Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 06.05.2021

Қорытынды жаңалықтар 06.05.2021

Ертең – Отан қорғаушылар күні. Осы мерекемен қазақстандықтарды Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев құттықтады.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қарулы күштері мемлекетіміздің тұрақтылығының, аумақтық тұтастығы мен әскери қауіпсіздігінің кепілі болды. Біз әрдайым армияны дамытуға, оның қорғаныс қабілетін арттыруға, әскерилерді жан-жақты қолдауға баса көңіл бөлдік. Соның арқасында Қазақстан әскерінің сапында болу рухы мықты адамдардың мәртебелі әрі жауапты міндетіне айналды. Бүгінде Отан алдындағы борышты өтеу мен адал қызмет ету –абыройлы іс. Әскери форма киген адам жауапкершілігі жоғары, нағыз патриот болып саналады» делінген Елбасының құттықтауында. Сондай-ақ, Н.Назарбаев тәуелсіздігімізді қорғай алатын қуатты да айбынды армиямыз барын атап өтіп, отан қорғаушыларды және барлық қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтады.

*****

Мереке қарсаңында бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, ордендер, медальдарды салтанатты түрде тапсырды. Президент жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күні және Жеңіс мейрамымен құттықтап, халқымыздың ерлік дәстүрін танытатын қос мереке биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын айтты.

Сонымен қатар, Президент Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайтын мемлекет екенін атап өтіп, бірақ ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін кез-келген әрекетке тойтарыс бере алатынымызды қадап айтты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы елімізде өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес екенін ерекше атап, бүгінгі марапатты барша әскери қызметшілерге, күштік құрылым қызметкерлеріне көрсетілген шынайы құрмет деп бағалап, алғысын жеткізді.

*****

Елімізде ардагерлерге жыл сайын біржолғы материалдық көмек беру дәстүрге айналды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар бұл мақсатқа 6,4 млрд теңге бөлді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтың айтуынша, қазір барлық өңірде ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына кемінде 50 мың теңге, ҰОС-да қайтыс болған мүгедектердің әйелдеріне, соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және тыл еңбеккерлеріне – кемінде 30 мың теңге берілген. Қазір 11 аймақта төлемдер жүзеге асырылды. Қалған өңірлерде 9 мамырға дейін аяқталады. Сондай-ақ Жеңіс күнін мерекелеу құрметіне ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етіледі.

*****

Жеңіс күні қарсаңында Ақтөбе халықаралық әуежайына Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Бүгін ұйымдастырылған мерекелік шараға батырдың туыстары мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар қатысты. Сондай-ақ, әуежайдың кіреберісіне қазақтың қайсар қызының құрметіне бюст қойылды. Мерген қыздың мүсінін ақтөбелік Жеңіс Жұбанқосов бейнелеген. Биіктігі 3 метрге жуықтайды.

*****

Шымкент қаласы мен Қызылорда облысы «қызыл» аймақтан «сарыға» өтті. Осылайша, қауіпті аймақта 7 өңір тұр. Олар: Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Жамбыл облыстары. Ал, «сары» аймақтаАлматы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстары бар. Әзірге Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында ғана жағдай қалыпты. Бірақ, індеттің беті қайтар емес. Кеше бір тәулікте коронавирус пен пневмониядан 43 адам қайтыс болған. Бір күнде 2443 адам вирус жұқтырған.

*****

Қазақстандағы 292 мектепте карантин талаптарының бұзылғаны анықталды. Бұл туралы білім ордаларына жасалған мониторинг барысында тіркелді. Өткен айда 1688 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде білім ошақтарының 17,2% -ы карантин тәртібін бұза отырып жұмыс істегені белгілі болды. Негізгі бұзушылықтар ретінде бетперде режимінің, сыныптардағы парталар арасындағы қашықтықтың сақталмауы, бөлмелерге ылғалды тазалау және залалсыздандыру жүргізу кестесінің бұзылуы, сондай-ақ бактерицидтік шамдардың, санитайзерлер мен залалсыздандыру құралдарының жеткіліксіздігі анықталған. Ережені жиі бұзу Қарағанды, Қызылорда, Түркістан өңірінде байқалып отыр.

*****

Елордада «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. Жеңімпаздар 10 аталым бойынша анықталды. Оларға естелік мүсінше мен 1 млн теңге сыйақы берілді. «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы пандемия кезінде Qazaqstan ұлттық арнасы арқылы көрерменге жол тартқан «Теледәрігер» бағдарламасына бұйырды. Ұлттық арнаның «Жүзден жүйрік» атты тағы бір жобасы «Үздік ойын-сауық бағдарламасы» аталымында алға шықты.