Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 04.05.2021

Қорытынды жаңалықтар 04.05.2021

19-20 мамыр күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмомали Рахмонның шақыруымен Тәжікстан Республикасына ресми сапармен барады, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер өткізбек. Онда саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайта отырып, қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігін дамытуға басымдық берілмек.

*****

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан жұмыстары, XXIX сессия қорытындылары және этносаяси саладағы өзекті үрдістер туралы ақпарат берілді. Кездесу барысында Ассамблеяны одан әрі дамыту, талдамалық және мониторингтік, аймақтық және жастар қызметінің бағыттарын күшейту мәселелері қаралды.

*****

Халыққа елімізде қолданылатын вакциналардың қауіпсіздігін түсіндіру қажет. Тиісті тапсырманы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жүктеді.

«Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге көшпелі пункттерді кеңінен қолданып, ауыл тұрғындарын барынша көп вакцинациялауды қамтамасыз етуі керек. Және де әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеудің жаңа критерийлерін енгізуді, вакцина алғандар үшін жеңілдіктер беруді бақылауда ұстау қажет», - деді Үкімет басшысы. Премьер-Министрдің атап өтуінше, бұл әсіресе қызмет көрсету саласында бизнесті жандандыруға мүмкіндік береді.

*****

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов кәсіпкерлік нысандарына «Ashyq» жобасын енгізу жұмыстарын жалғастыру керектігін баса айтты. «Бүгінде бұл бағдарламамен шектеу іс-шараларына қарамастан 650 мың адам қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Алайда, жобаны енгізу көрсеткіштері Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында әлі де төмен», - деді Ералы Тоғжанов.

*****

Елімізде діни нысандардың ашық ауада қызмет көрсетуіне рұқсат берілді. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. «Қызыл» және «сары» аймақтардағы діни нысандардың қызметіне жабық үй-жайда ұжымдық іс-шаралар өткізбей, ашық ауада қызмет көрсетуіне рұқсат етілді», - деді министр Үкімет отырысында. Айта кетейік, кеше еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы күшіне енді. Аталған құжатта мешіттер, православие шіркеулері және басқа да діни нысандар аумағында ұжымдық діни іс-шараларды ашық ауада өткізу маска режимі мен бір адамға кемінде 4 метр есебінен әлеуметтік қашықтық сақталған кезде жүзеге асырылатындығы жазылған.

*****

Павлодар облысында ұжым қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов айтты. Оның атап өтуінше, Облыс бойынша 135 вакцинациялау пункті бар. «Облыс «қызыл» аймақта. Кешеден өңірде күшейтілген карантиндік іс-шаралар енгізілді. Облысаралық және облысішілік тасымалдардың көпшілігі тоқтатылды. Ұжым қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті», - деді Әбілқайыр Сқақов.

*****

Қазақстанда бүгінгі мәліметтер бойынша 1,5 миллионға жуық адам вакцина алды. Екінші компонентті алғандар саны 347 474 –ке жетті. Екпені ең көп салдырған қалалар арасында Алматы көш бастап тұр. Мұнда препаратты 228 860 адам салдырған. Ал өңірлер арасында Алматы облысы алдыңғы қатарда тұр, бұл аймақта 164 351 адам егілген.

*****

Атырау облысында 31 мыңнан астам адам вакцина салдырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биылғы 1 ақпанынан бері өңірге «Спутник V», «QazVac» вакциналарының 63 700 дозасы жеткізілген. Вакцина салдыру үшін 36 стационарлық, 10 жылжымалы егу бекеті ашылған. «Атырау облысында коронавирус инфекциясына қарсы вакциналардың I компонентін 31 690 адам салдырды. Ал, II дозасы 8612 адамға егілді» -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

*****

20 сәуірде басталған халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы әлі де жалғасуда. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты. « Акция басталғаннан бері ішкі істер органдарына азаматтар ерікті түрде 619 бірлік атыс қаруын тапсырды. Барлық тапсырылған қару есепке алу бойынша тексерілді және криминалистикалық сараптамадан өтуде», - дейді Нұрділдә Ораз. Оның айтуынша, тапсырылған қару-жарақ үшін берілетін төлемнің алдын ала сомасы 58 млн.747 мың теңге. Заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу акциясын өткізу үшін республикалық бюджеттен 95 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.