Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 03.02.2021

Қорытынды жаңалықтар 03.02.2021
  • Елордада 300-ге жуық медицина қызметкері екпе салдырды. 
  • Қазақстанда 540 мың азамат баспана алу кезегінде тұр. 
  • Әлем бойынша 104 млн-нан астам адам коронавируске қарсы вакцина салдырды. 
  • Финляндияда өтетін әлем чемпионатының билеттері күзде сатылады. 
  • Мүгедек жандардың түйіткілді мәселелері талқыланды. 
  • Пандемия басталғалы бері 896 қазақстандық оқушы коронавирус жұқтырған.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Мемлекет басшысына биылғы қаңтар айындағы ақша-кредит саясатын іске асырудың алдын ала қорытындысы, Ұлттық қордың алтын-валюта резервтері мен активтерінің жай-күйі туралы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлемдік экономиканың қалпына қайта келу үрдістері, инфляция мен валюта айырбастау бағамының қазіргі жағдайы жайында ақпарат берілді. Сондай-ақ Ерболат Досаев Мемлекет басшысының Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты. Президент кездесу қорытындысы бойынша Ұлттық банк басшысына бірқатар тапсырма берді. 

*****

Еліміз бойынша баспана алу кезегінде 540 мың азамат тұр. Әлеуметтік тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары болғанымен, бұл тізім қысқарар емес. Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева палата отырысында осылай деп мәлімдеді. Сол себепті тұрғын үй бағдарламаларының шарттарына өзгеріс енгізуді ұсынды. Депутат әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған халыққа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына кірісін растамай-ақ қатысуға рұқсат беруді сұрады. «Сондай-ақ қазақстандықтарға «Шанырақ» бағдарламасы бойынша жаңа пәтер ғана емес, қолданыстағы үйді сатып алу мүмкіндігін беру керек», - деді Мәжіліс депутаты. 

*****

Бүгін мүгедек жандардың түйткілді мәселелері талқыланды. Бейресми форматта онлайн өткен жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов қатысты. Іс-шараға 30-дан астам адам қатысты, олардың ішінде мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің басшылары және өңір әкімдерінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілері бар. Министр жиынға қатысушылардың ұсыныстарын тыңдады. Бірнеше сағат ішінде іс-шараға қатысушылар әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы, жұмысқа орналасу, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету, мүгедектігі бар балаларды оңалту, инватакси және жеке көмекшілер қызметтерін ұсыну, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету, оқыту және спортпен айналысу сияқты мәселелерді көтерді. Министр айтылған мәселелерді шешуге уәде берді.

*****

Ресейлік «Спутник V» вакцинасынан кейін иммунитет кемінде 2 жыл сақталады. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты. «Күні кеше ғана әлемдегі жетекші медициналық журналдардың бірі Lancet «Спутник V» вакцинасының SARS-CoV-2 коронавирусты жұқтыруға қарсы тиімділігі 91,6 пайыз екенін жариялады.  

Пандемия басталғалы бері 896 қазақстандық оқушы коронавирус жұқтырған. Бұл туралы ОКҚ-де өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша, коронавирустан емделіп шыққан азаматтардың індетті қайта жұқтыру жағдайлары кездеседі. Мұндай деректер Қарағанды және Павлодар облыстарында тіркелген. 

*****

Вакциналау шарасының екі күнінде елордадағы 286 медицина қызметкері коронавирусқа қарсы екпе алды, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл тізімде жұқпалы аурулар ауруханасы мен жедел жәрдем қызметкерлері бар. Олар коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары тәуекел тобына кіреді. Мамандардың айтуынша, вакцина салынғаннан кейін кері әсері байқалмаған. Алматы қаласында көрсеткіш бұдан бірнеше есе жоғары. Онда 1 мыңға жуық медицина қызметкері вакцина алды. 

*****

Әлемде коронавирус жұқтырғандарға қарағанда екпе алғандар саны өсіп келеді. Блумберг агенттігінің хабарлауынша, пандемия басталғалы 103 миллион 800 мың адам коронавирус жұқтырған. Ал екпе салдырғандар саны 104 миллионнан асады. Бүгінде вакциналау әлемнің 66 елінде жүргізіліп жатыр. Күн сайын препараттың 4 миллионнан аса дозасы салынады. Вакциналау қарқыны бойынша АҚШ, Қытай, Еуроодақ елдері, Ұлыбритания, Израиль, Үндістан мен Біріккен Араб Әмірліктері алда келеді. Жалпы, коронавирусқа қарсы екпе егуге арналған халықаралық бағдарлама бар. Қытай тарапы оған 10 миллион доза беретінін айтты. Оның көбі дамушы елдердің қажеттіліктеріне жұмсалады. 

*****

Шайбалы хоккейден 2022 жылы Финляндияда өтетін әлем чемпионатының билеттері күзде сатылымға шығады. Бұл туралы Халықаралық хоккей федерациясы хабарлады. Билеттер сатылымға түсетін нақты мерзім турнирдің жарыс кестесі бекітілген соң белгілі болады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бірнеше ойынға жарайтын билеттерді сатып алу мүмкіндігі ұлғаяды. Бұдан бұрын Финляндия құрамасының ойындарына арналған VIP санатты билеттер сатылымы басталған. Хоккейден 2022 жылғы әлем чемпионаты 13-29 мамыр күндері Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында өтеді.