Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 15.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 15.04.2021

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында ел дамуының жаңартылған болжамы және республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Отырыс барысында Үкімет әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты болжамдарын және әлемдік экономикадағы ахуалды, тауар нарығындағы үрдістерді ескере отырып, осы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстарын, сондай-ақ, биылғы І тоқсанның алдын ала қорытындыларын ұсынды. Жиын қорытындысы бойынша Президент бюджет шығындарын оңтайландырып, кірісін арттыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, инфрақұрылым мен цифрландыруды дамыту, сондай-ақ, Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді.

*****

Креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасын Үкімет әзірлейді. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканың креативті секторын дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысы кезінде айтылды. 1 тамызға дейін әзірлеу жоспарланған құжатта мемлекеттің креативті кәсіпкерлікті дамыту, шығармашылық өнімдерді экспорттық нарыққа шығару, шығармашылық индустрия үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау, дарынды қазақстандықтарды қолдау, зияткерлік меншікті басқару сынды тақырыптыр қамтылады.

*****

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы облысына жұмыс сапары барысында ауылдық медициналық мекемелерде КВИ-ға қарсы вакциналау барысының ұйымдастырылуымен танысты. Бірінші нысан Талдыбұлақ ауылының дәрігерлік амбулаториясы болды. Министр адамдардың көп жиналуына және денсаулыққа қауіп төндіруге жол бермей, вакцинацияның жоспарлы процесін қамтамасыз ету қажет екендігін атап өтті.

*****

Елордадағы көшпелі бригадалар қаланың түрлі кәсіпорындары мен ірі ұйымдарының қызметкерлерін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауды жүргізіп жатыр. «Ниет білдірушілердің тізіміне сәйкес сол жерде вакцинация жүргізу үшін көшпелі бригадалар жібереміз. Меншік иелерінің аумағында барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып егу пункттері ұйымдастырылған», — дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

*****

Алматыдағы Әбілхан Қастеев музейінде вакцина салу орны ашылды. Ол Алматы қаласының № 12 емханасының мобильді егу пункті. Вакцинация кабинеті өнер мұражайының бірінші қабатында орналасқан. Емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Тоғжан Әбілдаева вакцинация пункті таңғы сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтінін айтты.

*****

2020 жылдың қорытындысы бойынша елде өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны 37 мың адамға азайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтты.

*****

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин су тасқыны қаупі бар өңірлерді атады. «Қазақстан аумағының шамамен 10%-ын әлі де қар басып жатыр. Бұл негізінен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, ішінара Қостанай облыстары, Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының таулы аудандары», - деді министр. Ол ақпан айының басынан бастап ТЖ жөніндегі комиссия отырыстары, оның ішінде Үкімет отырыстары өткенін, онда алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары бойынша тапсырмалар берілгенін айтты.

*****

Көктемгі су тасқынымен күресу үшін Аршалы ауданына Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті, сондай-ақ, Қарағанды облысынан әскери бөлімнің күштері көмекке жіберілді. Су тасқыны бойынша жағдай қазір Целиноград, Аршалы аудандарында күрделеніп отыр. №42 Разъезд стансасы және Жібек жолы ауылы көшелеріндегі елді мекендерді су басу мүмкін. Қазіргі кезде, бұл елді мекендерде құтқарушылар су тасқынын болдырмау үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

*****

Бүгіннен бастап Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының ғимаратына шығарып салушылар мен күтіп алушылар үшін кіруге уақытша шектеу қойылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының баспасөз хатшысы Әнуар Шәлекенов айтты. «Тұрғындар арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Осыған байланысты «қызыл» аймақта орналасқан өңірлерде теміржол вокзалдары мен әуежайларда шығарып салушылар мен күтіп алушылардың кіруіне шектеу қойылады», - деп атап өтті Шәлекенов.

*****

Қазақстанда киіктердің санын анықтау үшін тікұшақпен әуеден санау басталды. «14 сәуірде Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының қызметкерлері ұшу алдындағы дайындықты өткізді: есептеушілерге арналған тренинг жүргізілді, маркерлерді орнату және есеп жолағының ені белгіленді. Бүгін, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында ұшу жұмыстары басталды», - делінген ақпаратта.