Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қостанай облысында қатты боранға байланысты автокөлік жолдары жабылды

Қостанай облысында қатты боранға байланысты автокөлік жолдары жабылды


Бүгін ҚР Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов отандық мобильді қосымшаларды белсенді түрде ілгерілетуді тапсырды. «Халыққа арналған Е-Salyq Azamat тегін мобильді қосымшаны белсенді түрде ілгерілету керек. Биыл кәсіпкерлер үшін «Е-салык-бизнес» ақпараттық жүйесін іске қосу өте маңызды. Ол кәсіпкерлерге оңай тіркелуге, автоматты режимде салық төлеуге әрі есеп тапсыруға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары. Оның айтуынша, банктік мобильді қосымшалар арқылы тұтынушылардан кәсіпкерлерге келіп түсетін ақша аударымдарын фискалдандыру проблемасын шешуге ерекше назар аудару керек.

*****

ҚР Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаев 2021 жылы республикалық бюджет тапшылығы қандай жолмен қаржыландырылатынын айтты. «Биыл ЖІӨ-ге шаққанда республикалық бюджеттің тапшылығы 3,4 пайыз болдаы. Оны қаржыландыру мемлекеттік құнды қағаздар шығару жолымен ішкі қор нарығы қаражаты есебінен жоспарланып отыр», -деді министр. Осы орайда ол нарықтың шектеулі ресурстарын ескере отырып, сырттан қарыз тарту мүмкіндігін айтты. «Сонымен қатар «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) биржасында мемлекеттік бағалы қағаздар шығару бойынша орта мерзімдегі бағдарлама әзірленеді. Бұл өз кезегінде ішкі нарыққа халықаралық инвесторларды тартуға мүмкіндік береді және АХҚО биржасын ары қарай дамытуды қолдайды», - деді ведомство басшысы.

******

Түркістан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға былтыр 24,4 млрд теңге қаралған. Оның аясында 88 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан. Бүгінде облыстағы 100 мыңнан астам көпбалалы отбасы ай сайын жәрдемақы алады. 2020 жылы жоспарланған 50 мыңдай көпбалалы отбасының 39 мыңы атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп, оларға 14 млрд. теңгеге көмек көрсетілді. Өңірде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Бұл туралы Ел алдындағы есептік кезінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты.

*****

Арқалық қаласының маңында қар құрсауында қалып қойған адамдарға көмек көрсетілді. Оқиға таңғы сағат 03:00 шамасында болған. Арқалық қаласы мен Алуа селосының аралығында «УАЗ» автокөлігі бұзылған. Боран күшейіп, қар қалыңдап кеткен соң жолаушылар құтқарушыларға хабар береді. «Автокөлік ішінде 7 адам болған. Оның екеуі бала. ТЖД Өрт сөндіру қызметінің Жедел-құтқару жасағы боранда қалған жолаушыларды Арқалық қаласына жеткізді.», - делінген хабарламада. Облыстық ТЖД тұрғындарға төтенше жағдай кезінде құтқару қызметіне қоңырау шалу қажеттігін ескертеді.

*****

Қостанай облысында қатты боранға байланысты 26 бағыттағы автокөлік жолдары жабылды, деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі. Қарлы боранның күшеюуіне байланысты автокөлік жолдарында төтенше жағдай департаментінің 27 техникасы мен 44 құтқарушысы кезекшілік етеді.

«Облыстағы автокөлік жолдарының қар басып, жолдың жабылып қалу қаупі бар тұстарына 27 жылыну пункті қойылған. Бұл орындарда жолда қалып қойған жолаушылардың жылынып, тынығуына жағдай жасалған» деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі. Өңірде көлік жолдарындағы қозғалысты шектейтін 16 бекет қойылған.