Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 11.01.2021

Қорытынды жаңалықтар 11.01.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының жаңадан сайланған Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, дауыс беру нәтижесі ол ұсынған Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету және мемлекеттілігін одан әрі нығайту бағдарламасы бүкілхалықтық қолдауға ие болғанының куәсі екенін атап өтті. Қазақстан Президенті бауырлас Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты екі ел халқының мүддесіне сәйкес достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік рухында одан әрі дамыта беруге бейілді екенін нақтылады.  

***

Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының тұрақты әрі байыпты дамуға бағытталған ұмтылысын үнемі қолдап келе жатқан Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына алғыс айтты. Президенттер екіжақты байланыстардың күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылдарды арттыруға ниеттілігін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қырғыз басшысы шақыруды қабыл алып, Президент ретіндегі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтынын айтты. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысын Парламент сайлауының сәтті өтуімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа бауырлас Қырғызстан халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс тіледі.

***

Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауда саяси партиялар жинаған дауыстардың қорытындысын жария етті. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафинаның дерегінше, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 5,29, «Nur Otan» партиясы 71,9, «ADAL» саяси партиясы 6,57, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 10,95 және «Қазақстанның Халық партиясы 9,10 пайыз дауыс жинаған.

***

Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер үшін дауыс беру аяқталды. Сайлау елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Дауыс беру басталмас бұрын Ассамблея төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев XXVIII сессияны ашып, сөз сөйледі. Оған еліміздің барлық өңірлерінен республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымнан құралған ҚХА мүшелерінің делегациялары келген. Жалпы, дауыс беруге Ассамблеяның 351 мүшесі қатысқан. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та қалыс қалмады. Елбасы биыл ассамблеяға 25 жыл толатынын атап өтіп, ұйымның ширек ғасырда атқарған жұмысын қорытындылады.

***

Қазақстан халқы Ассамбелясының атынан Мәжіліске сайланатын депутаттар үшін дауыс беру рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Ассамблеядан 9 үміткер ұсынылған. Айта өтейік, 2007 жылы Ата заңға Қазақстан халқы Ассамблеясынан ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығы берілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілген еді. Соған сай биыл да дауыс беру процессі ұйымдастырылды. Сайлауға билік өкілдерінен Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин де қатысып, дауыс берді. Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы бюллетеньдерді санап, қорытындысын шығарды. Оған сәйкес, 9 үміткердің барлығы қажетті дауысты жинағаны белгілі болды.

***

Алматы әкімдігі жекеменшік балабақшаларда балаларды тамақтандыруға төлейтін ата-аналардың шығындарын өтейтін болды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлім етті. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен балабақшалардағы кезекті едәуір төмендету мақсатында жергілікті бюджеттен мемлекеттік білім беру тапсырысы бар жеке балабақшалардағы тәрбиеленушінің жасына қарамастан тамақтануға жұмсалатын шығындардың 100% - ын өтеу жоспарда. Субсидия сомасы 18 900 теңге. «Бұл жұмыс жеке сектормен талқыланды. Қазіргі уақытта үкіметтік емес ұйымдар және жеке сектормен келісім бойынша өлшемдер әзірленді. Өтінімдерді қабылдау ақпан айының басында басталады. Қаражат өтінімдердің түсуіне байланысты анықталады. Қанша орын анықталса, сонша орынға қаржы бөлінеді», - деді Ләззат Жылқыбаева. Қазіргі уақытта 397 жекеменшік балабақшада мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Бұл бір балаға айына 28 мың теңге. Сонымен қатар, тамақтану үшін 18 900 теңге қосымша субсидия тек қосымша орындар үшін берілетін болады.

***

Еліміздегі кинотеатрлар қайта жабылуы мүмкін. Отандық кинотеатрлар қанатын кеңге жаймастан, тағы 3-5 айға есігін жабуға мәжбүр. Биылғы Жаңа жыл мерекесі сала үшін әдеттегідей табысты болған жоқ. Репертуар бай емес, көрермен саны да бұрынғыдан анағұрлым аз. Киногерлер де өнімін жарыққа шығаруға асығар емес. Кіріс түспей қала ма деп қорқады. Биыл 15-ке тарта отандық фильм түсірілген екен. Шетелдік туындылар да күзде ғана көпшілікке ұсынылмақ. Қазақстан кинотеатрлар иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудинаның айтуынша, кинозалдағы көрермен санын 50 процентке жеткізсе, премьералар да көбейер еді. Қазір елдегі кинотеатрлардың 70 проценті ғана жұмыс істеп тұр. Қалғаны нарықтан мүлде кеткен.