Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 11.05.2021

Қорытынды жаңалықтар 11.05.2021

Елбасы Түркістан қаласына барды. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Тұңғыш Президент саябағын» абаттандыру нәтижелерімен танысты. Сонымен қатар, Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешеннің ашылу рәсіміне қатысып, «Ұлы дала бірлігі» атты капсуланы салды. Оның ішінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы жиналған. Бұдан кейін Тұңғыш Президент «Яссы» ботаникалық бағының даму жоспарларымен танысты. Елбасыға «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жөніндегі жобаны іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығы аумағында орналасқан этноауылға барды. 18 ғасырдан көрініс беретін кешен Ахмет Яссауи кесенесінің жанында орналасқан. Интерактивті этно-ауылдың ауданы 16 мың шаршы метрден асады. Кесенеге келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен танысып, тіпті көне заттарды қолдарымен ұстай алады. Көшпеділер өркениетінен көрініс беретін этноауылдың аймағында қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген.

*****

Кешеден бері бүкіл елді алаңдатқан ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығындағы өрт сөндірілді. Жалын 310 гектар аумақты шарпып, салдарынан 35 үй мен 9 қосымша құрылыс жанып кетті. Аумақта тұратын 83 адам жатақхана мен туыстарының үйіне орналастырылды. Бір адам мерт болды. Екі адам күйік шалып, ауруханаға жеткізілген. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылып, басқа өңірлерден көмекке мамандар жіберілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.

 *****

Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов тілсіз жаудан зардап шеккен Риддер тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы тамыз айының соңына дейін баспанасыз қалғандардың әрқайсысына жаңа үйдің кілті берілетіндігін жеткізді. Бес құрылыс компаниясы Ботаника ықшамауданында жеті үйден тұрғызады. Қазір оқиға орнында комиссия мүшелері жұмыс істеуде. Олар нақты келтірілген материалдық залал мөлшерін есептеп, азаматтарға құжаттарын қалпына келтіруге септігін тигізеді», - деді Даниал Ахметов.

*****

Шығыс Қазақстан облысындағы өртке байланысты қылмыстық істі тергеу ҚР Ішкі істер министрлігінің бақылауына алынды. Қазір сот сараптамалары тағайындалды. Күдікті ретінде бұрын сотталмаған, 35 жастағы Риддер қаласының тұрғыны ұсталды. Оның абайсыздығы осындай ауыр салдарға әкеп соққан. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің өкілдері арнайы брифингте мәлімдеді. Қазір полиция қызметкерлері тарапынан құрылған арнайы жедел-тергеу тобы сол маңдағы барлық бейнежазбаларды тегіс қарап, куәгерлерден жауап алуда. Ал күдіктіге тағылған айып расталған жағдайда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынатын болады.

*****

Риддердегі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Парламенттің қос палата депутаттары бір күндік еңбекақысын аударды. Ал Шығыс Қазақстан облысында қайырымдылық акциясы басталды. «Риддер, біз біргеміз!» шарасы аясында ШҚО-дағы барлық қала-аудан әкімдіктерінің, басқармалар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бір күндік жалақыларын «Бірлік» қорына аударуда. Қазіргі уақытта облыс бойынша өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау науқаны ұйымдастырылды. «Nur Otan« партиясының облыстық филиалы акция шеңберінде бірінші қажеттіліктегі заттар, құрылыс материалдарын жинақтауда. Облыс дінбасылары да «Қайырымды болсаң, қайырымын өзің көресің» акциясын қолға алған. Азық-түлік, ақшалай қаражат, киім-кешек сынды заттар Халифа Алтай мешітінде, сондай-ақ облыстың қалалары мен аудандарының мешіттерінде қабылданады. Ал «Қазмырыш» компаниясы үйлері өртеніп кеткен барлық отбасыларға 1 миллион теңгеден береді.

*****

Енді елдегі эпидахуалға тоқталсақ. Қазір екі мегаполис пен төрт облыс «қызыл» аймақта тұр. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, сондай-ақ, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары. Ал, "сары аймақта" Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары бар. Әзірге Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жағдай қалыпты. Бірақ, індеттің беті әлі қайтар емес. Вирустан емделіп жатқандар саны 40 мыңнан асты, олардың ішінде 800-ден астамы ауыр жағдайда. Кеше бір тәуліктің өзінде 1766 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Вирустық инфекция белгілері бар пневмонияға 7 адам шалдығып, 5 науқас қайтыс болған. Ал, ел бойынша екпе салу жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 1 млн 700 мыңға жуық адам вакцина алған.

*****

Санитарлық талаптар сақталғанда ғана соңғы қоңырауды өткізуге рұқсат беріледі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, соңғы қоңырау іс-шарасын 9 және 11 сынып бітірушілеріне ашық ауада өткізуге рұқсат етіліп отыр. Аттестат беру рәсімін де осындай форматта өткізу жоспарланған. Министр 9 және 11 сынып мектеп түлектерінің ата-аналарына қабылданған шешімді жеткізіп, дайындық шараларын жүргізуді тапсырды. Тек маска режимін, әлеуметтік арақашықтық, санитарлық талапты сақтау бойынша қатаң шаралар жүргізілуі керек, - деді Асхат Аймағамбетов. Бұдан басқа соңғы қоңырау мерекесін сынып ішінде және онлайн түрде ұйымдастыру форматы ұсынылып отыр. Ал, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мұғалімдерге соңғы қоңырауға байланысты оқушылардан сыйлық алуға тыйым салынатынын айтты.

*****

Еліміздің барлық өңіріндегі мешіттердің аулаларында Ораза айт намазы оқылады. Бұл жайында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы хабарлады.

 Ең бастысы мешітке келуші адам бетперде киіп, намаздан соң ұзақ кідірмеу қажет. Сонымен қатар, жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеуі шарт. Науқастар мен әйелдердің айт намазына қатыспағаны абзал»,- делінген мәлімдемеде. ҚМДБ барша мұсылман қауымын осы жағдайларға түсіністікпен қарауға шақырады.