Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 1.02.2021

Қорытынды жаңалықтар 1.02.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Заңына қол қойды. Құжат қолданыстағы заңдардан Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралының тіркеу туралы куәлігін өзімен бірге алып жүруді міндеттейтін норманы алып тастауды көздейді. Полиция қызметкері тоқтатқан жағдайда жүргізуші тек жеке куәлігін ғана көрсетсе жеткізікті. Осы арқылы жол сақшылары планшеттің көмегімен қалған құжаттарды өзі тексеретін болады. Сонымен қатар, қолында жүргізуші куәлігі мен көлік құралының тіркеу туралы куәлігі жоқ болғаны үшін әкімшілік жауапкершілік те жойылды.

*****

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінің сәтті өткенін атап өтіп, Садыр Жапаровты Қырғыз Республикасының Президенті болып сайлануымен тағы бір мәрте құттықтап, бауырлас қырғыз халқының өркендеуі мен игілігі жолындағы жауапты қызметіне сәттілік тіледі. Тараптар достыққа, тату көршілікке және стратегиялық әріптестікке құрылған қазақ-қырғыз қатынастарының беріктігін нақтылап, екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру мақсатында бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын екендерін растады.

*****

Бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы ерікті түрде вакциналау басталды. Бастапқы препарат ретінде елімізге Ресей Федерациясында өндірілген «Sputnik V» екпесінің 22 мың дозасы жеткізілді. Ал, 15 ақпаннан бастап, бұл процеске Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. Жалпы, ақпан айында вакцинаның 112 мың дозасы, наурызда - 150 мың, сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың доза әкелу көзделуде. Сондай-ақ, сәуір айынан бастап 75 мың доза көлемінде QazCovid-in отандық вакцинасы салынады деп жоспарлануда, ай сайын оның көлемі 500 мың дозаға көбейеді.

Екпені тек Қазақстан Республикасының ересек азаматтары ала алады. Ел бойынша осы жұмысты жүргізу үшін 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Осы жылдың соңына дейін жалғасатын вакцинациялау науқанымен 6 миллионға жуық адам қамтылмақ.

*****

 Алдағы бір айда елордада 6300- ге жуық денсаулық сақтау саласының өкіліне вакцина салынады. Жалпы, COVID-19 қарсы екпе жұмыстарын жүргізу үшін 150 медицина қызметкері оқытылған. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов алғашқы кезеңде қай емханаларда вакцинациялау жүргізілетінін айтты.

*****

Алматыға "Спутник V" вакцинасының алғашқы 2050 дозасы жеткізілді. Бүгін таңертең екпе қаланың сегіз ауданындағы ауруханаларға бөлінді. Қазірге дейін препарат 200-ден астам медицина және санитария қызметкеріне салынды. Екінші кезеңде тағы 45 мың қызметкер қамтылмақ. Жалпы Алматы қаласына 150 мың доза жеткізу көзделген. Вакцинациялау жұмыстарымен 144 медициналық маман айналысуда. Қалада 40 екпе салатын бөлме дайындалғанымен, қазір оның 16-сы ғана жұмыс істеп тұр.

*****

Түркістан облысында да коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Бұл аймаққа Ресейде өндірілген Sputnik V екпесінің бірінші партиясы 1300 доза мөлшерінде жеткізіліп, барлық аудандарға таратылды. Облыста вакцинация осы жылдың соңына дейін жалғасады, оған 950 мың адам қатысады деп жоспарлануда.

*****

Еліміздің басқа өңірлері сияқты Батыс Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары басталды. Аймақтық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, өңірге 1 мың доза «Спутник V» вакцинасы жеткізілді. Екпе жұмыстары 6 егу кабинеттерінде жұргізіледі. Вакцина алған адам жарты сағат бақылауда болып, үйіне жіберіледі. Оның халін үш күн бойы медицина қызметкерлері хабарласып, біліп отырады. 21-інші күні екпені сол адам қайта алады. Бұл жолы препараттың дозасы күштірек болады. Сөйтіп коронавирусқа қарсы антидене қалыптасады,-дейді Арман Қалибеков. Алдын ала мәлімет бойынша БҚО-на вакцинаның келесі партиясы 10 ақпанға қарай жеткізіледі.

*****

Ақтөбе облысында коронавирусқа қарсы 1 мың доза вакцина жеткізілді. Кейін препарат қаланың 8 емханасына бөлінді. Қазір ауруханлардағы «қызыл» аймақта 960 медицина қызметкері жұмыс істейді. Бірінші сол мамандар екпе қабылдайды. Ақмола өңірінде вакцина салу жұмысы 24 пункте жүргізіледі. Қалған партия жеткізілген кезде басқа егу кабинеттері мен көшпелі бригадаларды іске қосу жоспарлануда. Бұл жұмысты жүргізу үшін өңірде 1104 медицина қызметкері арнайы дайындықтан өтті. Қостанай аймағына вакцинаның 1200 данасы жеткізілді. Мұнда екпе жүргізуге барлығы 31 медициналық мекеме жұмылдырылады.

*****

Шығысқазақстандық дәрігерлер де алғашқылардың бірі болып екпе алды. Аймақтың медицина мамандары препаратты қабылдап қана қоймай, Instagram әлеуметтік желісінде жаңа челлендж бастады. Осы арқылы олар қазақстандықтарды өз денсаулығына қамқорлықпен қарауға және егу науқанына қатысуға шақыруда.

*****

Бүгінгі мәлімет бойынша, зейнетақы қорындағы жеткілікті деңгейінен асқан қаражатты 8 693 қазақстандық алды. Еске сала кетейік, Отбасы банкі біржолғы зейнетақы төлемдерін мақсатты пайдалануға арналған өтінімдерді 2 жұмыс күні ішінде қарайды, ал БЖЗҚ қаражатты өтініш берушінің арнайы шотына 5 жұмыс күні ішінде аударады. Ақша түскеннен кейін жеке кабинеттегі ақпарат жаңартылады және 45 күн ішінде құжаттарды жүктеп, тізімнен банкті таңдау мүмкіндігі пайда болады. enpf-otbasy.kz жеке кабинеті арқылы жүктелген файлдар мақұлдағаннан кейін қабылдаушы тарапқа: сатушыға/банкке/ипотекалық ұйымға 10 жұмыс күні ішінде, көрсетілген деректемелерге қаражат аударылады. Отбасы банкі алғашқы төлемдерді алған қазақстандықтарды құттықтап, қаражатты қолдануда сәттілік тіледі.