Нұр-Сұлтан - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Сенаторлар туризмді дамытуға тың серпін беретін заң қабылдады

Сенаторлар туризмді дамытуға тың серпін беретін заң қабылдады

Енді туристік әлеуеті жоғары аумақтарда нысандар салатын кәсіпкерлер үшін инвестициялық жеңілдіктер қарастырылады. Ондай жерлерге ерекше қарқынмен дамып келе жатқан және туристификация картасында республикалық деңгейдегі нысандар тізіміне енгізілген арнайы аймақтар жатады. Мұндай жаңа норма бүгін сенаторлар қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда жазылған.

«Елімізде туризм саласын дамыту маңызды мақсаттардың бірі. Бүгін қабылданған заң осы бағытта кешенді заңнамалық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес қаржылай қолдау тетіктерінің де ауқымы кеңейді. Олардың қатарында инвестициялық жеңілдіктер, туристік қызметті ынталандыру, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Осы құжат арқылы көші-қон процестері мен азаматтық мәселелерін реттеу және заңсыз көші-қон арналарын анықтау бойынша мәліметтер алмасу үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Сол арқылы тараптар статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпараттармен, өз аумағындағы екі мемлекеттің азаматтары туралы мәліметтермен бөлісуге мүмкіндік алады. Одан бөлек, ынтымақтастық аясында туындайтын мәселелер бойынша өзара тәжірибе алмасуға да жол ашылады.

«Бұл келісім заңсыз көші-қонға қарсы күресте және көші-қон процестерін реттеуде қосымша құқықтық тетіктер қалыптастырады. Сондай-ақ, аталған заң екі ел арасындағы осы сала бойынша ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпалын тигізеді», – деді Сенат Төрағасы.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының жекелеген нормалары бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келіспеушілікті еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсынысын да қарап, қабылдады.

«Осы құжатты қарау барысында заң консультанттары палаталарының Республикалық заң консультанттары алқасына міндетті мүше болуы туралы норма қызу талқыланған еді. Осыған орай келісім комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, аталған норма заңнан алынып тасталды. Соған сәйкес, Республикалық алқаға мүше болу, тиісінше оған жарна төлеу ерікті түрде жүргізіледі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, отырыс кезінде сенатор Ерік Сұлтанов газбен қамтамасыз ету жұмыстарын құқықтық реттеуді жетілдіру жөнінде депутаттық сауал жолдады. Ол өз сауалында газ баллондарының жарылу салдарынан болатын қайғылы оқиғалардың алдын алуға арналған ұсыныстарын жеткізді.


Дереккөз: senate.parlam.kz