Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналардың өздері қабылдайтын болады

Мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналардың өздері қабылдайтын болады

Ауылға баратын жас дәрігерлерге көтермелеу жәрдемақысы артады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоның алқа отырысында айтты.

Саланы білікті мамандармен қамту үшін медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен арттыру арқылы 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе асып түсетін деңгейге жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар министр ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған жас мамандарға берілетін көтермелеу жәрдемақы мөлшері 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін жеткізілетінін атап өтті. Бұған қоса, 2030 жылға дейін медициналық кадрлармен қамтылуды болжау моделін енгізу көзделіп отыр.

*****

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың мәліметінше, өңірлерде ана өлімі азаймай отыр. «Өйткені, босандыратын маман тапшы, ал кадрлардың біліктілігі жеткіліксіз, шалғай аудандардағы жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету логистикасы пысықталмаған. Мықты мамандар жаппай жеке клиникаларға кетуде,-дейді ол. Сонымен қатар бірінші вице-министр республика бойынша туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 35,7 пайызды құрағанын айтты. Өңірлер мақсатты көрсеткішке қол жеткізді. Коронавирус инфекциясымен байланысты шектеу шаралары осы көрсеткіштердің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті», - деді Марат Шоранов.

*****

Армениядан жеткізілген автокөліктерді тіркеу мерзімі ұзартылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция төрағасының орынбасары Серік Түсіпов дәстүрлі брифинг барысында айтты. Қазіргі таңда 20 мыңнан астам автокөлік тіркелді. Алайда мыңнан астам жүргізуші өз көліктерін елден шығара алмаған жағдайлар кездесуде. Күрделі эпидемиологиялық жағдай Арменияға көліктерді шығаруға бөгет болып отыр. Кей машиналар қаржылық пирамидаларға қатысты кепілдікте тұрғандықтан шекарадан шығаралмайды. Осы жағдайларды ескере отырып, Үкімет мұндай автокөліктерді тіркеуді 2022 жылдың 1 ақпанына дейін ұзартты, - деді Серік Түсіпов. Осылайша, Армения Республикасында тіркелген және біздің елге 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көлік құралдарының иелері – Қазақстан азаматтарына өз көліктерін есепке қою мәселесін шешу үшін қосымша уақыт берілді.

*****

Мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналардың өздері қабылдайтын болады. Осылайша, оқушылар мектепке өздеріне ыңғайлы киіммен келе алады. Қазақстан мектептерінің әлеуметтік желілерінде оқушылардың офлайн оқуға оралуына байланысты осындай хабарландырулар жариялана бастады.

«Оқу жылы басталғанға дейін Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылында мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналарға қабылдауға мүмкіндік беретін бұйрыққа қол қойған болатын. Бұл карантиндік шектеулер жағдайында ата-аналар мен оқушылардың ыңғайы үшін қабылданған шешім»,-делінген әлеуметтік желідегі хабарламада.

*****

Бүгін Алғыс айту күніне және Қазақ радиосының 100 жылдығына орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Мың алғыс» қайырымдылық телемарафонын өткізуде. Шараның негізгі мақсаты - көмекке мұқтаж жандарға көпшіліктің атсалысуымен қолұшын созу, мейірімділікті, қайырымдылықты насихаттау, қайырымды жандарға алғыс айту.     

*****

Тікелей эфир барысында остеогенез сырқатына дауа іздеген бір отбасының балалары, 10 және 12 жастағы Нұрислам мен Балнұр Жұматайға, созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан журналист Бағдат Мұхтарұлына, Түркия ауруханасында лейкозбен күресіп жатқан 3 жастағы ақтаулық Ләйлә Бақтыбаеваға, тобығы өкшесіне бітіп, бел омыртқасы айқасып туған 8 жастағы қызылордалық Зарина Ниязбекке көмек көрсетіледі. Қазірге дейін қайырымды жандардың арқасында 4 млн 200 мың теңгеден астам қаражат жиналды. Тікелей эфирде «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы мен Қазақ радиосының әуе толқынында өтіп жатқан қайырымдылық марафоны сағат 21.30 ға дейін жалғасады.