Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 18.02.2021

Қорытынды жаңалықтар 18.02.2021
  • «102» мобильді қосымшасы: полиция жұмысына қандай пайдасы бар?
  • Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға арналған мамандықтар тізімі бекітілді.
  • Қарағанды қаласында «Спутник V» вакцинасының өндірісі іске қосылды.
  • Қостанай облысында тасжолдарда 23 жылыту бекеті ашылды.
  • Мемлекет басшысы: Тәуелсіздік тойында ысырапқа жол бермеу керек.
  • Еліміздің тоғыз өңірінде дауылды ескерту жарияланды.
  • «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады.

 

Қарағанды қаласында «Спутник V» вакцинасының өндірісі іске қосылды. Қазақстан мен Ресей үкіметтері аталған вакцинаны елге жеткізу туралы келісімге келді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің телефон арқылы сөйлесуінде айтылды. Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастық пен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Биыл Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу туралы келісім жасалды. Ал оны өткізу формасына қатысты нақты шешім эпидемиялық жағдайға байланысты қабылданады», - деді Қазақстан Президенті. 

*****

Мемлекет басшысы елордаға жұмыс сапарымен келген Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловті қабылдады. Кездесуде министр Президентке Өзбекстан көшбасшысының Ташкент қаласында «Орталық Азия және Оңтүстік Азия: өңірлік өзара байланыстар. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты халықаралық конференция өткізу туралы бастамасына қолдау білдіру туралы өтінішін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы берік достық пен тату көршілікке негізделген стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы және оны әрі қарай нығайтудың перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі күрделі жағдайға және пандемияға қарамастан екі елдің қарым-қатынастары жоғары деңгейде екенін, қазіргі сын-қатерлерге орнықты төтеп беріп отырғанын айтты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевқа зор денсаулық және бақ-береке тілеген сәлемін жолдап, Өзбекстан Президентін эпидемиялық ахуал жақсарғаннан кейін Қазақстанға сапармен келуге шақырды. 

*****

Елімізде әрбір заң халықтың талқысына түседі. Сенат осындай заң жобасын қабылдады. Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, аталған құжат заңдарды әзірлеу, қабылдау және қоғамдық талқылаулар өткізу рәсімдерін реттейді. Жаңа ережелер бойынша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келетін заң шығару қызметі енгізіледі. Құжатта проблемалар мен оны шешу жолдары көрсетіледі. Министрдің айтуынша, әрбір заң жобасын кеңінен талқылап, түсіндіру жұмысы қатар жүреді. Сондай-ақ заң жобаларын дайындаған кезде ғылыми құқықтық сараптама жасалып, мамандар пікірі ескеріліп, қабылданған заңдардың тиімділігін анықтау жұмысы жүргізіледі.

*****

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мемлекет басшысы ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін, әрбір іс-шара елге пайда әкелетін нақты қадамдармен байланысты болуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты, мерекелеуге идеологиялық тұрғыдан келуіміз керек. Мерейтойлық іс-шараларды мәдениет, архив, спорт және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағыттағанымыз жөн. Жоспардың іс-шаралары ұлттық мәдениетті ілгерілетуге, салт-дәстүрді жандандыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталуы тиіс», - деді Ақтоты Райымқұлова министрліктің алқа мәжілісінде. 

*****

«Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы елордалық филиалының Саяси кеңесі Бюросының отырысында айтылды. Жиында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасы бекітілді. Жол картасында 10 негізгі бағыт қамтылған. Оның ішінде баспана, үлестік құрылыс; әлеуметтік сала; шет аймақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды дамыту; газдандыру; жолдар мен қоғамдық көлік; нөсер кәрізі мен тазарту құрылыстары; экология; қоғамдық қауіпсіздік және шағын және орта бизнесті дамыту. Алдағы бес жылда 30 дәрігерлік амбулатория, жаңа көпбейінді аурухана мен перзентхана салынады. Сондай-ақ 50 жаңа мектеп салу көзделген. Қолжетімді баспана туралы уәдені орындау үшін елордада жыл сайын 10 мың пәтер салу жоспарланып отыр. 

*****

Қазақстан мен БАӘ, Түркия арасындағы рейстер саны көбейтіледі. Бұл ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкесжасалып отыр. «SCAT» әуекомпаниясына аптасына 8 рейс орындауға рұқсат етіледі. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды қалаларынан Рас-эль-Хайм қаласына ұшып баруға болады. Ол үшін ПТР анықтамасы керек. Сонымен қатар Алматы мен Анталия қалалары арасында қосымша 2 рейс орындауға рұқсат етілген.

*****

«102» мобильді қосымшасы Ақмола облысы полицейлерінің жұмысын жеңілдетті. Оның көмегімен екі аптаның ішінде 10-нан аса заң бұзушылықты анықтаған. Онлайн-сервис Ішкі істер министрлігінің бастамасымен іске қосылды. Артықшылығы, тұрғындар полицияға түрлі келеңсіздік туралы видеобайланыс арқылы хабарлай алады. Ал қоңырау шалған тұлғаның аты-жөні мен тұрған орны базаға бірден тіркеледі. Сондай-ақ оқиға орнынан фото немесе видео түсіріп жіберуіне болады. Алайда азаматтар, алдымен, қосымшаны смартфонына орнатуы тиіс. Жаңа жүйемен жұмыс істеу үшін өңірде 60-қа жуық қызметкер оқытылған. Тұрғындар тек ғана жол апаты ғана емес, кез келген ақпарат бойынша осы қосымша арқылы арыздана алады.

*****

Елордада қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға арналған мамандықтар тізімі бекітілді. Тізімде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 14 мамандық бар. Жалпы 200 орын бөлінді. Курстар аспаз, наубайшы, тігінші, шаштараз, кондитер, бақылаушы-кассир, тәрбиешінің көмекшісі, тәрбиеші, SMM менеджері, дәнекерлеуші, сантехник, кран машинисі, техник электрик мамандықтары бойынша жүргізіледі. SMM менеджері мамандығы бойынша оқыту 2 ай, қалғаны 3 ай. Білім беру ұйымдарында 2021 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқыту дуальді оқыту элементтерімен жүргізіледі. Бағдарламаға халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер қатыса алады. Қатысушылар мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етіледі, оқу кезеңінде 21 787 теңге мөлшерінде стипендия және медициналық тексеруден өту үшін 2 АЕК мөлшерінде материалдық көмек алады. 

*****

Ақ түтек боранға байланысты Қостанай облысында республикалық және облыстық деңгейдегі 9 жол учаскесі жабылды. Күннің райы тұрақталып, трассалар қалың қардан тазартылмайынша, барлық көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Бүгінде қар құрсауында қалғандар үшін жол бойында 23 жылыту бекеті ашылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін бекет төсек-орын, азық түлікпен жабдықталған, деп хабарлайды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.

*****

Еліміздің тоғыз өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Бұған «ҚазАвтоЖол» ҰК» мен және «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының» деректері себеп болды. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласындағы, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар жабылды. Сонымен қатар «Қазгидромет» деректері бойынша алдағы күндері еліміздің барлық өңірінде көктайғақ, бұрқасын, қар, тұман болып, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Мамандар азаматтарға осы себепті ұзақ сапарға шықпауға кеңес береді.