Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 28.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 28.04.2021

Мемлекет басшысы ArcelorMittal компаниясының атқарушы төрағасы Лакшми Митталды қабылдады. Президентке Қазақстандағы компанияны одан әрі дамыту жоспары жөнінде ақпарат берілді. Кездесу барысында ауаға шығарылатын қалдықтарды 2024 жылға қарай 30 пайызға азайту жоспарына баса мән берілді. Президент еңбек өнімділігін арттыру, жоғары сапалы өнеркәсіптік өнімнің түрлерін көбейтіп, оның экспортын ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу керек екенін атап өтті.

 ***** 

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-шы сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА төрағасы лауазымынан бас тартты. Сессияны қорытындылай келе Елбасы ҚХА төрағасы лауазымын елдің іс басындағы Президенті атқаруы тиістігін атап өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 *****

Кез келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Ассамблеяны басқару өте жауапты жұмыс. Бұл - үлкен саясат. Сондықтан осы жауапты міндетті жауапкершілікпен атқарамын деп айтқым келеді», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы Ассамблея бұрын-соңды еш елде болмаған бірегей құрылым екендігін, басқа елдер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастағанын атап өтті.

***** 

Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-шы сессиясына қолдау білдірген Түркістан облысы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері дөңгелек үстел өткізді-деп хабарлайды аймақтағы әріптесіміз Ерсұлтан Әмірбек. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында бағындырған белесті баянды ету баршамыздың борышымыз.-дейді журналист Бекжігіт Сердәлі.

*****

Қазақстанда вакцина салдырған адам саны 1 миллионнан асты. Бұл ретте Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласы және Алматы облысы мен Қарағанды өңірінің тұрғындары белсенділік танытуда. Осылайша, бүгінде коронавирусқа қарсы егілген қазақстандықтардың саны 1 млн 16 мың 809-ға жетті. Ал, екінші компонентті 205 мың 188 адам салдырған.  

 *****

Ақмола облысында «QazVac» отандық вакцинасын халыққа егу басталды. Енді өңірдің әрбір тұрғыны өздері қалаған «QazVac» немесе «Спутник V» вакцинасын таңдай алады. Аймақта 86 егу пункті ұйымдастырылған. Сонымен қатар ұжымдарда және ауылдық елдімекендерде егу бригадалары бар. Өңірге Қарағанды фармацевтикалық кешені базасында өндірілген «Спутник V» вакцинасының 30 900 дозасы түскен. Сонымен қатар, облысқа отандық «QazVac» вацинасының 2 мың дозасы келіп түсті.

 *****

Шығыс Қазақстан облысында құтқарушыларға коронавирусқа қарсы вакцина салынуда. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бір күнде 50-ден астам қызметкер вакцина алды. «Вакцинациядан бұрын барлығы медициналық тексеруден өтеді. Егер қарсы көрсетіштер болмаса, құтқарушылар екпе салдыруға жіберіледі. 21 күннен кейін вакцинацияның екінші компоненті егіледі», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

***** 

Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ел мектептерінде карантин талаптарының сақталуына жүргізіліп жатқан мониторинг нәтижелерін айтты. «16-22 сәуірі аралығында мониторингілік топтар мектептерге 439 тексеру жүргізген. Карантин талаптарын бұзушылық 80 мектепте анықталды, яғни 18,2% карантин режимі тәртібін бұза отырып жұмыс жасаған. Мектептегі карантин талабын жиі бұзған үш өңір қатарында Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары бар.

*****

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алакөл бағытындағы теміржол бағыттарының тізімін бекітті. Биыл жазда Алматы мен Нұр-Сұлтанды «Достық» стансасымен жалғайтын жаңа пойыз жолға шығады. Бұл туралы ҚР ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғылымов айтты. «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан Алакөлге қатынайтын пойыздар мен тіркеме вагондардың санын арттыру бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізіп отыр.

17 маусымнан бастап аптасына үш рет «Алматы-Достық» пойызы қатынай бастайды. Сондай-ақ, жаз мезгілінде Нұр-Сұлтан–Достық пойызы жолға шығарылады», - дейді комитет төрағасы.

 *****

Қазақстан -Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы», «Достық», «Бақты» автокөлік өткізу пунктері 1, 7 және 9 мамырда жұмыс істемейді. Бұл туралы ҰҚК өкілдері хабарлайды. «Қазіргі уақытта Қазақстан - Қытай шекарасында 2 темір жол және 3 автокөлік өткізу пункттері жұмыс істейді, жалғасып жатқан карантиндік шектеулерге байланысты бұл пункттер арқылы тек жүктер мен тауарларды ғана өткізуге рұқсат», делінген хабарламада.

 *****

Алдағы күндері атмосфералық ауа ағындардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде жауын-шашын болады, жел күшейеді. Елдің орталығында, шығысында және оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр, найзағай күтіледі, бұршақ жаууы мүмкін. Сондай-ақ, Скандинавия аудандарынан антициклонның келуімен Қазақстан аумағында ауа температурасы төмендейді. Солтүстік жартысында түнде 3 градусқа дейін үсік жүреді, күндіз 10-15 градусқа дейін, оңтүстік жартысында түнде 7-15 градусқа дейін, күндіз 18-28 градусқа дейін жылы болады.