Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ: ТҮРКІ ӘЛЕМІ – КӨПТЕГЕН МӘДЕНИЕТТІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ӨРКЕНИЕТТЕР ТОҒЫСЫ

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ: ТҮРКІ ӘЛЕМІ – КӨПТЕГЕН МӘДЕНИЕТТІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ӨРКЕНИЕТТЕР ТОҒЫСЫ

Халықаралық Түркі академиясының президенті және «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Дархан Қыдырәлі "Түркі әлемі" хабарына сұхбат берді.

"Жуырда "Түркі әлемі: тарихи-мәдени атлас" жинағын жарыққа шығарып, халықаралық деңгейде конференция өткіздік. Бұл атлас бірегей. Бұған дейін әрине географиялық немесе түрлі жазулардың атласы жарық көргені белгілі. Бірақ түркі өркениетін көрсететін тарихи-мәдени атластың шығып тұрғаны осы. Бұл еңбекті отандық тарих ғылымының жетістігі ретінде бағалауға болады. Бұл жинаққа 200-ден астам көне карталар топтастырылған. Атап айтсақ, бағзы саяхатшылардың, жиһанкездердің, араб-парсы, орта ғасырлардағы еуропалық жиһанкездердің карталары, кейінгі Ресей патшалығы кезіндегі түрлі құнды карталардың барлығы енген. Сонымен қатар, археологиялық қазба жұмыстарында табылған түрлі артефактілер, түркі мәдениеті мен өркениетінің адамзат тарихында, әлемдік өркениетте алар орнын көрсететін аса құнды жауһарлар, олардың үздік үлгілерін біз осы ғылыми еңбекке топтастыруға тырыстық. 

Бұл кітапты шығарудағы мақсат – түркі әлемінің тек қана жалғаушы немесе жаулаушы емес өркениет жасаушы екендігін көзқарақты оқырманға көрсете білу. Сонымен қатар, Еуразия кеңістігіндегі жалпы үш құрлыққа ат ойнатқан тек мемлекет құрушы ғана емес, ірі-ірі қалалар салған, көптеген мәдениеттердің негізін қалаған, өркениеттердің тоғысына айналған адамзат тарихындағы үлкен орны бар түркі әлемінің жетістіктерін көрсету болатын. Бұл атласты шығару жөнінде Түркі академиясына Шолпан-Атада өткен Түркі кеңесі мемлекет басшыларының саммитінде тапсырма берілген болатын. Сонымен қатар, біз бұл атласты шығаруда өзімізге Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын бағдар етіп алдық. Соның ішіндегі, әсіресе, алғаш жылқының қолға үйретілуі, темірді, металды қорыту, алтын адам, сәулет өнері сияқты тақырыптарды біз сол атластың ішінде нақты дәйектермен, деректермен көрсеттік. 

Ең басты жетістік бұл әрине Евразия кеңістігіндегі Байқалдан Балқанға дейін, Алтайдан Ақтеңізге дейін, сонау Солтүстік мұзды мұхиттан Үндістанға дейін аралықта созылып жатқан аумақта құрылған түркі мемлекеттердің тарихи шекараларын, тарихи мемлекеттіктерін көрсету болатын. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, кейде әрқилы, негізсіз сөздер айтылып қалып жатады. Бұлардың барлығы тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай нақты дерек-дәйекпен болғаны дұрыс. Біз Халықаралық Түркі академиясы бұл тұрғыдан алғанда мойындалған ғылыми мекемеміз. Біз осыған байланысты карталардың авторлық құқықтарын ала отырып, бұларды Ресейлік, Еуропалық, шығыстық және басқа да авторлардың бұған дейін шыққан еңбектеріне де сілтеме жасай отырып, шығардық. Және тұсаукесер рәсіміне қатысқан үлкен ғалымдар, білікті мамандар өте жоғары баға берді. Бұл еңбектің осы салада шыққан ең көрнекті кітап екендігін айтты. Сондықтан қазір ұсыныстар да көп. Мысалғы, Түркияда шығарсақ деген ұсыныс білдірді. Таяуда түрікшесі дайын болады. Ағылшын тілінде шығаруға да ұсыныс түсіп отыр. Италиядан, Ресейден де ұсыныс хаттар келіп түсуде. Әрине қазақ тіліндегі нұсқасында біз кеңірек таратуға тырысамыз. Себебі кітапты сұраған, соған қызығушылық танытып жатқан оқырмандарымыз өте көп. Бірінші орыс тілінде жарияланған себебі - ол оның бағытталған аудиториясы, сонымен қатар, кітаптағы көп сұрақтарға жауаптар бар. Сол жауаптардың біршамасы осы орыс тілінде жете берсін деген ниеттен туындаған болатын. Ал негізі қазақ тіліндегі, ағылшын тіліндегі нұсқалары қазір дайын. Сондықтан бұл халықаралық басылымға айналады және кең таралатын, көп тілге аударылатын басылым болады ғой деп ойлаймыз,- деді Дархан Қыдырәлі.

Толық ақпарат хабардың үнтаспасында.

Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан.