Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 04.02.2021

Қорытынды жаңалықтар 04.02.2021


Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда. Президентке Қарулы Күштердің қазіргі жағдайы мен әскери дайындығын арттыру шаралары туралы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан армиясының заманауи қару-жарақтармен және техникамен жабдықталуы, инфрақұрылымдық дамуы, цифрландырылуы, ақпараттық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі және бітімгершілік бөлімдердің дайындығы жөнінде мәлімет берілді. Нұрлан Ермекбаев дамыған мемлекеттер армиясының құрылымына жасалған талдау жұмыстарын ескере отырып, Қорғаныс министрлігі «Армияны жаңғырту» жобасын ұсынатынын хабарлады. Ұлттық жобаның жүзеге асырылуы армияның әскери әлеуетін арттыруға, белгілі бір дәрежеде әлеуметтік-экономикалық тиімділігін қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді. Министр Жоғарғы Бас қолбасшының Әскери мақсатқа арналған ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның бірыңғай операторын құру жайында берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы есеп берді. Бірыңғай оператор әскерді, ресурстарды басқарудың автоматтандырылған жүйесінің үздіксіз әрі орнықты жұмыс істеуін, сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келетін ақпараттық жүйе мен әскери мақсатқа арналған бірыңғай транспорттық ортаны қамтамасыз етеді.
*****
Мемлекет басшысы Мəдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Президентке мəдениет, спорт, туризм, архив, кинематография салаларында атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді. Сонымен қатар биыл өтетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын және өзге де атаулы мерейтойлық даталарды атап өтуге байланысты жасалатын жұмыстардың жайы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шəкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жұмысы, «Кинематография туралы» Заңға енгізілетін толықтырулар жөнінде айтылды. Мәдениет және спорт министрі Мемлекет басшысына Токио Олимпиадасына дайындық жұмысы, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізу бойынша мəлімет берді.
*****
Ақтоты Райымқұлова пандемия кезінде ішкі туризмге сұраныстың арта түскенін жеткізді. Саланы ынталандырудың тиімді тетіктерінің бірі – балалардың демалыс орындарына ұшақпен баруын субсидиялау екенін, осыған қатысты тиісті түзету «Туризм қызметі туралы» Заң жобасына енгізіліп, республикалық бюджеттік комиссия тарапынан қолдау тапқанын атап өтті. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтоты Райымқұловаға идеологиялық, тәрбиелік маңызы зор жұмыстарды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, цифрландыру бойынша қолға алынған бастамаларды сапалы жалғастыру, министрліктің онлайн жобаларын жандандыру жөнінде тапсырма берді.
*****
Cенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа енгізілетін жаңа нормалар ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың ашықтығын көздейді. Елімізде қазір 20 мыңнан астам ғылыми қызметкер бар. Соңғы 2 жылда отандық ғылым саласын қаржыландыру көлемі артты. Мәселен, былтыр 2019 жылғы кезеңмен салыстырғанда 42%-ке ұлғайған. Жыл сайын 50-ге жуық ғалым «Үздік ғылыми қызметкер» атанады. Докторантура бойынша жылына 2 мың грант мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Болашақта отандық ғылыми зерттеу жұмыстарының шет тілдеріне аударылып, жариялануына мән беріледі. Плагиатқа жол бермеу және авторлық құқықты қорғау талаптары да қатаңдатылады.
*****
Шығыс Қазақстанда жүк көлігі мен жедел жәрдем көлігі соқтығысып, 2 адам көз жұмды. Жол апаты Өскемен-Семей тасжолында болған. 42 және 49 жастағы медицина қызметкерлері Үржар аудандық ауруханасында жұмыс істеген. Олар жедел жәрдем көлігімен Семейге науқасты жеткізіп, кері қайтып бара жатқан. Қайтыс болған дәрігердің бірінің соңында 3 баласы, екіншісінің 2 баласы қалды.
*****
Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктің 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. «Қазіргі уақытта Қазақстанда жетекші онкологиялық қауымдастықтардың халықаралық хаттамаларына сәйкес келетін онкологиялық ауруларды емдеудің қазіргі заманғы түрлері жүргізілуде. Таргетті терапия, иммунотерапия және гендік инженерия әдістері белсенді қолданылады. Барлық химиотерапиялық және таргеттік препараттар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қамтамасыз етіледі. 2010 жылдан бастап сүйек кемігін трансплантациялау жүргізілуде. 2012 жылы Қазақстанда онкопсихологтардың жеке кәсіби қызметі пайда болды»,- дейді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Диляра Қайдарова. Оның айтуынша, скринингке жыл сайын шамамен 4 млрд теңге бөлінеді. «Қазір адамдар медициналық тексеруден қорқады. Сондықтан аурулары асқынып кетеді. Бізде 5 жылға арналған кешенді жоспар бар, оған 35 млрд-тан астам теңге бөлінді. Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктің 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Бүгінгі күні диспансерілік есепте 190 мың адам тұр. Жылына осы қатерлі дерттен 14 мыңанан астам адам қайтыс болады»,-дейді бас онколог.
*****
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Сыртқы істер министрлігі бірлесе отырып АҚШ және өзге де халықаралық серіктестердің қолдауымен Сириядан бір топ қазақстандық азаматтарды елге қайтару операциясын өткізді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Топ құрамында 4 ер адам, 1 әйел және 2 жетім баланы қосқанда 7 бала болды. Ұлттық заңнамаға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес, террористік іс-әрекетке қатысқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жетім балалар жақын туыстарының қамқорлығына беріледі және мемлекет тарапынан оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Әйелдер мен балалар оңалту және қайта әлеуметтендіру бағдарламаларымен қамтамасыз етіледі.
*****
Ауа райының бұзылуына байланысты еліміздің бірнеше аймағында автокөлік жолдары жабылды. Бұрқасын мен көктайғаққа байланысты Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облысында көлік қозғалысына шектеу еңгізілді. Көп жерде кеше кешке басталған боран әлі басылған жоқ. Мысалы, өткен түннен бері Шығыс өңіріне 30 сантиметрге жуық қар түскен. Осының салдарынан бүгін таңертең Өскемен қаласында қозғалыс қиындады. Қоғамдық көліктер кестеден кешікті. Қарды шығаруға қаланың коммуналдық кәсіпорнының ғана емес, жеке мекемелердің де техникасы тартылды.