Нұр-Сұлтан - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 23.02.2021

Қорытынды жаңалықтар 23.02.2021

Елбасы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Ақан Сатаевты қабылдады, деп хабарлайды elbasy.kz. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет әрдайым өнер саласының дамуына ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті. «Сіздің киноиндустриядағы тәжірибеңіз мол, елге еңбегіңізбен танылдыңыз. Түрлі кинофестивальдерге қатысып жүрсіз. «Анаға апарар жол», «Томирис» және басқа да туындыларыңызды көрермен жылы қабылдады. Қазір Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін» – деді Елбасы. Әңгіме барысында А.Сатаев Нұрсұлтан Назарбаевқа көркем фильмдер түсіру жоспарлары мен отандық киноның сапасын арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

*****

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Рахым Ошақбаевпен және Қанат Сахарияновпен кездесу өткізді. «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев Президентке өзі басқарып отырған орталықтың жұмысы туралы айтты, сондай-ақ, отандық аналитикалық орталықтарды дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысына жаһандық компаниялармен арадағы ынтымақтастықтың негізінде инвестиция тарту жолдарын, сондай-ақ, ақша-кредит саясатын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар таныстырылды. Atameken Business телеарнасының бас директоры Қанат Сахарияновпен әңгімелесу барысында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін нығайту, ақпараттық саясат саласын реттейтін заңнаманы дамыту мәселелері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің отандық масс-медиаға қолдау көрсете беретініне тоқталып, контент сапасын арттыру және қазақтілді БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін күшейту қажеттігін айтты.

*****

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесспен кездесті. Жүздесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, оның ішінде парламентаралық байланысты арттыру мәселелері сөз болды. «Қазақстан Парламентінің екі палатасында да Франция Парламентімен ынтымақтастық бойынша топ жұмыс істейді. Біз парламентаралық байланысымыздың серпінді қарқынын сақтауға және француз парламентариімен сындарлы жұмыс істеуге мүдделіміз», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар Сенат төрағасы елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Екі мемлекеттің қолдауымен 2018 жылы «Абай-Верн» халықаралық білім бағдарламасы қолға алынған еді. Бүгінде осы бастама бойынша алғашқы стипендиаттар Францияда оқуларын аяқтап үлгерді. «Қазақстандық студенттер Францияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша да білім алуда. Қазіргі таңда бұл бағдарламаның түлектері елімізде мемлекеттік қызметте және жеке секторда лайықты еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, Алматыда «Сорбонна-Қазақстан» институтының жемісті жұмысын атап өткен жөн. Қазақстанның бірнеше қаласында «Альянс-Франсэз» мәдени-білім беру агенттігінің өкілдіктері жұмыс істейді. Мұның бәрі елдеріміздің мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығының нақты нәтижесі екені сөзсіз», – деді Сенат төрағасы.

*****

Наурыз айында еліміздің басым бөлігінде ауа райы күрт жылынып, жауын-шашын мөлшерінен асуы мүмкін. Синоптиктердің болжамынша, жағдай тек Оңтүстік және Батыс Қазақстан аймағында тұрақты болмақ. Сол себепті, қалған өңірлер төтенше жағдайға сақадай-сай болуы тиіс. Бүгінгі Үкімет отырысында көктемгі су тасқынына дайындық пысықталды. Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлағандай, биыл 13 млн текше метр қар шығарылған. Су тасқынының алдын алуға 38 млрд-тан астам қаржы қарастырылып отыр. Жанар-жағармай қорының 3 мыңнан астам тоннасы және 224 мың тоннадан астам инертті материал әзірленген. Үкімет отырысының соңында премьер-министр Асқар Мамин су тасқынын болдырмау мақсатында Экология, Индустрия және Төтенше жағдай министрліктері мен жергілікті әкімдіктерге тиісті тапсырмалар жүктеді.

*****

Қарағанды облысында ауаға зиянды заттардың шамадан тыс таралуына жол берген «Арселор Миттал» компаниясына жаңа талаптар қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев бүгін кәсіпорын басшылығымен кездесіп, тез арада орындалуы тиіс 3 шартты таныстырды. Министрдің айтуынша, бұған дейін кінәмізді толық өтейміз деп уәдені үйіп төккен «Арселор Миттал» талаптарды мүлде орындамай келген. Бір ғана Теміртауда жылына 230 мың тонна зиянды зат ауаға таралады. Бұл қаланың әр тұрғынына шаққанда – 11 тонна. Оны азайту үшін қолға алынып жатқан шаралар тиімсіз. Жаңа шарт бойынша комбинат басшылығы шығарындыларды 4 жылда кемінде 30 процентке азайтуы тиіс. Автоматты мониторинг енгізіп, ауаның ластану көрсеткіші бойынша ашықтықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Теміртауға 500 мың түп ағаш егеді.

*****

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Алтын Орда тарихына арналған ірі киножобаның тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Осы мақсатта кино орталығының жанынан жұмыс тобы құрылған, ол ел басшылығына болашақ киножобаның негізгі көрінісін, моделі мен архитектурасы бойынша ұсыныс беретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, киножобаға дайындықтың бірінші кезеңінде кәсіби тарихшылар мен тәжірибелі кинодраматург, этнографтар мен әдебиеттанушылардан ақпарат жиналады. Сонымен қатар, үлкен халықаралық тарихи киножобаларды жасау бойынша табысты тәжірибесі бар Голливуд, Еуропа, Ресей және Азияның үздік өндірістік компаниялары арасынан жаһандық серіктестер мен инвесторларды іздеу жүргізілуде.

*****

Ертең Германияның Оберстдорф аймағында шаңғы жарысынан әлем чемпионаты басталады, деп хабарлады Olympic.kz. Қазақстан құрамасы сапынан жарыс жолына шығатын спортшылар тізімі: Ерлер: Виталий Пухкало, Олжас Климин, Евгений Величко, Наиль Башмаков, Константин Борцов. Әйелдер: Валерия Тюленева, Анна Шевченко, Ирина Быкова, Ангелина Шурыга, Ольга Мандрика, Дарья Ряжко, Айша Ракишева. Айта кетерлігі, әлем чемпионаты 7 наурызға дейін жалғасады. Жарыс барысында 12 медаль жиынтығы сарапқа салынады.