеше 723 адам індеттен емделіп шықты.   

***

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бүгінгі жағдай бойынша ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялады. Оған сәйкес, кеше, яғни 7 қаңтарда Атырау облысы «қызыл» аймақтан шыққан еді. Осылайша, «қызыл» аймақта Қазақстанның бір де бір өңірі қалмаған. «Қызыл» аймақтар бойынша бүгінгі матрица өзгеріссіз қалды. Тек «сары» аймаққа Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарымен қатар Батыс Қазақстан кірді. Қалған өңірлердің барлығы - «жасыл» аймақта.

***

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының ғимаратында ПТР тест тапсыру орталығы ашылды. «Енді елорда әуежайының жолаушылары мен қонақтары COVID-19 инфекциясына тестілеуден өте алады. ПТР сынамасының нәтижесі 12 сағаттың ішінде шығады. Ал, ИФА әдісімен антиденеге жасалған экспресс тесттің қорытындысы 15 минуттің ішінде дайын болады.

***

Сайлау күні елордада автобустар жолаушыларды тегін тасымалдайды. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы хабарлады. «10 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көлігі қалыпты жұмыс істейді. Бұл күні қалада қатынайтын бағыттарда жол жүру тегін болады. Автобустар әдеттегідей таңғы сағат 6.00-ден 23.00-ге дейін жүреді», - делінген ақпаратта.

***

Сарышұнақ аяздан кейін елімізде күн жылынады. Қазгидромет алдағы үш күнге ауа райы болжамын жариялады. Қазақстан аумағына циклон әсер ететін болады. Осыған байланысты еліміздің басым бөлігінде күн жылынып, оңтүстік өңірлерде сынап бағанасы күрт көтеріледі. Республиканың басым аймақтарында қар жауады, ал оңтүстігінде жауын-шашын болады. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болып, жел күшейеді, - деп хабарлайды синоптиктер.