Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 27.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 27.04.2021

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановты қабылдады. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздегі этносаралық қатынастар саласындағы ахуал және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты алдағы XXIX сессиясына әзірлік барысы туралы баяндалды. – 1995 жылғы шешімім бойынша құрылған Ассамблеяның жұмысын мен ерекше бақылап отырамын. Содан бері этносаралық қатынастарды нығайту саласында біраз шаруа атқарылды. Біздің бұл саладағы тәжірибеміз дүние жүзіне мәлім, көптеген елдер оған қызығушылық танытуда, – деді Елбасы. Жүздесу барысында өңірлердегі Достық үйлерінің жұмысына баса көңіл бөлінді. Тұңғыш Президент аймақтарда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік бағытындағы мемлекеттік саясатты одан әрі жүзеге асыру үшін әкімдіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. Соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы бірқатар тапсырма берді.

*****

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Марат Шибұтов пен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Дәурен Қуатты қабылдап, олардың қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегіндегі ой-пікірін тыңдады. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды. Мемлекет басшысымен кездесуде Марат Шибұтов еліміздің аумақтық даму мәселелері жөніндегі көзқарасымен бөлісті. Сонымен қатар ақпараттық-сараптамалық орталықтардың, қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру туралы ұсыныстарын айтты. Саясаттанушы мемлекет пен қоғамның ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында бірлесіп атқаратын жұмыстары туралы ойын жеткізді. Дәурен Қуат Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының ахуалы, оның ішінде, «Қазақ әдебиеті» газетінің бүгінгі жағдайы жайында айтты. Сондай-ақ қазақ тіліндегі әдебиетті және баспа ісін қолдау жөніндегі ойымен бөлісті. Оның ішінде балалар әдебиетін дамыту туралы айтылды. Бұдан бөлек кездесуде отандық және шетелдік тарихшылар арасында тұрақты байланысты қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.

*****

Қазақстанда коронавирустың таралуы төмендеп келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Айтуынша, ауру жұқтырудың күн сайынғы өсімі наурыздың соңындағы 46%-дан өткен апта ішінде 8%-ға дейін төмендеген. Өлім-жітім өсімі де өткен аптада алдынғымен салыстырғанда 30%-дан 8%-ға дейін азайған. Десе де эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанымен, 10 өңір әлі де «қызыл» аймақта тұр. Науқастану көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингіде Қазақстан 221 елдің ішінде 108-орында, ал өлім-жітім бойынша 107-орында тұр.

*****

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінде қанша мемлекеттік қызметкер салық есебін тапсырғанын айтты. «Декларациялаудың бірінші кезеңі шеңберінде бүгінгі күні 437 мыңнан астам адам салық есептілігін ұсынды. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 91%-ы. 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42 қадамына сәйкес кірістер мен шығыстарды жалпыға ортақ салықтық декларациялау жүргізу көзделген. Мұндай жүйе көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған, сондай-ақ бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге ықпал етеді», — деді Ерұлан Жамаубаев.

*****

Бұл ретте, салық салынатын базаны төмендету мақсатында жеке тұлғалар әлеуметтік салық шегерімдерін қолдана алады. Азаматтардың тиісті шығыстары болған кезде табыс салығының мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Декларациялау кезең-кезеңімен, мемлекеттік қызметшілерден бастап, кейіннен барлық азаматтар үшін жүргізіледі. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсыратын болады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары тапсырады.

*****

Қордайдағы қақтығыс: 51 айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Сот шешімі туралы өңір бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов брифингте хабарлады. Сот бір айыпталушыны толығымен ақтады. 50 адам кінәлі деп танылды. 19 адамға бас бостандығынан айыру, 31 адамға шартты түрде немесе бас бостандығын шектеу түрінде жазасы тағайындалды. 2020 жылдың 8 желтоқсанынан биылғы 19 сәуірге дейін жүргізілген қылмыстық іске екі прокурор, 366 жәбірленуші және 16 жәбірленуші өкілі, 10 қорғаушы және 4 аудармашы қатысқан. Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында жаппай тәртпсіздіктер болып, оқиға кезінде 11 адам қаза тапты. 120-дан астам қылмыстық іс қозғалды.

*****

Талдықорғанда 4 айдан бері жалақысын алмаған автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды. Салдарынан қалада бірнеше бағыт бойынша қоғамдық көлік жүрмей, тұрғындар жаяу қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Автопарк басшылығы жолаушылар тасымалы шығыны көп сала дегенді алға тартып, жалақының кешеуілдеуіне пандемия себеп болғанын айтады. Қала бюджетіне алақан жайған кәсіпорын карантинде оқушы тасымалдауға бөлінетін субсидиядан қағылған көрінеді. «Жолаушылар тасымалының шығыны көп. Шығын көп болғаннан кейін әкімдікке төлемімізді береміз. Сол төлемге қарап субсидия жасайды. Субсидия жасағаннан кейін айлық бере аламыз, салық төлей аламыз, құрал-сайман ала аламыз. Бәрін жасай аламыз», -деді серіктестік директоры Болат Тілеубаев. Атқарушы билік бұл серіктестік алдында берешегіміз жоқ дейді. Тіпті көпбалалы аналар тасымалына бөлінетін қаржының екі тоқсандық көлемін төлеп қойған. Ал жүргізушілерге жалақы берілмеуінің нақты себептерін құзырлы органдар тексеріп, анықтайтын болады.