Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар

Қорытынды жаңалықтар


Коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысына көңілі толмайтындығын ашық айтты. «Алексей Владимирұлы, бұған дейін сізге дәл қазіргі кезеңде Денсаулық сақтау министрлігі Үкіметтегі басты фигура екендігін айтқан едім. Сіздің ерекше өкілетіңіз бар. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз. Дегенмен, одан кейін қарқынды айтарлықтай төмендетіп жібердіңіз. Сәуір бойы сіз жағдайды дұрыстауыңыз қажет. Олай болмаған жағдайда сіздің көңіліңізді қатты қалдыратын кадрлық шешім қабылданады. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, сонымен бірге бүкіл Үкіметке қатысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент жиында салықтық және кедендік берешектерді мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру керектігін қадап айтты. «Бұл шаралар жаппай вакцинациялау басталғанға және шектеулердің басым бөлігі алынғанға дейін қолданыста болуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

*****

Елімізде карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс саны 4,7 пайызға артқан. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк ОКҚ-де өткен брифингте осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, жәбір көргендердің 50 пайызы әйелдер, 6,4 пайызы кәмелетке толмағандар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандардың 81 пайызы жұмыс істемеген. Алексей Милюктің атап өтуінше, қазір әйелдерге республика бойынша 40 дағдарыс орталығы көмек көрсетеді. Өткен жылы полиция қызметкерлері 11 мыңнан астам әйелді дағдарыс орталығына бағыттаған. Сенім телефоны бойынша 8 мың адамға консультация жасалған.

*****

Сондай-ақ ОКҚ-гі брифингте ІІМ Тергеу бөлімінің бастығы Ермек Шүлден қатігездікпен өлтірілген 19 жастағы Аяжан Еділованың өліміне қатысты пікір білдірді. «Осы қылмыстық іс бойынша қандайда бір құпия ақпаратты жария етуге болмайтындықтан қазір ешқандай ақпаратты жария етуге құқымыз жоқ. Күдікті қамауға алынды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс 26 наурызда Арнайы прокуратура қызметіне өткізілді», - деді Ермек Шүлден. Брифингте Тергеу бөлімінің бастығы жыл басынан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 203 құқық бұзушылық тіркелгендігін атап өтті.

*****

АҚШ президенті Джо Байден әлемнің бірінші экономикасы – Американы қайта жандандыруға 2,3 триллион доллар инвестиция салу жобасын жариялады. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, бұл жоспардың өзге бір мақсаты – көтеріліп келе жатқан Қытайға қарсы тұру. Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, қыруар қаражат инфрақұрылымды жетілдіруге, климаттың жылынуымен күреске және әлеуметтік қызмет түрлерін дамытуға жұмсалады. Дәлірек айтсақ, миллиардтаған доллар жолдар салуға, пойыз вагондары мен автобустарды жаңартуға, электромобильдерді қуаттандыратын станциялар салуға және осы арқылы миллиондаған жұмыс орнын ашуға бөлінейін деп отыр. Президенттің сөзінше, Құрама Штаттар инфрақұрылым деңгейі жағынан әлемде 13 орынға түсіп қалған.

*****

Франциядағы эпидахуалдың ушығуына байланысты енді елдің барлық өңірінде локдаун жарияланбақ. Бұл туралы осы елдің президенті Эммануэль Макрон хабарлады. Алдағы бір ай бойы тұрғындар өз үйлерінен 10 шақырымнан алыс жерге шыға алмайды. Аймақтағы азық-түлік емес дүкендер, мектептер мен балабақшалар жабылып, халық қашықтан жұмыс істейтін болады. Оқушылар онлайн оқу форматына көшпек. Алдағы пасха мерекесіне арналған балалардың демалысы қатаң карантин режимінде өтпек. Жергілікті билік қолға алынған қауіпсіздік шаралар эпидемияның үшінші толқынын тежеуге септігін тигізеді дейді. Францияда соңғы тәулікте 50 мыңнан астам жаңа науқас тіркелген.

*****

Бразилияда коронавирустың жаңа штамы анықталды. Ғалымдар ол вирустың оңтүстік африкалық мутациясына ұқсайтынын айтады. Дегенмен, «бұл бразилиялық штамның өзгерген түрі де болуы мүмкін» деп бас қатырып отыр. Жұқтыру деректерінің барлығы Сан-Паулу штатында тіркелген. Негізі бұл өңірдегі жағдай күрделі. Ауруханаларда орын жетіспей жатыр. Жалпы бүкіл ел бойынша эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Кейінгі тәулікте Бразилияда коронавирустан 3780 науқас көз жұмған. Бұл пандемия басталғалы тіркелген ең үлкен тәуліктік көрсеткіш.

*****

«Қазпошта» АҚ «Қазақстан азаматының әлеуметтік картасы» бірегей жобасын жүзеге асыруда. Әлеуметтік маңызы бар өнім халық арасында үлкен сұранысқа ие. Әлеуметтік карталарға күніне орташа алғанда 600-ге жуық өтінім жолданады. Шығарылған карталардың көлемі өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда 2,8 есе артқан. Бүгінде көп функционалды картаны 265 мыңнан астам адам қолданады. «Қазпошта» АҚ әлеуметтік картасының өңірлерге байланысты төлем, көлік, жеңілдік тәрізді функционалдары бар. Оның арқасында жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны және шәкіртақыны алып, қоғамдық көліктің ақысын төлеуге мүмкіндік бар. Кейбір өңірлерде оқушылар әлеуметтік карталардың көмегімен білім ордасына кіреді және мектеп асханасында төлем жасай алады.
Сонымен бірге оларға балалар тарифі бойынша қоғамдық көлікте жүру мүмкіндігі қарастырылған. Әлеуметтік карталардың иелері post.kz сайтында жеңілдік рецептісі бойынша жазылып берілген және алынған дәрілерді қарай алады. Сонымен бірге жұмсалған ақшаның бір бөлігін қайтарып алу мүмкіндігі бар. Дәріханаларда, дүкендерде, сауда орталықтарында әлеуметтік карта арқылы жасалған төлемдер үшін кэшбэк қарастырылған. Әлеуметтік картаны кез келген қазақстандық тұрғын қолдана алады. Оны шығаруға рost.kz арқылы онлайн өтінім жолдау қажет немесе «Қазпошта» АҚ кез келген бөлімшесіне жүгінуге болады.