Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәуелсіздік тарихы – 1997 жыл

Тәуелсіздік тарихы – 1997 жыл

Әрбір елдің саяси жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Бүгінгі хабарымызда тәуелсіз Қазақстанның өткен күндерін парақтап, 1997 жылға тоқталамыз.

1997 жыл. Бұл егемендіктің алғашқы бесжылдығы аяқталып, жас мемлекеттің жаңа сападағы экономикалық секіріске бел буған кезеңі. Дәл осы жылы кеңес қирандысынан айтарлықтай жапа шеккен ұлттық экономиканың бойына қан жүгіріп, жан басына шаққандағы табыс көлемі де арта түсті. Сондай-ақ алдағы 30-40 жыл ішінде өндіруге мүмкіндік беретін еліміздегі мұнай қорының көлемі бағамдалып, халықтың әлеуетін арттыратын ұлттық жоспар бекітілді. 

Тәуелсіздік тарихында 1997 жылдың алар орны ерекше болды. Себебі осы жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялады. Бұл шешім, тілегі бір қазақ халқының рухын одан әрі асқақтата түсті.

1997 жылдың осы бір ерекше оқиғасы туралы белгілі жазушы Шерхан Мұртаза «Тәуелсіздік толғауы» атты баспасөзде жарияланған естелігінде былай деп жазған болатын: «Мен көп нәрсені ұмытармын, бірақ бұл Жарлық естен шыға қоймас. Өйткені, сол қуғын-сүргін құрбандарының бірі - менің әкем еді. Молдадан оқығаны болмаса, сауаты да кемшін, билікке араласпаған қарапайым колхозшының бар айыбы байдың баласы екен. Тұрар Рысқұловпен рулас екен. Жазықсыз жанды жаламен соттап, қылшылдаған қырық үш жасында қыршынынан қию айуанға тән зұлымдық. Мұндай озбырлықпен, зұлымдықпен құрбан болғандар жалғыз менің әкем бе екен, мың-миллион. Бұл зобалаң атақты, ызғарлы отыз жетінші жылды ғана қамтымайды. Ең кемі ХХ ғасырдың жартысын қамтиды». 

1997 жылы 24 сәуірде Мәскеу қаласында Ресей, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан басшылары кездесіп, Шекара аймағындағы қарулы күштерді қысқарту туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Борис Ельцин Қазақстан - Ресей арақатынасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық принциптерін анықтайтын жаңа құжат дайындау туралы келісімге қол жеткізді.

1997 жылы Ел Президенті халыққа тұңғыш жолдауын жариялады. Аталған жолдау Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясына арналып, бұның өзі ұлтымыздың болашаққа деген сенімін әрі қарай нығайта түсті. «Қазақстан-2030» стратегиясы - шын мәнісінде тарихи оқиға, тарихи меже болып қалыптасты. Бұл өз кезегінде келешекке көз жүгірту ғана емес, елдік діттеген мақсат-мұраттарды орындауға деген үлкен құлшыныс болды.

Толығырақ хабардың аудионұсқасында.