Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 14.01.2021

Қорытынды жаңалықтар 14.01.2021

Бүгін Мәжілісте парламенттік көпшілік және парламенттік оппозицияға кіретін саяси партиялардың фракциялары басшыларының кеңесі өтті. «Парламенттік оппозиция» ұғымы қолданыстағы заңнамамен бекітіліп, оның құрамына кіруге Мәжіліске өткен партиялардың мүмкіндігі бар. Ол үшін Палатада тіркелу кезінде партия өзінің парламенттік оппозицияға қатыстылығын мәлімдеуі тиіс. Дауыс беру нәтижесінде және Мәжіліске берілген хабарламаларға сәйкес, VII шақырылымда парламенттік оппозицияға «Ақ жол» Демократиялық партиясы және Қазақстан халық партиясының депутаттары кірді. Сонымен қатар, парламенттік оппозиция Мәжілістегі тұрақты комитетті басқарып, өз депутаттарының арасынан екі тұрақты комитет хатшыларын ұсынуға құқы бар.

***

Бүгін «Nur Otan» партиясы фракциясының басшысы Нұрлан Нығматулин, «Ақ жол» фракциясының басшысы Азат Перуашев және Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров кеңес өткізді. Жиында парламенттік оппозиция мүшесінен төраға мен хатшылар сайланатын тұрақты комитеттер анықталды. Кеңес қорытындысы бойынша Мәжіліс комитеті анықтайтын фракция жетекшілерінің бірлескен шешімі шығарылады.

***

«Nur Otan» барлық 216 аумақтық мәслихаттарға тізімдер ұсынды. Бұл туралы Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтты. «Жергілікті өкілді органдарға сайлау қорытындысы бойынша партияға орта есеппен сайлаушылардың 82,4%-ті дауыс берді. Осылайша, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 3 276 орыннан - нұротандықтар 2 701 мандат алды. Жалпы, мәслихаттардағы біздің фракциялардың құрамы 65%-ке жаңарды. Партияның депутаттық корпусы 6 жылға жасарды, бүгінде халық қалаулыларының орташа жасы 45 жас. Nur Otan»-нан сайланған барлық депутаттардың үштен бірі – әйелдер, 23% – 35 жасқа дейінгі жастар», - деп жазды Б. Байбек желідегі парақшасында.

***

Білім беру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген жаңа түзетулер жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейін де қамтыды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. «Енді жоғары оқу орындарында оқу жетістіктерін сырттай бағалау процедурасы жүргізілмейді. Жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілген және олар оқу бағдарламаларын өз бетінше әзірлейді.», - деп жазды министр. Оның айтуынша, білім алғанын растайтын өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына, оларды есепке алу және беру тәртібіне қойылатын талаптар да заң негізінде айқындалды. « Яғни, енді әр жоғары оқу орнында берілетін дипломдардың барлығы біркелкі болмайды. Әр оқу орны жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайды. Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді», - деді Асхат Аймағамбетов.

***

Алматыда 2000-нан астам әлеуметтік қызметкердің жалақысы 50%-ға көбейді. Олардың арасында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау жүйелерінің қызметкерлері, «Қамқор» әлеуметтік үйінің, «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметкерлері, «Шапағат», «Сенім» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, «Жан-Сая» дағдарыс орталығы, Алматы қ. Жұмыспен қамту орталығы, сондай-ақ аудандық әкімдіктер мен аудандық әлеуметтік әл-ауқат бөлімдерінің әлеуметтік қызметкерлері бар. Бұл ретте, 2022 жылы осы қызметкерлердің лауазымдық жалақылары ағымдағы мәннен 25%-ға тағы өседі.

***

Оралда балабақшалардың біріндегі кезекші топ карантинге жабылды. Онда барып жүрген 4 жасар балада коронавирус анықталды деп жазады 24 кз сайты. Мамандардың мәліметінше, ол вирусты отбасы мүшелерінен жұқтырған. Кезекші топтағы 13 бөбек, тәрбиеші және оның көмекшісі үйге оқшауланды. Енді әрқайсысынан медициналық сынама алынады. Ал балабақшадағы қалған кезекші топтар жұмысын жалғастыра береді. Облыста эпидахуал тұрақсыз. Жыл басталғалы бері 531 адам коронавирус жұқтырды. Олардың 28-і – 14 жасқа дейінгі бала.

***

Қостанай облысының полиция департаменті тұрғындарды интернет-алаяқтардан абай болу керектігін ескертті. Қостанай облысы криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Олжас Мағыпаровтың айтуынша, былтыр интернет-алаяқтықтың 798 фактісі тергелді. Қылмыстың ең көп таралған түрі – онлайн несие беру. Бұл жағдайда алаяқтар жалған жолмен азаматтардың дербес деректерін алады немесе онлайн-қарыздарды рәсімдеу үшін жоғалған құжаттарды пайдаланады. Облыстық полиция департамент мамандары банк картасының фотосын бейтаныс адамдарға жібермеуге, абоненттік нөміріңізге келіп түскен смс-кодты үшінші тұлғаға айтпауға шақырады.

***

Батыс Қазақстан облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық жол жабылды. Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолында барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс шектелді. Сонымен қатар «Қазгидромет» бірнеше облыста ауа райына байланысты ескерту жариялады. Ертең Қостанай, Түркістан облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын, тұман болады. Атырау, Маңғыстау, Жамбыл облысының кей жерлерінде көктайғақ, Ақтөбе облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын болады.