Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 22.02.2021

Қорытынды жаңалықтар 22.02.2021

25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысы өтеді. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Tелеграм каналында жазды. «Онлайн форматта өтетін іс-шараға түрлі өңірден өкілдер қатысады. Отырыс барысында бұрын айтылған ұсыныстар, сондай-ақ бірқатар жаңа бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланады», - деді Ерлан Қарин.

 *****

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанғанын айтты. «Елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Көптеген азаматтарымыз өздерінің күнделікті ісімен айналысуға кірісіп, тіпті бұл инфекцияны ұмытып та кетті. Бірақ, елде инфекцияның таралуына, күн сайын ауруға шалдығудың 700-800 жағдайының тіркелуіне байланысты және жұқпалы ауру таралуының алдын алу үшін көптеген ел жаппай вакцинация жүргізіп жатыр. Қазақстанда вакцинация ақпан айында басталды», - деді Ажар Ғиният. Сонымен қатар ол сәуір айында қазақстандық вакцина зерттеуінің үшінші фазасы аяқталуы керектігін айтты. « қазір клиникалық сынақтың үшінші сатысы өтіп жатыр. Сәуір айында клиникалық сынақтың үшіншіфазасы аяқталуы тиіс. Осы зерттеулердің қорытындысы бойынша қазақстандық вакцина елімізде қолжетімді болады», - деді ол.

 *****

20 мыңға жуық ел азаматы коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов айтты. «Қазіргі күні ҚР-ның 20 мыңға жуық азаматы COVID-19-ға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын қабылдады. Олардың ішінде вирус жұқтырғандар әзірге тіркелмеді», - деді Ерлан Қиясов.

***** 

Қостанай облысының медицина қызметкерлеріне covid-19 вирусына қарсы екінші рет вакцина егу басталды. Індетке қарсы вакцина екі мәрте салынуы тиіс. Ақпан айының басында облыстың 1200 медицина қызметкері бірінші вакцинаны алды. Енді олар араға 21 күн салып, екінші рет екпе қабылдап жатыр, - деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева. Өңірде COVID-19-ға қарсы екпе жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Медицина қызметкерлерінен кейін кезек вирус жұқтыру қаупі жоғары санатқа жататын мұғалімдерге келеді. Одан кейін жаппай тегін екпе басталады. Бұл кезеңде екпені әркім өз қалауы бойынша қабылдай алады.  

 *****

Елордаға коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 мыңнан астам дозасы әкелінді. Ресейлік «Спутник- V» вакцинасының 2 030 екінші компоненті елорданың Денсаулық сақтау басқармасын қоймасына жеткізілді. Әкелінген жаңа дозалар бірінші кезеңде вакцинациялау үшін белгіленген қалалық емханаларға тапсырылды. Бұл дозалармен ауруханалардың медициналық қызметкерлерін, жедел-жәрдем бригадалардың фельдшерлерін вакцинациялау жалғасады.

***** 

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстанның бес өңірі «сары» аймақта - Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары. Қалған өңірлердің бәрі - «жасыл» аймақта. Жалпы Қазақстан коронавирустың таралу қаупі жағынан «жасыл» аймақта тұр.

 ***** 

Елімізде коронавирус инфекциясынан барлығы 21 285 адам ем қабылдап жатыр. Олардың ішінде 4 838 пациент стационарда, 16 447 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 242 адамның жағдайы ауыр; 53 адам ауыр халде жатыр. 43 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған. Ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі таратты.

***** 

Инновация деңгейі бойынша әлем елдерінің 2020 жылғы рейтингінде Қазақстан 131 мемлекеттің ішінде 77-орынды иеленді. ҚР индексі 28,6-ға тең. Бұл Қырғызстанға қарағанда көп, бірақ Ресей, Армения және Беларусь сияқты ЕАЭО елдеріне қарағанда аздау. Рейтингіні Швейцария, Швеция және АҚШ бастап тұр. Инновациялар индексі экономикалық дамудың түрлі деңгейіндегі елдердің инновациялық дамуын егжей-тегжейлі сипаттайтын әртүрлі 80 ауыспалы көрсеткішті қамтиды.

 *****

«Қазақстанның 100 жаңа есімі-2021» жобасына өтінімдерді қабылдау басталды. Өтінімдерді 15 наурызға дейін жіберуге болады. Жобаға елде және шет елде тұратын қазақстандықтар қатыса алады. Қатысушылардың өтінімдері 7 номинация бойынша іріктеледі. Ол медицина, білім беру, ғылым және инновация, экология, мәдениет және спорт, бизнес, қоғам. Қатысу үшін үміткерлер 100janaesim.ruh.kz сайтындағы сауалнаманы толтыру қажет.

***** 

Алдағы тәулікте ел бойынша қар жауып, боран соғады. Қазгидромет ақпанның 23-25 күндеріне болжанған ауа райын жариялады. «Исландияның суық ауа массаларын сіңірген белсенді циклон Қазақстанның солтүстік жартысына қарлы боран әкеледі. Кейін келе жатқан Арктикалық антициклон әсерінен ауа температурасы одан әрі төмендейді», - делінген синоптиктердің болжамында.