Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 03.03.2021

Қорытынды жаңалықтар 03.03.2021
  • Елімізде ана капиталын енгізу туралы ұсыныс айтылды. 
  • 8 наурызда елордалық көпбалалы аналар 7 293 теңгеден алады. 
  • Алматы облысында үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасыға баспана берілді.
  • Түркияда ұсталған террорист Атырау облысының тумасы болып шықты. 
  • Балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы тұжырымдама дайындалды.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар мен құралдар» атты конференцияға қатысушыларға бейнеүндеу жолдады. Президент қазір басшылық қызметтегі әйелдердің қатары көбейгенін, парламентте арнайы квота берілгенін айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43 пайыздан асты. Таяуда әйелдер кәсіпкерлігін жандандыру мақсатымен еліміз бойынша 17 орталық ашылды. Осы орталықтар сіздердің бизнестегі жаңа идеяларыңызды іске асыру үшін жұмыс жүргізеді, - деді Мемлекет басшысы. 

*****

Мәжіліс депутаты әрбір туған бала үшін қазақстандықтарға 4,2 миллион теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде ана капиталын енгізу туралы ұсыныс айтты. Бастама төменгі палатадағы Қазақстан халық партиясының фракциясы тарапынан көтерілді. Жиында еліміздегі ана мен баланы қолдау тетіктері сыналды. Мәжіліс депутаты Ерлан Смайловтың айтуынша, Қазақстандағы балалардың 15,6 проценті табысы төмен отбасында өмір сүреді. Бұл – шамамен 1 миллион бала. Статистиканы халықаралық ЮНИСЕФ ұйымы ұсынған. Көпбалалы отбасылар саны 340 мыңға жетеді. Мәселені шешу үшін бала күтіміне берілетін жәрдемақыны ұлғайту қажет және сол қаржыны мақсатты түрде тұрғын үй алу немесе отбасылық жағдайды жақсарту үшін жұмсалуы тиіс дейді депутат. Тағы бір өзекті мәселе- жалғызбасты аналар мен әкелер әлеуметтік қолдау алатын топтарға жатпайды. Ал мұндай отбасылар саны – 500 мыңдай, - дейді депутат.

*****

2025 жылға дейін 80 мың қандастың Қазақстанға оралуына жәрдемдесу жоспарланған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-Министр Асқар Мамин айтты. Шетелден келетін қандастар санының ұлғаюын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың өтінімдерінің негізінде қандастарды қабылдау квотасы қайта қаралады, - деді Асқар Мамин. 

*****

Денсаулық сақтау министрлігі 2021 - 2025 жылдарға арналған медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді жақсарту жөніндегі шаралар жоспарын бекітті. Бұл туралы онлайн брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты. Оның сөзіне қарағанда, бағдарлама аясында 5 жылда 487-ден астам медициналық-санитариялық алғашқы көмек ғимараты салынады. Биылдың өзіне 211 нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі ауылдық жерлерде болады, - деді вице-министр.

*****

Биыл 6 млн адамға КВИ-ге қарсы вакцина салынады. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, биыл сәуір айында «QazCovid-in» отандық өндіріс вакциянасын пайдалану жоспарланып отыр. «Осы арқылы 2021 жылы 6 млн адамға екпе салынады», - деді Марат Шоранов.

*****

Бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Бұл – білім беру процесіне қатысушыларға ыңғайлы болу үшін қабылданған шешім, деп хабарлайды БҒМ. Ата-аналар мектепті алдын ала анықтап, оқуға қажетті құжаттарды уақтылы тапсырады, сондай-ақ балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз етеді. Мектеп басшылығы сыныптарды жинақтап, қажетті оқулықтарды алдын ала сатып алады. Сонымен қатар педагогтер құрамын анықтап, сағат санын бөледі. Өтінішті egov.kz арқылы беруге болады. Ол бір жұмыс күні ішінде қарастырылады.

*****

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы тұжырымдама дайындалды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов мәлім етті. Тұжырымдамаға сәйкес, биыл елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі бағыттағы 10 мыңға тарта іс-шара өтеді. Және жылдың әр айы бір тақырыпқа арналады. Наурыз айы «Ертегілер әлемі» болса, қыркүйекте ата-анамен бірге кітап оқу шарасын өткізуді ойластырып отырмыз. Сондай-ақ, биыл айтулы жыл аясында балаларға арналған 33 әдеби туынды шығару жоспары тұр», - дейді министр орынбасары. 

*****

Алматы облысында үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасыға баспана берілді, деп хабарлайды zakon.kz. Айта кетсек, 26 ақпанда Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылында көпбалалы отбасының үйінен өрт шығып, баспана толығымен өртеніп кетті. Өрт шыққанда үйде болған отбасы мүшелері сыртқа бас сауғалап, жеңіл киіммен қашып шығып, аман қалған. Отбасында алты бала бар. Үлкені - 14 жаста, кішісі - 7 айлық. Бұл отбасыға өңірдің меценаттары бүгін жаңа баспана сыйлады. Жақсылық жасауға асыққандардың бірі - «Горизонт KZ» компаниясы болды. Баспаналы болған көпбалалы ана көмек қолын созған барша жомарт жандарға алғысын білдірді. 

*****

Елорда әкімдігі көпбалалы аналарға Халықаралық әйелдер күніне орай 7293 теңгеден береді. Әкімдіктің баспасөз қызметінің жетекшісі Ақмарал Олжабаеваның айтуынша, мәслихаттың бұл шешімі 2017 жылдың соңында қабылданған. Әлеуметтік көмек көрсету ережелеріне сәйкес, қаланың мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының мөлшерін белгілеу және олардың тізімін анықтап, көп балалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, оның ішінде аз қамтылған отбасыларға 8 наурызға 2,5 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек тағайындалған. 

*****

Ұлттық қауіпсіздік комитеті жақында Түркияда ұсталған қазақстандық жайлы мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды zakon.kz. 19 ақпанда Түркияда ДАИШ (ИГ *) террористік ұйымының іздеуде болған бірден бір мүшесі - қазақстандықтың ұсталғаны белгілі болды. ҰҚК-нің хабарлауынша, террористің аты-жөні - Самат Аманбекұлы, Атырау облысының тумасы. Ер адам 2015 жылдан бері іздеуде болған. Ол қазір Түркияда қамауда. Оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылуда. Қазіргі кезде халықаралық іздеуде жүрген, террористік әрекеттерге қатысқан және шетелде жасырынған Қазақстанның 40 азаматы бар, делінген ҰҚК хабарламасында.

*****

Петропавлда жатақханада болған жарылыс кезінде екі жігіт ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімшесіне түскен. Отадан кейін олардың жағдайы жақсарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Естеріңізге салайық, 21 ақпан күні Петропавлдағы жатақхананың бірінші қабатында газ баллоны жарылды. 2 адам мерт болып, 15-і түрлі дене жарақатын алды. Мамандардың айтуынша, бір апта бұрын ғана науқастардың бірі терең ұйқыда жатты. Екіншісі қол-аяғын қимылдата алмады. Қазір екеуінің де жағдайы жақсарып келеді. Айта кетейік, сол жарылыста денесі күйіп қалған бойжеткен ауруханада көз жұмған еді.