Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Іздеу саламыз!

Іздеу саламыз!

Осыдан 30 жыл бұрын бауыр еті баласынан амалсыз бас тартқан бір келіншек, екінші рет тұрмыс құрып, бала сүйсе де, тұңғышын ойлап жылайды. «Өткен өмірім қай күні, қай бүйірімнен түртіп қалады екен...» деген үрей де үдеп барады. Ал енді бір үйдің босағасында, туған анасының дидадарын бір көруді аңсап, жанары жылу іздеп жаутаңдаған бала жүр...  

Хат қоржыны:

Сәлеметсіздер ме! Мен, Арнагүл Қалиахметқызы, Қытай Халық Республикасы, Дөрбілжін ауданында дүниеге келдім. Әкем – Қалиахмет Қорабайұлы, анам – Оразхан Төлеубекқызы. Мен нағашы ағам, яғни анамның туған ағасы – Айтқазы Төлеубекұлына іздеу саламын. Айтқазы ағамның руы – Семізнайман, Туманшы. Ағам Қытай Халық Республикасы, Дөрбілжін ауданында тұрған, 1962 жылы Қазақстанға көшіп келген, 1977 - 1978 жылдарға дейін хат алмасып тұрдық. Хаттары Шығыс Қазақстан облысынан, нақтырақ айтсам, Аягөз бен Таскескеннен келетін. Отбасы болды, 1978 жылдан кейін хабарсыз кетті. Нағашы әжемнің есімі – Нүрипа, ол кісінің Айтқазы, Үмітқан, Кенжехан, Оразхан атты төрт баласы болды. Үш ағайынды Қытайда қалып, тек осы Айтқазы ағамыз Қазақстанға көшіп кеткен. Басқа ешқандай мәлімет те, суреттері де жоқ. Егер ағам Айтқазы Төлеубекұлын немесе осы кісінің балаларын танитындар болса, қарындасы іздеп жүргенін айтыңыздаршы. Көп рахмет. Сәлеммен, Арнагүл Қалиахмет. 

Мен, Бұлбұл Қуанышбайқызы, Алматы қаласының тұрғынымын. Әкемнің туған қарындасының балалары – Бекзат Сасанов пен Айзат Сасановаға іздеу саламын. Балалар 1999 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш елді мекенінде туған, қазір 22 жасқа толды. Анасы ішімдікке әуес болып, балалар 5 жасында Алматы қаласы Бағанашыл шағынауданындағы Балалар үйіне өткізілген еді. Қазір анасы түзелді, жұмыс істеп жүр. Басты арманы екі баласын іздеп тапсам дейді. Балалар үйінен сұрадық, ешқандай дерек бермеді. Бізге көмектесіңіздерші, бауырларымызды тауып, анасымен, туыстарымен табыстырсақ дейміз. 

Сәлеметсіз бе, мен, Күлпаш Қасымқызы Канафина, әкемнің інісінің балаларын іздеп жүрмін. Аты-жөндері Есбол және Досбол Құлжановтар. Әкелерінің есімі – Орынбай, аналары – Қалдыгүл. Бұрын Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы бұрынғы Самсоновка, қазір Күреңбел деп аталатын ауылда тұрған. Сексенінші жылдардан кейін байланыс үзіліп қалды. Іздеу салып отырған Әлкеновтар отбасы, біз жеті ағайындымыз. Бұрын Торғай облысы Қима ауданы Терісаққан ауылында тұрдық. Туыстарымыз жайлы қандай да бір мәлімет табылып, табыссақ дейміз. Еңбектеріңізге алғыс айтамыз.  

Қайырлы күн! Менің аты-жөнім Ордабай Құрбанбайұлы Асқаров. Алматы облысы Қарасай ауданынан хат жазып отырмын. Досым Өтеген Абдуллаевтың жалғыз ұлы –Бауыржан Абдуллаевты іздеймін. Бауыржан 1983 жылғы 9 тамызда Өзбекстан Республикасында туған. Соңғы рет Алматы қаласында жұмыс істеген. 2017 жылғы 23 наурызда жұмысқа кеткеннен қайтып оралмаған. Сол күні кешкісін бригадирінің телефонынан әкесіне хабарласқан, «Үйге барамын» деген, бірақ келмеген. Өзінің телефоны сол күні үйде қалыпты. Екі күннен кейін бригадирі «Бауыржан жұмысқа келмей жүр» деп қоңырау шалған. Бауыржан Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалган бекетінде әке-шешесімен тұрған. Ажырасқан, бір қызы бар. Мүмкін әйелі мен баласына кеткен шығар деген оймен Өзбекстаннан, Ақтаудан іздеген, табылмады. Көрген-білген ешкім жоқ. Алматы қаласы Алатау ауданы мен Алматы облысы Қарасай ауданының Аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазылды. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Бауыржанның оң жақ қасының үстінде қалы бар.

Мен, Нұрсейіт Тұрысбекұлы Жалмұрзаев, Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Шәйдана ауылынан хат жолдап отырмын. Қайын ағам Мақсат Баймырзаұлы Бекмырзаевқа іздеу саламын. Ол кісі менің қайын ағам. Ағамыз 1973 жылғы 3 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Бййдібек ауданы Ақтас ауылында дүниеге келген. 2018 жылы 4 қарашада түнде үйден шыққан, содан бері жоқ. Қаратаудың етегінде мал бағатын. Түнде жақын маңдағы қойшыларға барған, үиіне қайтып келген әйелін оятып, «Мені алып кетейін деп жатыр»,- деп айтқан. Әйелі сыртқа шығып, қайтадан үйге кіріп кеткен. Содан жоғалып кетті деген хабар келді, барлық жерден іздедік. Інісі Жамбыл облысы Жуалы аудандық Ішкі істер бөліміне ресми түрде арыз берді. Мұрынында тыртық бар, кішкентай кезінде ит тістеп алған. 

Мен Жамбыл облысы Жуалы ауданы Шақпақ ата округіне қарасты Ынтымақ ауылының тұрғыны Бауыржан Бекбаевпын. Ағам Орынбасар Бекбайұлы Байтеміровті іздеймін. Ол кісі менің әкемнің інісі, 1954 жылы 21 қазанда туған. Осыдан 17жыл бұрын, яғни 2003 жылғы мамырда Тараз қаласына барып келемін деп кеткеннен оралмады. Көмектесулеріңізді сұраймыз.

Мен, Балқия Мұқанова, Атырау облысы Жылой ауданы Құлсары қаласының тұрғынымын. Мен Нұрлан Қаңтарбаев деген азаматты іздеп жүрмін. Мамандығы геолог. Нұрлан 1977-1979 жылдары Атырау облысы Индер кентіне жұмыс бабымен келген. Алматыдан ұшақпен келерінде, маған сирень гүлін әкелгені есімде. Мен байланыс саласында телефоншы қызметін атқардым. Нұрлан өте жақсы адам, есімнен шықпайды. Мен қазір немере бағып отырмын, көзімнің тірісінде осы Нұрлан Қаңтарбаевтың дауысын бір естісем деймін. 

Мен, Бибіхатша Сағиқызы, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында тұрамын. Інім –Абай Сағиевті іздеймін. Абай Өзбекстан Республикасының Қаңлыкөл ауданы Сарыалтын ауылында 1972 жылғы 7 қаңтарда дүниеге келген. Келіншегі 2000 жылы ауырып қайтыс болды, бір қызы қалды. Абай 2007 жылы «Өзбекстанның Хожелі қаласынан қызыл Ikarus автобусқа мініп, Алматыға 20 адам жұмысқа бара жатырмыз» деп айтты, содан кейін жоқ. Бауырымды іздеп, 2010 жылы мен Хожелі аудандық Ішкі істер бөліміне арыз бердім, әлі хабар жоқ.  

Мен, Бағира Жанәбілқызы Жансейітова, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қазатком ауылынан хат жолдап отырмын. Туған бауырым Ербол Жанәбілұлы Жансейітовті іздеп жүрмін. Бауырым 1972 жылғы 16 шілдеде Түркістан облысы Созақ ауданы Жуантөбе ауылында дүниеге келген. Ербол осыдан 10 жыл бұрын, Алматыға жұмыс істеуге кеткен. Отбасылық жағдайларға байланысты ресми түрде іздеу сала алмадық. Бауырым кішкентай кезінде күйіп қалған, оң жақ қабырғасы мен қолтығында тыртығы, оң көзінің астында қалы бар. Анамыз ұлын сағынып, күтіп отыр, көзінің тірісінде көргісі келеді. 

Қайырлы күн. Мен, Гаухар Назарқызы Баймаханова, 1932 жылы туған атам – Баймахан Райқұловтың ұлы – Нұрсыпа Баймаханов пен қарындасы – Зәкира Райқұлованы іздеп хат жазып отырмын. Бұл кісілер 1925 жылы туған, Әулие ата қаласындағы Балалар үйіне тапсырылған. Туған жерлері Әулие ата қаласындағы Мирзоян ауданы Құрама ауылы болуы мүмкін. Балалар алдымен Шымкенттегі, одан кейін Қызылордадағы Балалар үйіне ауыстырылған екен. Соғыс басталып, атам хабарсыз кеткен. Ал менің әкем 1938 жылы туған, сондықтан олар әкем туралы білмейді. Олар әке-шешесіне іздеу салса, Баймахан Райқұлов пен Шақатай (Шалқаркүл) Райқұлова деп іздеуі мүмкін. 

***

Кей адам бізге әкесін іздеп, аман-есен жүрсе екен деп тілейді және өзінің шыққан тегін, жеті атасын білгісі келеді. Егер сіз балаңызға хабарласпай, туыстық қатынасты үзгеніңізге көп болса, міндетті түрде хабарласыңыз. Ол сіздің қоңырауыңызды күтіп жүр.

Аты-жөні аталған адамдарды танысаңыз, қайда жүргенін білсеңіз, хабарласыңыз, 8-707-53-55-383 нөмірі сіздерден қоңырау күтеді. 

ЖАҚЫНЫҢЫЗ ЖАНЫҢЫЗДАН ТАБЫЛСЫН!