Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 26.02.2021

Қорытынды жаңалықтар 26.02.2021
  • Елордада Жамбыл Жабаев музейінің экспозициясы қойылды.
  • Вице-министр пара алды деген күдікпен қамауға алынды.
  • Еліміздің басым бөлігінде күн жылынады.  


Қазақстанда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын ресми түрде мерекелеу басталды. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастыру мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылған. Комиссия төрағасы – Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев. Айта кетейік, бүгін еліміздегі және шет елдердегі қалалар мен елдімекендерде Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды, әртүрлі мәдени шара өткізілді.

*****

Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына Жамбыл Жабаев музейінің экспозициясы қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жаңа театр фойесінде ұйымдастырылған көрмеде ұлы ақынның қолданған жеке заттары, сыйға берілген сый-сияпаттары мен фотоестеліктер қойылған. 

*****

Биыл атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 122 млрд. 800 млн. теңге қарастырылған. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді. Былтыр бұл салаға 88 миллиард теңге жұмсалған. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 184 мың отбасы немесе 936 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Әлеуметтік топтаманы ұсыну аясында былтыр мектеп жасына дейінгі 218 мыңнан астам бала ай сайын азық-түлік жиынтығымен және тоқсан сайын гигиеналық құралдармен қамтылған. Сондай-ақ, министр биыл "әлеуметтік әмиян" пилоттық түрде енгізілетінін мәлімдеді. Оның көмегімен азаматтар әлеуметтік маңызы бар тауарларды немесе қызметтерді сатып алып қана қоймай, әлеуметтік төлемдерді қолма-қол ақшаға айналдыра алады.

*****

2021 жылы Қазақстанда Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Серік Шәпкенов мәлім етті. Министр этникалық көші-қонды ынталандыру аясында 2020 жылы республикаға 7 мыңнан астам отбасы немесе 13 мың этникалық қазақ келгенін, оның ішінде 396 қандас отбасы қабылдау өңірлерінде (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары) қоныстанғанын айтты. «Көші-қон қатынастарын одан әрі дамыту аясында биыл үш негізгі міндет айқындалды. Біріншісі – Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын қабылдау. Екіншісі – қазақстандық қызметкерлерді шетелде жұмысқа орналастыру және оларды құқықтық қорғау жүйесін енгізу. Үшіншісі – кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету кемінде 97 пайыз деңгейінде сақталады», – деді Серік Шәпкенов.

*****

Елордада көру қабілеті нашар бүлдіршіндерге арналған балабақша мен мүгедек жандарға арналған бірнеше оңалту орталығы ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Көру қабілеті нашар балаларға арналған мамандандырылған 90 орындық балабақша көктемде Сарыарқа ауданында ашылады. Сондай-ақ ипподром базасында балалар иппотерапиямен айналыса алатын жабық манеждің құрылысы жүріп жатыр. Ал «Жастар» сарайында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бассейн болады. Инватакси саны 2 есе артады, - деді Елорда әкімі. 

*****

Елордада жексенбіде СОО-лардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенованың жаңа қаулысында айтылған. Жаңа қаулы бойынша бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу іс-шараларын өткізуге салынған тыйым күшінде қалады. Қызметі жаңартылмаған нысандар: бильярд, караоке, боулинг-орталықтарға, батуттар,компьютерлік клубтарға, түнгі клубтарға, букмекерлік кеңселерге баруға тыйым салынған. Меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдар, кәсіпорындар қызметкерлерінің кемінде 60%-ын қашықтықтан жұмыс істеу түріне көшіруге рұқсат берілді. Қалааралық, облысішілік автобус пен шағын автобус тасымалдарының жұмысы жанданады. 

*****

Мәдениет және спорт вице-министрі букмекерлік қызмет саласында заңды тұлғаның мүддесін қорғағаны үшін пара алды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі лауазымды тұлғаның қамауға алынғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Ерекше маңызды істер жөніндегі тергеуші Данияр Бигайдаровтың айтуынша, вице-министр заңды тұлғаның құрылтайшыларынан букмекерлік қызмет саласындағы мүддені қорғағаны және жалпы қамқорлық жасағаны үшін пара алды деген күдікке ілінді. Сот санкциясымен пара алушы мен пара беруші қамауға алынған. 

*****

Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік-батыс циклонының әсерінен ауа температурасы көтеріледі. Қазгидромет мамандарының хабарлауынша, 27 ақпан мен 1 наурыз аралығында күн жылынады. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысынан басқа жерлерде қар мен жаңбыр жауады. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болып, жел күшейіп, боран соғады", - деп хабарлады Қазгидромет. Тек еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінде жауын-шашын түспейді.