Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 19.02.2021

Қорытынды жаңалықтар 19.02.2021

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді қабылдады. Министр П-ке байланыс сапасының талаптары бекітілгені жөнінде баяндады. Енді 3G/4G желілері үшін сапаның төменгі шегі анықталды. Министр eGov mobile мобильді қосымшасына биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жайында айтты. Бұл халықтың мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіне тіркеліп, қызмет алу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған қосымша арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарын тездетуді тапсырды.

*****

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Алматы облысында жүзеге асырылуы және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын мерекелеуге дайындық барысымен танысты. Сапар барысында Мемлекеттік хатшы Қарасай және Жамбыл аудандарындағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарды аралады. Сонымен қатар Қырымбек Көшербаев Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейіне барып, Жамбыл мен оның өнердегі пірі Сүйінбай Аронұлының, композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің зираттарына гүл шоқтарын қойды, мәдениет саласының өкілдерімен кездесті.

*****

25 ақпан күні емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға өтініш беруге арналған портал іске қосылады. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты. Ал Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сарсенбаеваның сөзінше Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану азаматтарымызға қосымша медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді.

*****

«ЕПНФ Отбасы порталы бойынша әр адам өзінің жеке кабинетін ашуы керек. Бұл туралы «Зейнетақы жинақтарын медициналық қызметтерге пайдалану» тақырыбында өткен брифингіде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан МАТАЕВ айтты. Отбасы банкінде портал л 25 ақпанда жұмысын бастайды деді ол.

*****

Шымкентте коронавирусқа байланысты карантиндік шектеу шаралары тағы екі аптаға ұзартылды. Бүгін шаһардың Бас санитар дәрігері кезекті қаулысын шығарды. Оған сәйкес, карантиндік шектеулер сақтала отырып, қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты түн жарымға дейін ұзартылды. Бұл ретте, сыйымдылық 50 пайыздан аспауы тиіс. 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектептер / балалар санын 15-тен асырмай дәстүрлі форматта білім беретін болады. Сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сынып, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін бала санын 15-тен асырмай кезекші сыныптар құрылады. Ата-аналар тиісті өтініш жазуы қажет. Спорттық объектілерде сыйымдылығы 50% аспауы шарт.

*****

Түркістан облысында Түркітілдес Мемлекеттер басшыларының саммитіне дайындық басталды. Бұл туралы өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев халық алдында берген есебінде айтты. «Халқымыз үшін елеулі оқиға болғалы тұр. Наурыз айында Түркістан қаласында өтетін Түркітілдес Мемлекеттер басшыларының саммитіне дайындық жұмыстары басталды. Бұл шара – күллі Түркі халқының рухани-мәдени орталығы – Түркістан қаласының туризмін жаңа бағытта дамытуға, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді», - деді Өмірзақ Шөкеев.

*****

Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынымен күрес жұмыстарына резервте 1,5 млрд теңге қаралып отыр. БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсановтың мәлімдеуінше , қазіргі таңда 443 тонна жанар-жағар май, 88 мың дана қап, 22 мың тонна инертті материалдар қоры дайын. Қазір өңірде жағдай тұрақты.

*****

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мегаполисте «Спутник V» вакцинасының бірінші кезеңі бойынша екпе салу аяқталғанын айтты. Осы уақытқа дейін 1715 адамға екпе салынды.Вакцина алу бойынша 55 адамның жағдайына қарай кейінге қалдырылса, 3 адам екпе алудан бас тартты», - деді ол. Жалпы «СҚ-Фармация» Алматы қаласына вакцинаның бірінші кезеңі бойынша 1750 дозасын жеткізді.

*****

«Қазгидромет» еліміздің 15 өңірінде дауылды ескерту жариялады. Павлодар облысында "Ленин-Ертіс-Русская Поляна" автожолында автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелген. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы "Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті", "Өскемен-Семей", "Омск-Майқапшагай" тасжолдары жабылды. Ауа райының нашарлауына байланысты Төтенше жағдай министрлігінің аумақтық бөлімшелері бес облыстағы жолда қалып кеткен 77 адамды эвакуациялады.