Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 29.03.2021

Қорытынды жаңалықтар 29.03.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады. Президентке Бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жайында баяндалды. Бұл жобалар сауда биржасы нарығындағы, электр энергиясы, ауылшаруалығы тауарлары, көлік, байланыс, ІТ қызмет салаларындағы кедергілерді жойып, оның жалпыға теңдей қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Қазір агенттік «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Эйр Астана» мен «Скат» акционерлік қоғамына қатысты, сондай-ақ дәрілік заттар нарығындағы монополияға қарсы тергеу жүргізіп жатыр,-деген Серік Жұманғарин бәсекелестікті қорғау жөніндегі жаңа заң жобасын таныстырды. Президент бәсекелестікті одан әрі дамытуға, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды жақсартуға, дәрілік заттар мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтарын реттеуге қатысты бірқатар тапсырма берді.

*****

Бүгін Қазақстанның төрт облысы «қызыл» аймақта қалды. Ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау және Батыс Қазақстан облысы «қызыл» аймақта тұр. «Сары» аймақта Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған өңірлер - «жасыл» аймақта.

*****

Ал осы қызыл аймақтағы Алматыда коронавирустың «оңтүстікафрикалық» және «британдық» штамдары тіркелді. Індеттің бұл түрлерін анықтау үшін алынған сараптаманың оң нәтижесіне тағы да ПТР скрининг тест жасалып, бірнеше кезеңдік зерттеуден өткізіледі. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, кеселді жұқтырмас үшін сақтық шараларын ұстанып, вакцина жасату –маңызды...

*****

 Нұр-Сұлтан қаласында да карантин күшейтіледі. Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, сауда-ойын сауық орталықтары, сауда үйлері және т.б. кәсіпкерлік нысандардың қызметі жұмыс күндері сағат 17.00-ге дейін қысқартылады. Ал демалыс күндері бұл обьектілерге жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұдан басқа, 9, 11 (12) сынып оқушыларын қоспағанда барлық студенттер, оқушылар қашықтан оқытуға көшіріледі. Қоғамдық тамақтану объектілеріне демалыс күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады, тек тапсырысты жеткізіп беруге рұқсат. Жаңа қаулы ертең күшіне енеді. Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, қалада наурыз мерекесі кезіндегі демалыстарда ауру жұқтыру жағдайы 10 пайызға көбейген.

*****

Атырауда карантин күшейтілді. Соңғы екі аптада аймақ бойынша 500-ге жуық тұрғын коронавирус жұқтырды. Өткен бір күнде 75 адам тіркеліп отыр,-деп жазады хабар 24. Бүгіннен бастап базарлар мен ірі сауда орындары алты күндік жұмыс жүйесіне көшірілді. Сондай-ақ мекеме кәсіпорындардағы жиналыстар шектелді. Олардың жұмысын арнайы мониторингтік топ қадағалайды. Жұқпалы індет мектеп оқушылары арасында да көбейген. Бүгінде облыстағы 14 мектептен ауру белгілері анықталған. Бір мектепте екі сынып карантинге жабылды. «Бірақ білім ошақтары жұмыстарын жалғастыра береді», - дейді дәрігерлер.

*****

Екі күннен кейін көлік құралдарына салық төлеу мерзімі аяқталады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры Азамат Садықов айтты. Бұл процесті жеңіл әрі жылдам жүзеге асыру үшін «Е-Salyq –Azamat» мобильдік қосымшасын пайдалануға кеңес беріледі. Ал, өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Отардың айтуынша, жарамсыз көліктерді арнайы есептеп шығармайынша, машина иесі салық төлеуге міндетті.