Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 08.02.20201

Қорытынды жаңалықтар 08.02.20201

Президент Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорда. Мемлекет басшысына Қазақстан қаржы нарығының былтырғы даму қорытындылары және Агенттіктің биылға арналған жұмысының негізгі басымдықтары туралы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2020 жылдың қорытындысы бойынша экономиканы кредиттеудің 5,5 пайызға ұлғайып, 14,6 триллион теңгеге жеткені жайында айтылды. Дағдарысқа қарамастан, шағын және орта бизнеске берілетін кредиттер, оның ішінде, бизнеске қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламаларын кеңейту арқылы 7,1 пайызға, яғни 4,2 триллион теңгеге дейін өскен. Президенттің тапсырмасы бойынша экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің барлық кредиттерін жылына 6 пайызға дейін субсидиялау тетігі іске асырылды.

*****

Сақтандыру және қор нарығын одан әрі дамыту мақсатында кешенді заң жобасы әзірленді. Қасым-Жомарт Тоқаев банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән берді. Агенттік Төрағасы жекелеген банктердің жұмысын қайта жандандыру жөнінде қабылданған шаралар және AQR нәтижелері бойынша қадағалау жоспарларын іске асыру туралы айтты. 2020 жылы банк жүйесі бойынша борышкерлік деңгейі 8,1 пайыздан 6,8 пайызға дейін төмендеді. Тәуекелге бағдарланған қадағалау аясында 2021 жылдан бастап банк секторы активтерінің сапасын бағалау (AQR) және стресс-тесттен өткізу қадағалау процесінің ажырамас бөлігі болады. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттікке қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді, қаржы нарығының барлық секторында тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесін енгізуді, қаржылық қызмет көрсету барысында тұтынушылар құқығын қорғауды, сондай-ақ, қор нарығын дамытуды міндеттеді. Мемлекет басшысы дағдарыс салдарын еңсеру үшін экономиканы кредиттеудің маңызына назар аударды.

*****

Ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, қар аралас жаңбыр, қарлы боран) ТЖ министрлігінде, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстары ТЖ департаменттерінде «Жедел байланыс желісі» ашылды. ТЖМ: 717 2 53 32 84 Ақмола облысы ТЖД: 8 716 2 55 14 84 Қарағанды облысы ТЖД: 8 721 2 51 72 23 Павлодар облысы ТЖД: 8 718 2 20 11 12. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады. ТЖМ және ТЖД дағдарыс орталығында жедел әрекет ету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру үшін жедел штаб құрылды. Ақмола облысы ТЖД және Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД «112» пультіне тұрғындардан ақпараттық сипаттағы 5500-ге жуық қоңырау келіп түсті, олар белгіленген тәртіппен пысықталды. «Азаматтарды ауа райының өзгерістерін бақылауға шақырамыз. Дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдап, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар. Қыс маусымында көлікпен алыс жолдарға шықпас бұрын ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеген жөн. Егер қатты боран, бұрқасын болса, жол кептелісінде ұзақ тұрып қалуыңыз мүмкін. Тіпті жол-көлік оқиғасына да тап болуыңыз ықтимал. Егер қандай да бір елді мекенге шұғыл баруыңыз керек болса, діттеген жеріңізге кедергісіз жету үшін теміржол көлігін пайдалануға кеңес береміз», - делінген хабарламада. Қыста жолға шығар алдында: Мұқият ауа райы болжамын зерделеңіз; Қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз. Ақпаратты «Қазавтожол» ҰК сайтында толығымен жабық учаскелердің картасын көруге болады. Не болмаса бірыңғай телефон нөмірі 1403 немесе құтқару қызметінің «112» телефон нөмірі, сондай-ақ «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы нақтылауға болады. «112» қызметіне дауылды ескерту алған жағдайда елді мекендерден және жолға шығудан бас тарта тұру қажет.

*****

Қазгидрометтің болжамына сай, алдағы үш күнде елдің басым бөлігінде 30 градусқа дейін аяз болуы мүмкін. Шығыс жақта температура -33 градусқа дейін төмендесе, Батыста қар мен жаңбыр жауып, арты көктайғақ пен тұманға ұласуы мүмкін.

*****

Жамбыл облысында темір жолда болған апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Өткен сенбіде Қордай ауданындағы Отар станциясында жүк пойызының 10 платформасы рельстен шығып кеткен болатын. Апаттан зардап шеккендер жоқ. Бірақ бірнеше бағыттағы жолаушы пойыздары тұрып қалған. Қазір теміржолда қозғалыс қайта қалпына келді.

*****

Күн күрт жылынса, Шығыс Қазақстан облысында 5 ауданды су басуы мүмкін. Бұл Катон-Қарағай, Алтай, Көкпекті, Шемонайха және Риддер секілді таулы өңірлер. Бір ғана Алтай ауданында Бұқтырма өзенін жағалай қоныстанған 10-нан аса ауыл бар. 2 жыл бұрын осы ауылдардың көбін су басқан. Себебі Бұқтырманың бір сағасы кейбір елді мекендерді көктей өтеді. Ал оның арнасы кеңейтіліп, табаны тазартылмағалы талай жыл болды. Сондықтан биыл ауданда тасқынға тосқауыл қою жұмыстары ерте басталды. 5-6 ауылда арық-атыз тазаланып, мұз ойылып жатыр. Қар еріген кезде су жайылуы мүмкін кей өзендердің жағасын биіктету жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінге дейін ауданда 8 мың тоннаға жуық инертті материал дайындалған. Ал көктемге қарай Бұқтырма өзеніндегі мұзды жару жұмыстары қолға алынады.

*****

Елордада 1 апта ішінде 719 медицина қызметкері вакцина қабылдады. Жоспар бойынша 900-ден аса адамға екпе салынуы тиіс еді. Олардың бесеуі өз еркімен бас тартса, қалғанына денсаулығына байланысты рұқсат берілмеген. Вакцина салдыру қаладағы 5 емханада жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта тағы 36 медициналық ұйымда санитарлық нормаларға сай ем-шара бөлмелері ашылады. Бүгінде қоймада коронавирусқа қарсы вакцинаның 1500-ден аса дозасы бар. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді. Айта кетейік, ақпан айында 2030 медицина қызметкеріне екпе егу жоспарланып отыр.

*****

Ертең қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы Музыкалық жас көрермен театры қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнап ақпанның 9, 10, 11 күндері «Ғашық-жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынады. Қойылымның қоюшы-режиссері – Аман Ғұмаров. «Ғашық-жүрек» спектаклі автордың ой-арманынан, жан сарайынан, ішкі танымы мен толғанысынан туған өлең-жырлары мен әндеріне құрылған сахналық қойылым.

*****

Сонымен бірге, Отан-Ана мен Табиғат-Ананың болмыс-бітімін арқау еткен махаббат пен ғадауат, ғашықтық пен достық, жақсылық пен жалғандық секілді сан қырлы тақырыптарды суреткерлікпен жырлай білген тұлғаның өмір хақындағы ой-толғамы іспеттес. Қойылымда Мұқағали Мақатаевтың бейнесін театр актері Қазбек Есқара, ал ақиық ақынның досы Шәмілдің бейнесін театр актерлері Ерназар Жаңатілек және Асқар Жұмабеков сомдайды. Қойылым Нұр-Сұлтан қалаындағы Музыкалық жас көрермен театрының ғимаратында 9, 10, 11 ақпан күндері сағат 19:00-да басталады