Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Іздеу саламыз!

 «Бармысың, бауырым?» хабары жоғалған адамға іздеу салады, оған қоса, шыдамды, кешірімді болуды, сыйластықты және сағынуды үйретеді.  

Хат қоржыны:

Осыдан 12 жыл бұрын із-түзсіз кеткен ұлым Қанжарбек Нұрлыбекұлы Смағұловтан әлі де күдерімді үзбей жүрегім қан жылап отырған жайым бар. Ұлым Қанжарбек 3- курс оқып жүргенде, демалыста 5 қаңтар күні құрдастарымен бірге қалаға қыдырып кеткен. Сол жерде түнгі 12-ге дейін болған, шыққаннан кейін апамның үйіне барам деп кеткен. Ол үйге бармаған, содан бері хабарсыз. Ұлым Қанжарбектен бір дерек шығып қала ма деп іздеу салып отырмын. Құрметпен, анасы Оразкүл.

Ассалаумағалейкум «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы. Мен Бекбосын Жұлдызбаев Ақтөбе обылысы Байғанин ауданының тұрғынымын. Әскери борышымды бірге өтеген досымды іздеймін. Аты Оңайбай фамилиясы Аманқосов. Біз армия қатарында 1966-1968 жылдары Венгрияда Хаймашкерде болдық. Оңайбайдың туған жері Атырау облысы Құлсары ауданы. Досымды тауып, табыссам деймін, рахмет.

Мен Ғанибек Сағынтаев, Жамбыл облысы Тараз қаласынан хат жолдап отырмын. Әпкем – Қызықтай Нұртайқызы Жолжанованы іздеймін, ол 1971 жылғы, Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Қазіргі тұртаын жері Алматы облысы Жамбыл ауданы Фабричный ауылы болуы мүмкін. 1998-2000 жылдары ауруханада мейірбике болып жұмыс істеген. Қарындасым – Нүргұл Сахибова Оңалбайқызы, 1974 жылдың 12 сәуірінде Талдықорған обл Сарқанд ауданы Соколовка ауылында туған. 1998-2000 жылдары Алматыда тұрды. Осы екі туысыммен байланыс үзіліп қалды. Тауып, табысқым келеді. Көрмегеніме 20 жыл болды. 

Мен Тоқтасын Мұсабайұлы Тұяқов, 1939 жылы тудым. Алматы облысы Еңбешіқазақ ауданы Қорам ауылының тұрғынымын. Мен Исатай Ильясовқа іздеу саламын. Ильяс 1939 жылы туған, математика ғылымдарының кандидаты, 1962 жылы Қорам ауылында мұғалім болып жұмыс істеді. 1962 жылы мен үйленгенде, Ильяс жігіт жолдас болды. Соңғы рет 1990 жылы Орал қаласында көрдім. Сол жылы Ильяс Ауыл шаруашылық институтында сабақ беріп жүрді. Содан бері хабарласпадық. Менде телефон нөмірі, әйелінің есімі блокнотта жазулы еді, сол блокнотымды жоғалтып алдым. Ильястың 4 қызы болды. Іздеу салып отырған екінші адамым: жұбайымның құрбысы – Қалида Идрисова, 1938 жылғы, Алматыдағы Денешынықтыру институтын 1962 жылы бітірген. Жұбайымның аты-жөні Римма Әсембайқызы Алдабергенова. Осы Қалида біз үйленгенде қыз жолдас болды. Естуімше, Түркістан облысы Кентау қаласына қызметке орналасқан.

Мен Жетпісбек Пірімғалиұлы Аңсатбаев. Алматы қаласынан хат жазып отырмын. Әкем Пірімғали Аңсабайұлының қарындасын немесе сол қарындасының басқа да туыстарын іздеймін. Әкем 1952 жылы Нарынқолда содан кейін 1957 жылы Талдықорған облысы Ойтаған ауылында ұстаздық етті. 1960 жылы Алматы қаласына қоныс аудардық.

Сәлеметсіздер ме, мен Қайрат Дәукенұлы Бибосынов әкемнің туыстарына іздеу саламын. Әкем Дәукен Бибосынов 1965-1967 жылдары Қытайдан Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Қарасу ауылына келген. Сол жылдары мал баққан. Кейіннен Самар ауданының Қойтас ауылына 1969 жылдары көшкен. Сол жақта біз үш ұлы дүниеге келіппіз. Әкем өз туыстары, елі туралы ештеңе айтпады. Біз де ол кездері жас болғандықтан ештеңе сұрамадық десем де болады. Әкем 1993 жылы қайтыс болды. Өзімнің іздестіруім бойынша әкем сол жылдары Қытайдан жалғыз келген. Қытайда ағайындары қалған. Ағасының атымен кетіп қалуы мүмкін... деген мәліметті де естідім. Тарбағатайда тұрғанда әйелі, қыздары болған дейді. Өз бетімше іздегеннен еш нәтиже болмаған соң сіздерден әкемнің туыстарын іздестіріп, ата тегі туралы деректер тауып берулеріңізге көмек сұрап отырмын. 

Мен Пардана Қайырбайқызы Жакупова бауырым Қайролла Қайырбайұлы Искаковты іздеймін. Бауырым 1958 жылы 24 сәуірде Қарағанды облысы Шет ауданы Өспен совхозында туған. Отбасын құрды, бірақ, ажырасып кетті. Қайролла 2005 жылы келіп, «төлқұжатымды жоғалтып алдым, сенде менің Туу туралы куәлігім бар ма?» деп мендегі құжатын алып, он шақты күндей болып кеткен. Содан қалаға барып жұмыс істеймін деп кеткеннен оралмады. Естуімше, қалада жүр, басқа бауырларыма барады екен. Сіздерден көмек және жақсы хабар күтемін.  

Мен Ғалымбек Қабдолов Шығыс Қазақстан облысының тумасы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынымын. Әскери зейнеткермін, 1988 жылы мамырда әскерге шақырылып, Германияда екі жыл интернационалдық борышымды өтеп қайттым. Екі мың солдаттың ішінде елудей қазақ болдық. Бір адамның баласындай тату- тәтті, ұйымшыл едік. Совет өкіметінің тарау алдында тұрған кезі. Ұйымшылдығымыздың арқасында ешкімге есе жібермедік. Сол кездегі лидеріміз Алтынхан Сүгірәлиев деген жігіт еді. Ол Түркістан облысы, Алғабас ауданы, Шалдар ауылынан болатын. Осы күнге дейін өзім іздеп таба алмай қойдым. Біз Германияда Дала поштасының №58/589 әскери бөлімшесінде қызмет еттік. Елге оралғаннан кейін хат алысып тұрдық. Бір хатында Қарағандыға барып бір университетке оқуға тапсырғалы жүргенін жазған. Осы досымды тауып, кездессем, көрсем деймін. Сіздерге көп рахмет! 

«Бармысың, бауырым?» хабарына қақ ортасынан жыртылып, қайта желімделген немесе қаламмен суреттегі адамның бетін шимайлап, қайтадан тазартқан фотолар да келеді. Бұл – екі адамның арасындағы реніштің ерте ме, кеш пе басылатынын көрсетіп тұр ғой. Бес күн жалғанда жақынымыздың жанын жараламайық.  

ЖАҚЫНЫҢЫЗ ЖАНЫҢЫЗДАН ТАБЫЛСЫН!