Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 02.03.2021

Қорытынды жаңалықтар 02.03.2021

Ақорда резиденциясында Қырғыз Президенті Садыр Жапаровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз байланыстары арасында дәстүрлі достықтың бар екеніне, сондай-ақ, Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас мемлекет қана емес, бауырлас мемлекет екенін жеткізді. Тараптар арасында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілді. Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері осы келіссөздерден соң бірлескен мәлімдеме жасады. Онда өзге мәселелермен қатар екі елдің пандемияның жалғасуы жағдайында коронавирус инфекциясына қарсы бірлескен іс-қимылды жандандыру маңыздылығы сөз болды. «Эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажеттігін мойындай отырып, тараптар мемлекеттердің аумағы арқылы азаматтардың және көлік құралдарының транзиті мен еркін қозғалысы үшін келісілген шараларды қабылдау маңыздылығын атап өтеді»,-делінген мәлімдемеде.

*****

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қырғыз Республикасының Президентімен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Садыр Жапаровты Қырғызстан Президенті болып сайлануымен құттықтады. Елбасы тәуелсіздік жылдары бауырлас екі ел арасында қол жеткізілген ынтымақтастық пен серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қырғызстан президенттері арасындағы келіссөздердің нәтижелі болғанына тоқталып, бизнес байланыстарды күшейтудің және экономикалық қатынастарды нығайтудың маңыздылығын айтты.

 *****

Осы айдан бастап 1-5 сыныптардағы осыған дейін кезекшілік сыныпта оқып келе жатқан оқушылар аралас форматта оқуға көшірілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта оқушылардың 47%-ы штаттық режимде, 53%-ы қашықтан оқу форматында білім алып жатыр.

*****

ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері міндетін атқарушының жаңа қаулысы жарияланды. Оған сәйкес, мешіттерде жұма намазына келушілерді шахматтық реттілікпен отырғызып, жалпы сыйымдылығының 30%-на дейін толтырумен оқуға рұқсат берілді. 1-5 сыныптар және 9, 11 (12) сыныптар аптаның 6 күнінде аралас оқиды. Пәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтан оқыту форматында өтеді. Жеке немесе 15 адамнан аспайтын топтар үшін маскалық режимді және кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға баруға рұқсат берілді. Ұлттық құрама, клубтық командалар және облыстық командаларды дайындау үшін бір мезгілде 30 адамнан аспайтын құрамда оқу-жаттығу жиындарын өткізуге болады.

***** 

1 наурыздан бастап мұғалімдер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны салдыра бастады. КВИ-дан алғашқы екпені елордалық №27 және №50 мектептердің мұғалімдері алды. Екпені алғашқылардың бірі болып №27 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зибагүл Қаратаева қабылдады. «Отбасымда коронавирус инфекциясымен ауырған ешкім жоқ және жұқтырмас үшін осындай таңдау жасап отырмын. Бұл - өз денсаулығыма деген жауапкершілік», - дейді мұғалім.

 *****

Ақмола өңірінде COVID-19-ға қарсы егу науқаны жалғасуда. Ішкі істер органдарының қызметкерлері де вакцина ала бастады, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі. Бүгінгі таңда вакцинацияланған тәртіп сақшыларының саны 50 адамға жетті. Бұл патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары.

 *****

ТЖМ «Қазгидрометпен» бірлесіп алдағы су тасқыны кезеңін болжау үшін күшейтілген мониторингке көшіп, апта сайын қар қорын тексереді. «Қазгидромет» алдын ала берген болжам бойынша Ақмола облысындағы Шағалалы өзенінің бассейнінде ылғал қоры нормадан 54%-ға, Солтүстік Қазақстандағы Есіл өзенінің бассейнінде 50%-ға және Ақтөбе облысындағы Ілек өзенінің бассейнінде 39%-ға артық. Алдағы күндері «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу жоспарланған. Оның барысында азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің әзірлігі тексеріледі деп жазады Egemen.kz.

 *****

Грузияға тұрақты әуе рейстері қайтадан ашылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. 16 наурыздан бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы Алматы – Тбилиси – Алматы бағыты бойынша аптасына 3 рейспен қайта ұша бастайды. Екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру туралы шешім 1 наурыздан бастап күшіне енген Грузияның мемлекеттік шекарасынан Қазақстан азаматтарының өтуіне қойылған шектеулерді алып тастағаннан кейін қабылданды.

 *****

Қазақстанда телерадиохабар тарату сигналы уақытша өшіріледі. «10 наурыз күні сағат таңғы 03:00 мен 17:00 аралығында жерсерік, цифрлы және аналог эфирлік желілердің техникалық құралдарындағы сервистер жабылып, жоспарлы-профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Осыған байланысты, еліміздің барлық аумағында телерадиоарналарды ретрансляциялау уақытша тоқтатылады», делінген хабарламада.