Нұр-Сұлтан - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

БАС МҮФТИ ӨЗБЕКСТАН ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ

БАС МҮФТИ ӨЗБЕКСТАН ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ

Елордада ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, бауырлас елдер арасындағы байланыстың беки түсуі турасында әңгімелесті.

Елші Саидикрам Ниязходжаев тарихи, мәдени байланыстарды жан-жақты дамыту жайлы баяндай келе өзінің бірнеше ұсынысын жеткізді.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» атты мақаласында Орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан деген сөзі бар. Одан бөлек тамыры тереңде жатқан Ұлы Жібек Жолының дамуында бауырлас түбі бір түркі елдері теңдессіз орын алады. Бағзы заманнан келе жатқан байланысты бекіте түсу үшін Ислам мәдениетінің орталығы саналатын Самарқан, Бұхара, Ташкентке одан қалды Түркістан, Арыстан баб, Отырар мен Сығанаққа екіжақты зиярат турларын ұйымдастыруды бірігіп қолға алсақ деймін. Тарих пен туризмді қатар дамыту жағын ұсынамын», - деді Өзбекстан Елшісі.

Ал Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құрметті Елшінің тараптар арасындағы байланысқа ықыласты болғанына ризашылығын білдіріп, коронавирус індетінің таралуына байланысты зиярат турларының уақытша тоқтағанын айтып, бұл екі ел арасындағы мәдени-экономикалық бағытта тиімді екенін жеткізді.

«Бұл өте нәтижелі жоба дер едім. Сан ғасырлар бойы бабаларымыз шекарасыз, шектеусіз араласып келді. Түп тамыры тереңде жатқан тарихи қатынастарды қайта жаңғырту маңызды. Төле би бабамыз Ташкентте, Әйтеке би Нұратада жерленген. Міне бұл да – бір тарихи көрініс. Індеттің беті қайтса, екіжақты жобаларды қолға алып, зиярат турларын ұйымдастыруға оң көзқарастамыз» - деп атап өтті Бас мүфти.

Сондай-ақ кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасында чартерлік рейстерді ұйымдастыру, имамдардың өзара тәжірибе алмасуын қолға алу, жат ағыммен бірге күресу сынды бірқатар ортақ жобалар талқыланды.

Жүздесу соңында Бас мүфти Елшіге кәдесый табыстап, қызметіне береке тіледі.

Айта кетейік, кездесуге ҚМДБ Төрағасының орынбасары Ершат қажы Ағыбайұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Өзбекстан Республикасы Елшілігінің Бірінші хатшысы Мұзаффар Усманов қатысты.


Дереккөз: muftyat.kz