Елімізде КВИ бойынша жағдайы ауыр науқастардың саны артты

Бүгін Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Онлайн форматта өтетін жиынды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізеді. Шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан Президенттері, сонымен қатар, кеңестің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысады. Саммит барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Отырыс қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және Кеңестің мәртебесіне қатысты декларация қабылданады деп жоспарланып отыр.
*****
Елімізде КВИ бойынша жағдайы ауыр науқастардың саны артты. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәліметі бойынша, 28 ақпанмен салыстырғанда, 30 наурыздағы көрсеткіш бойынша ауыр халде жатқан науқастардың саны 32 пайызға артып, 440 адамға жеткен.
*****
Сонымен қатар, Алексей Цой карантин шектеулерін жиі бұзатын өңірлерді атады.
«Халық арасында вирустың қауіптілігіне сенбейтін адамдар бар, олар үйлену тойларын, банкеттерді жеке үйлер мен коттедждерде өткізуді жалғастырып келеді. Мониторинг топтарының енгізілген шектеу шаралары мен ескертулеріне қарамастан, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамай жұмыс істеп тұрған нысандарды анықтау жалғасуда. Оның сөзіне қарағанда, мұндай нысандар Шығыс Қазақстан облысында, Алматы және Шымкент қаласында жиі тіркеледі. Ал карантиндік шараларды қасақана бұзған 512 адам анықталды. Бұл ретте Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Жамбыл облысы, Қостанай аймағы, Павлодар өңірі көш бастап тұр.
*****
Ертең оқу жылының 4-тоқсаны басталады. Бұл ретте түркістандық мектептер оқытудың аралас форматына көшеді. Яғни, пәндердің бір бөлігі дәстүрлі түрде, бір бөлігі қашықтан оқытылады, Ал, 300 оқушыға дейінгі контингенті бар білім ұялары дәстүрлі жұмыс режимін жалғастыра береді. Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаевтың айтуынша, білім беру нысандарындағы асханалардың жұмысы санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады. Ал, оқушыларға мектеп формасын кию міндеттелмейді.
*****
Қостанай облысында 5 сәуірден бастап жаңа қаулы күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, оқу жылының төртінші тоқсанында оқушылар саны 300-ге дейін, сыныптардағы балалар саны 25 адамнан аспайтын қалалық және ауылдық мектептерде дәстүрлі форматта білім беруге, қалған мектептерде сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытуға, білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімі бойынша 15 адамнан аспайтын топтарда оқушылардың сабақтан тыс уақытта жеке оқытуға рұқсат етілді. Сондай-ақ, көрермендер залын 20%-ға дейін толтырумен спорттық іс-шараларды өткізуге болады.
*****
Ақтөбеде WhatsApp желісі арқылы «балалар апельсиннен уланды» деген ақпарат тарады. Бейтаныс адамның жазуы бойынша, балалардың ауыз қуысы жара болып, инфекциялық аурухананың іші науқасқа толған. Дегенмен, бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев жоққа шығарды. Аймақтың Бас дәрігері балаларды емдейтін екі ауруханаға хабарласып, жағдайды білген. Жаппай уланып, ем іздеп келген бала тіркелген жоқ. Бұл- жалған ақпарат»,- деді Рүстем Исаев.