Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Бүгін «Қазақстан» ұлттық арнасы және «Қазақ радиолары» серіктестігінің қолдауымен «Мың алғыс» қайырымдылық марафоны өтті. Мақсат – жер дүниені шуағына бөлеп көктем келгенде, айналамызда өмір сынынан қажып жүрген тағдырларға жан жылуын сыйлау, қол ұшын созу. Сондай-ақ, жұмыла көтерген жүк жеңіл екендігін тағы бір паш ету.


«Жанашырлыққа жан риза» дегендей, «Мың алғыс» қайырымдылық шарасын қолға алғаннан бері ғасырлық тарихы бар Қазақ радиосының ұжымы талай жанға қамқоршы болды. Эфирге шыққалы жақынын іздеген жанға жәрдемші болып, бір-бірінен көз жазып қалған талай бауырды қайта қауыштырған «Бармысың, бауырым?» радиохабары мен «Қымбат жандар» телехабары - баршаның үзбей және үміттене тыңдайтын бағдарламасына айналды. Екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз кеткен майдангерлердің дерегін табуға, құжатынан айырылып қиянда қалған қандасымыздың туған еліне оралуына сеп болды. Түрлі себептермен байланыстары үзілген туыстарды табыстыру - шығармашыл топтың ерен еңбегі. 


«Қолы ашықтың – жолы ашық». Кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде, ішкен асын жерге қоятын азаматтардың қатары көп. Асылы, «Байлық – мұрат емес». Мүмкіндігің барда мұқтаж жанға қол ұшын соза алсаң, сол да бақыт.


Биыл жаңа форматта өткен «Мың алғыс» қайырымдылық телемарафоны барысында кейіпкерлеріміздің есеп шотына түскен қаражаттың жалпы соммасы: 22 200 000 тг құрады. 


«Харекет» қайырымдылық қоры телемарафон аясында 15 шаңыраққа баспана сыйлады. 

Ресейден 18 жылдан бері еліне жете алмай жүрген қазақстандық азамат Тенгиз Висаитов анасы Марет Висайтовамен табысты. Бағдарлама барысында «Харекет» қайырымдылық қоры директоры Гүлмира Мұқанқызы тосын сый жасап Қарағанды облысынан 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. 


«Dauletten» қайырымдылық қоры: Павлодар қаласының тұрғыны Камила Телеповаға үй алу мақсатында 13 000 000 тг. сертификатын және кейіпкерлерімізге 5 ноутбуг сыйлады. Қор төрағасы Дәулет Мұқаев өз атынан және қордың есебінен 2 000 000 теңге аударды. Сонымен қатар студент, ерікті Сая Дәулетқызына 1 350 000 тг. сертификатын табыстады. 


«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демей ме дана халқымыз. Осы аталы сөзді арқау еткен Қазақ радиосының «Мың Алғыс» радио хабары 4 жылдың ішінде 127 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен екен. 



Міне, көрермендер жолдаған аз ғана сома бір тәуліктің ішінде қомақты қаржыға айналды. Ол бүгінгі кейіпкерлеріміздің еміне жұмсалып, аяқтарынан нық тұруына сеп болары анық! Шын жүректен қол ұшын созған барша қауымға МЫҢ АЛҒЫС! Айналаңызға қарайлай жүріңіз! Қайырым қылсаң, қайырын өзің көрерсің!