Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 23.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 23.04.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Мамин мен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады, деп хабарлайды Ақорда. Мемлекет басшысына еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, халыққа вакцина салу барысы, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жайында баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа халыққа екпе егуге қатысты қабылданып жатқан шаралар жайында айтылды. Асқар Маминнің айтуынша, сәуірден бастап ай сайын 2 миллион адамға вакцина салу жоспарланып отыр. Президентке отандық QAZVAC вакцинасының өңірлерге жеткізілуі жайында ақпарат берілді.

*****

Премьер-Министр Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы вакцина шығарған он мемлекеттің және өз әзірлемелерін тіркеген бес елдің қатарына кіргенін айтты. Сонымен қатар ол 26 сәуірден бастап «ASHYQ» қосымшасын барлық облыстар кең көлемде қолданыла бастайтынын атап өтті. Бұл «қызыл» және «сары» аймақ кезінде экономиканың әртүрлі секторының қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек. Мемлекет басшысына берілген ақпараттарға сәйкес, жұқпалы аурулар ауруханасындағы орындар 42 пайызға, жан сақтау бөлімдері 28 пайызға толық. Дәрі-дәрмектің, жеке қорғаныс құралдарының қажетті қоры жасақталған, ПТР-зертханалары күніне 123 мың адамға дейін қызмет көрсете алады. 25 мың төсек-орын қоры бар, барлық өңірде заманауи құралдармен жабдықталған жаңа жұқпалы аурулар ауруханалары жұмыс істеп жатыр.

*****

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа 29-30 сәуір күндері өтетін Еуразиялық парламентаралық кеңестің отырысына дайындық барысын да баяндады. Сонымен қатар инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту мәселелері де қарастырылды. Кездесу соңында Президент Үкіметке отандық вакцина өндірісін арттыруды және оның халыққа қол жетімді болуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Еске сала кетсек, 22 сәуірде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының бірінші партиясын жөнелтуге қатысқан болатын. QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетін болады. Ағымдағы жылғы 26 сәуірде халықты QazVac вакцинасымен вакцинациялау басталады. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылатын болады.

*****

Сондай-ақ, бүгін Президент Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады. Жоғарғы Бас Қолбасшыға ведомствоның биылғы жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмысының қорытындысы, әскердің жауынгерлік дайындығы мен тәртібі, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Кездесу барысында коронавирус індетіне қарсы күрес жағдайына ерекше көңіл бөлінді. Нұрлан Ермекбаев әскери медицинаның ПТР-зертханалармен қамтылуы жайында айтты. Министрдің сөзінше, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі зертхана іске қосылған, ал Ақтау мен Семейде мобильді кешен жұмыс істеп тұр. Офицерлер мен сарбаздарға вакцина салу жалғасуда. Бүгінде Қарулы Күштер құрамының 20 пайызына екпе егілген.

*****

Министр Мемлекет басшысына «Алтын жебе» арнайы операциясы және «Қалқан-2021» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығу жиындарының нәтижелері, сондай-ақ, екінші жартыжылдыққа жоспарланған «Отпантау» стратегиялық оқу-жаттығуға дайындық жөнінде есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастық бағыттары, Қарулы Күштерді әскери техникамен жабдықтау, Қарулы Күштердің тұжырымдамасын дамыту жұмыстары туралы айтылды. Сонымен қатар Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеуге дайындық барысы, 2022 жылы Қазақстан әскерінің құрылғанына 30 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру жұмыстары талқыланды. Кездесу соңында Жоғарғы Бас Қолбасшы Қорғаныс министріне еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

*****

Мемлекеттік хатшы шопандар күнін өткізу ұсынысына қолдау білдірді. Бұл жөнінде Қырымбек Көшербаев Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған «Қазақстанның қой шаруашылығы: өткені, бүгіні және келешегі» тақырыбында өткен конференцияда айтты. Осы ретте Мемлекеттік хатшы «Шопан ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының мал шаруашылығы саласында қой өсірушілерге бағытталған ақпараттық платформасына назар аудараруды баса атап өтті. Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығында бүгінгі таңда 100-ден астам шаруа қожалығы тіркелген. «Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуы тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін, тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніс пен майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бетбұруымыз керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялармен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет», - деді Қырымбек Көшербаев.

*****

Нұр-Сұлтан қаласындағы LRT құрылысы ісі бойынша сот үкімі 28 сәуірде жарияланады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова айтты. «Судья 28 сәуірде түстен кейін елордадағы LRT құрылысы кезінде ақша жымқыру ісі бойынша үкімді жариялайды. Алдын-ала уақыты сағат 15.00-ге деп жоспарланып отыр», - деді Ботагөз Баянова. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өкен мәжілісте LRT құрылысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырған болатын. Істі тергеу 2020 шаралары жылдың басында аяқталды. Тергеу кезінде 10-нан астам адамның жауапкершілігі тексерілді. Сондай-ақ, 3 адамға Интерпол желісі арқылы іздеу жарияланған. Іс сотқа 2020 жылдың 2 қазанында жолданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-департаментінің басшысы Сергей Перов осы іске қатысты күдікті деп атынлған Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің қайда жүргені туралы ақпарат бар екенін мәлімдеген еді.

*****

Алматы қаласында кәсіпкер, меценат Дулат Тастекейдің «Өте маңызды» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысты. «Өте маңызды» кітабында кәсібін шағын несие ұйымынан бастап, Қазақстанның барлық өңірінде филиалдарын өркендетіп, қаржы компаниясына айналдырған кәсіпкердің бизнес жолы, жеке тәжірибесі, түйгендері мен білгендері қамтылған. Бұл кәсіп бастауға ниетті кез келген оқырман үшін пайдалы туынды болмақ. Еңбек жалпы кәсіпкерлікке, бизнеске қызығушылық танытқан барша оқырманға, қалың қауымға, жастарға, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Автор бизнес тақырыбын бүгінгі көзқарас тұрғысынан жіті саралаған, жете зерттеген. Кітап екі мың дана таралыммен жарық көрген.