Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәуелсіздік тарихы: 1994 жыл – егемен елге 30 жыл

Тәуелсіздік тарихы: 1994 жыл – егемен елге 30 жыл

Тәуелсіздік. 1994 жыл. Мемлекет ретінде әлемдік картадан орын алып, өз Туымызды желбіреттік, Елтаңбамызды бекіттік, Әнұранды шарықтатып, төл теңгені тұғырына қондырдық. Халықаралық қатынас жөнге келіп, достық байланыстар артып, сауда-саттық жайлана бастады. Әйтсе де ел ішіндегі қиыншылық әлі де тірлікті шатқаяқтатып тұрды. 

Дегенмен бір нәрсе айқын болды. Бұндай қиын заманда әлем елдерімен жақсы қарым-қатынаста болып, интеграциялық мәселелерді тездетіп қолға алу керек болды. Сондықтан Қазақстан сыртқы саясатта көпвекторлы жүйені таңдап, еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ барлық елдермен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға әзірлігін және ниеттілігін білдірді. Соның нәтижесінде Қазақстан 1994 жылы шетел мемлекеттермен достастық келісімдер мен экономикалық ынтымақтасу саласында бірқатар келісімшарттарға қол жеткізді. 

Ия, Қазақстан бірінші кезекте екі алып көршімен қарым-қатынасты түзеп алмай, алысқа бармайтынын бірден түсінді. Сондықтан да Ресейден кейінгі басымдық шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасына берілді. 25-28 сәуір - ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьері Ли Пэннің Қазақстанға ресми сапары өтті. Келіссөздер барысында Н.Ә. Назарбаев пен Ли Пэн Қазақстан - Қытай шекарасы жөнінде, Қытайдың Қазақстанға мемлекеттік несие беру және гуманитарлық көмек беру, халықаралық жүк және жолаушылар тасымалын дамыту және тағы да басқа келісімдерге қол қойды. 

1994 жылғы маңызды оқиғалардың қатырында Қазақстанның ядролық қару-жарақ мәселесін шешімін тапқандығын да айта кеткен жөн. 16 ақпанда Қазақстан ядролық қаруы жоқ ел ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. 

Сөйтіп, Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартып, ядролық қаруы жоқ ел ретінде осынау зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады. Расында да бұндай қадам Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтпаса, әлсіреткен жоқ. Өйткені Ядролық қарудан бас тарта отырып, Қазақстан оның орнына сол кездегі жетекші ядролық державалардан - АҚШ, Ресей, Ұлыбританиядан еліміздің қауіпсіздігінің халықаралық кепілін талап етіп, 1994 жылдың соңына қарай оған да қол жеткізді. Кейіннен бұндай кепілдемеге Франция мен Қытай да қосылды. Бұл да жас Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі халықаралық аренадағы лайықты, маңызы зор жетістігі еді.

 «Тәуелсіздік тарихы» хабарында Қазақстан Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық зертеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетованың, қоғам қайраткерлері Әділ Ахметов пен Уәлихан Қалижанның пікірлері берілді.

Хабарды дайындап жүргізген Алмас Байдрахман.

Толығырақ аудионұсқадан тыңдай аласыздар.