Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 21.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 21.04.2021

Мемлекет басшысы Қазақстанның блокчейн-технологиялар ассоциациясының басшысы Исламбек Салжановты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстандағы блокчейн-технологиялардың дамуы жайында баяндалды. Исламбек Салжанов іске асырылып жатқан нақты жобалар жайында, сондай-ақ, Үкіметпен бірлесе отырып аталған салаға халықаралық компаниялар мен инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында орындалған жұмыстар туралы ақпарат берді. Ассоциация басшысының сөзінше, бұл - елімізде көптеген жұмыс орнын ашуға көмектеседі, ал, салық саясатына енгізілетін кей өзгерістер ел бюджетіне қосымша түсім әкеледі. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет жаңа технологияларды экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.

 *****

Қазақстанның 10 өңірі «қызыл» аймақта тұр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты.

Оның сөзінше, эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан 23 күн бойы «қызыл» аймақта тұр. «Сондай-ақ тәуекелі жоғары аймақта 10 өңір бар. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстары. Тәуекелдің орташа аймағында Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстары бар. Жасыл аймақта Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары орналасқан», - деді Ерлан Қиясов.

 *****

Қазақстанда вакцинаның бірінші компоненті 766 614 азаматқа салынды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты. «Бүгінгі күні өңірлерде 1 051 егу пунктінде иммундау жүргізілуде. Бұдан басқа, шалғайдағы аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде КВИ-ге қарсы вакцинация жүргізу үшін 303 көшпелі егу бригадасы жұмылдырылды», - деді Ерлан Қиясов.

 *****

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева мәлім еткендей Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 100 вакцина егу пункті ұйымдастырылған. Қосымша жылжымалы 31 егу бригадасы жұмыс істеуде.

 *****

Атырау облысында 250 мың адам коронавирусқа қарсы вакцина алады.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтың мәлім етуінше, 1 ақпан-19 сәуір аралығында «Спутник V» вакцинасының I компонентін - 14 887, ал II дозасын 3 472 адам салдырған. «Атырау облысында тұрғындардың саны 650 мың адам. Оның ішінде 250 мың тұрғынды вакцинациялау жоспарланып отыр.», -дейді Асхан Байдуәлиев. Оның айтуынша, 1 ақпаннан бері облысқа «Спутник V» вакцинасының 15 200 дозасы жеткізілген.

 ***** 

Павлодар облыс аумағында орналасқан автомобиль өткізетін 4 шекаралық бекетте адамдардың кіріп-шығуына бақылау жалғасуда. «Өткен тәулікте Павлодар облысы аумағындағы мемлекеттік шекара бекеттерінен 321 азамат өтті. Оның ішінде 137 жаяу жолаушы, 184 жүк көлігінің жүргізушілері болды. ПТР-анықтамасыз келген 8 қазақстандық карантиндік стационарға жатқызылды. Шекара бекетіне ПТР-анықтамасыз келген Ресей Федерециясының 3 азаматына ел аумағына өтуіне тыйым салынды», - делінген ақпаратта.

 ***** 

Республика бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 2607 жаңа басқару нысаны құрылған. Бұл туралы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков айтты. «2020 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР заңы күшіне енді. Заң бірнеше мәселелерді шешуге бағытталған., - деді Нұрбек Серіков.

 *****

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымыздың символын әзірлеуге, яғни «TeamKZ» жазуының үлгісін және логотиптің графикалық кескінін дайындауға байқау жариялады. Жұмыстар 21 сәуір - 2 мамыр аралығында қабылданады. Байқаудың жүлде қоры -1 миллион теңге. Жеңімпазды анықтау үш кезеңнен тұрады. Байқау жұмыстарының алғашқы іріктеуін Ұлттық Олимпиада комитетінің комиссиясы өткізеді. Екінші кезең Olympic.kz сайтында дауыс беру арқылы жүргізіледі. Үшінші кезеңде іріктелген жұмыстар Қазақстанның ұлттық командаларының спортшыларына және олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық федерацияларға жіберіледі. Әр команда мен федерациядан бір дауыс есептеледі. Көп дауыс жинаған жұмыс - таңдалады. Нәтижелер 11 мамырда www.olympic.kz сайтында жарияланады.