Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 26.01.2021

Қорытынды жаңалықтар 26.01.2021

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда. Құжат мәтіні баспасөзде жарияланады. 

***

Пандемия салдарынан еліміздегі кәсіпорындардың көрсеткіші төмендеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Осыған байланысты Президент Үкіметке шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жөнінде тапсырма берді.

***

Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталады. Осыған орай Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. «Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деп атап өтті Президент.

***

Сондай-ақ Үкіметтегі жиында Президент халыққа берілетін шағын несиелердің ставкасы 6 пайыздан аспауы тиіс деп атқамінерлерге тапсырма жүктеді.

***

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны салдыратынын айтты. Індет ілмегінен шығудың жолы екпе егуге байланысты екеніне тоқталған Мемлекет басшысы, «Вакцинацияны сапалы өткізу үшін барлық жағдайды жасау керек. Үкіметке әкімдермен бірлесе толыққанды дайындықты қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан жаппай вакциналауға кірісуді тапсырамын», - деді.

***

Ұлттық бірыңғай тестілеу толықтай электронды форматқа ауыстырылады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді. Бұған дейін елімізде ҰБТ басталғанын хабарлаған болатынбыз. Ол 5 ақпанға дейін жалғасады. Республика бойынша барлығы 143 тестілеу өткізу пунктінде 1 230 аудитория жұмыс істеуде. Карантинге байланысты түлектер тестілеуді 15 лек бойынша тапсырады.

***

Түркістан облысында коронавирусқа қарсы вакцинаны инфекциялық госпиталдің қызметкерлері алғашқы болып салдырмақ. Бірақ ең алдымен өңірдің бас-санитар дәрігері мен қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы екпені бірінші болып жасатпақ. Аймақта індетті жұқтырғандардың саны күн санап артып келеді. Осы айда 327 адамнан қауіпті індеттің белгілері анықталған. Әсіресе Созақ пен Сайрам және Мақтаарал аудандарында аурудың таралуы жиілеп тұр. Ал Атырау облысында вакцина салу үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 22 емдеу мекемесінде орын дайындалды. Оның ішінде 15 мемлекеттік ұйым бар. Емханалар вакцина салуды тұрғындардың санына қарай ерікті түрде бастайды.

***

Енді елордада «Қазақ радиосы» деп аталатын көше бар. Бүгіннен бастап бас шаһарда бірқатар көшенің атауы өзгерді. Қала әкімдігінің «Нұр-Сұлтан қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы» жоспары шаһар әкімдігінің ресми сайтында жарияланды. Достық көшесінен басталып, Дінмұхамед Қонаев көшесіне дейін жалғасатын «Қазмедиа орталығы» ғимаратының алдында орналасқан атаусыз көшеге – Қазақ радиосы көшесі атауы берілді.