Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 26.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 26.04.2021

Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaq Republic» жобасының авторы Сәкен Жолдасты қабылдады. Мемлекет басшысына «Qazaq Republic» брендінің дамуы, жаңа әзірлемелер мен жобалардың іске асырылуы жайында баяндалды. Сәкен Жолдас отандық кәсіпкерлердің пандемия жағдайындағы жұмысы, бизнестің түйткілді мәселелерінің шешімі және мемлекеттік құрылымдар тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы айтты. Сондай-ақ әңгімелесу барысында қазақстандық заманауи бірегейлікті қалыптастыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Президент еліміздегі креативті индустрияны дамытуға мемлекет ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

*****

Бүгін елімізде QazVac отандық екпесімен вакцинациялау басталды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқылардың бірі болып қазақстандық вакцинаны салдырды. Вакцинаның алғашқы партиясы Биологиялық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі институтта 50 мың дозамен өндірілді. Препарат«СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілді. Отандық екпенің толық қауіпсіздігі дәлелденді, вакцина коронавирусқа қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Белсенділігі жойылған екпенің артықшылығы, ол вакцинамен байланысты ауруларды тудырмайды. Бұдан басқа, QazVac вакцинасын жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларын талап етпейді. Егер Sputnik-V тоңазытқышта 18 градус температурада сақталса, QazVac екпесі 2-8 градус температурада сақталады. Бұл препаратты өндірушіден тұтынушыларға жеткізу логистикасын жеңілдетеді.

*****

 QAZVAC вакцинасының 50 мың дозасы өңірлерге таратылды. Осылайша, 6000 дозадан Нұр-сұлтан мен Алматы, 4000 дозадан Шымкент қаласы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары, қалған өңірлер 2000 құтыдан алды. Мамыр айында тағы 50 мың препарат шығарылады деп күтілуде. Болашақта отандық екпе өндірісі кезең-кезеңімен айына 500 мың дозаға дейін артады.

*****

Пандемияға қарамастан Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалдау көлемі артты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің «Ресей темір жолдары» ААҚ бас директоры – басқарма төрағасы Олег Белозеровпен кездесуінде белгілі болды. Тараптар теміржол көлігі және логистика саласындағы ынтымақтастықты екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де нығайту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалдау көлемі өткен жылы 85,6 млн тоннадан асты. Осы жылдың I тоқсанында екі ел арасындағы контейнерлік тасымалдар 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57%-ға өскен. Кездесу соңында екі ел өкілдері саладағы ынтымақтастықты нығайту туралы уағдаласты. 

*****

Ұлттық Ұлан құрамына екпе егу жұмысы 1 маусымға дейін аяқталады. Ұлттық ұланның әскери кеңесінің хатшысы Савердин Имировтың айтуынша, бүгінгі таңда бірінші компонентпен 10608 адамға вакцина егілді, екінші кезеңде 606 адам алды. Барлығы жоспар бойынша жүзеге асырылуда. ҚР Ұлттық ұланының баспасөз хатшысы Руслан Жангулинның мәліметінше, қазір жеке құрамның 34 пайызы вакцина салдырды. 

*****

Елімізде өткен тәуліктерде 2700-ден астам адам коронавирус инфекциясына шалдықты. Осылайша, ауырғандардың жалпы саны 300 мыңнан асты. Қазір 10 өңір «қызыл» аймақта тұр. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Павлодар облыстары. Ал, Шымкент қаласы мен Қостанай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары «сары» аймақта. Әзірге тек Түркістан мен Солтүстік Қазақстан облысында жағдай тұрақты.

*****

Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалаларында бүгіннен бастап 1-5 сынып оқушылары қашықтан оқу форматына көшті. Мұндай шара індеттің таралуына жол бермеу үшін қабылданған. Жезқазған қаласының маңындағы төрт ауылдық мектепте және өңірдің басқа қала, аудандарында штаттық режимде сабақ беру жалғасады. Жалпы Қарағанды облысы 7 сәуірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша «қызыл» аймаққа кірген. Өңірде СОVID-19 пандемиясы басталғаннан бері 22 мыңнан аса адам ауырған.

*****

Алматы облысында кейбір карантиндік шаралар жеңілдетілді. Оқушы саны 300-ден аспайтын қала және ауыл мектептерінде білім беру дәстүрлі форматқа көшті. Дегенмен, сыныптарда бала саны 25-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ өңірде бастауыш және мектеп бітіруші сыныптар да офлайн оқу әдісіне оралды. Бұдан бөлек, бүгіннен бастап облыс кәсіпкерлері «Ashyq» бірыңғай жобасының талаптарымен жұмыс істеуге кірісті. Қазірдің өзінде Талдықорған қаласында 90-ға жуық нысан тіркеліп, халыққа қызмет көрсетуін бастап кетті. Өңір тұрғындары да жаңа жүйеге бейімделіп, мобильдік қосымшаны жүктеп, қажетті қызмет түрлерін алуда.

*****

Қазақстанда телеарна мен радиолардың жұмысы уақытша тоқтайды. 27 сәуірде телерадио хабарларын тарату орталығындағы профилактикалық жұмыстарға байланысты сағат түңгі 03:00-ден кешкі 17:00-ге дейін Qazaq radiosy, «Shalqar», «Astana», «Classic» радиоларында техникалық үзіліс болады. Сонымен қатар, бұл күні «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы, «Qazsport», «Вalapan», «Abai tv» арналары мен аймақтық телеарналдардың хабарлары сағат 17:00-ге дейін уақытша көрсетілмейді.