Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 13.05.2021

Қорытынды жаңалықтар 13.05.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады. «Рухани тазару мен жаңаруға жол ашатын қасиетті мейрам күллі мұсылман қауымы үшін айрықша маңызды. Рамазан айына жалғасқан бұл жарқын мереке қастерлі дініміздегі мейірім мен шапағат, жанашырлық пен қамқорлық сияқты асыл құндылықтарды дәріптейді. Баршамыз айттан айтқа аман-есен жете берейік! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін» делінген Президент құттықтауында. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та мұсылман қауымын ұлық мерекемен құттықтады. «Ораза айт – бейбітшілік пен бірлікке үндейтін исламның сан ғасырлық қастерлі дәстүрлерінің символы. Мейірімділік, рухани тазару, ізгі істер жасау – барлық ұлт пен дін өкілдеріне тән қасиет. Өзара сыйластық пен келісімге негізделген осы игі дәстүрлерді барынша нығайта беруге шақырамын, - деді Елбасы.

*****

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Телефон арқылы әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттері бір-бірін қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы бауырлас халықтарға жақсылық, бақ-береке тіледі. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен сөйлесу кезінде қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Садыр Жапаровтың биылғы 2-3 наурыз күндері Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар тараптар Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіндегі тығыз ықпалдастықты жалғастыра беруге уағдаласты. Қырғыз көшбасшысы гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

*****

Президент Эмомали Рахмонмен келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Тәжікстанға жасайтын ресми сапарының жай-жапсары қарастырылды. Президенттердің пікірінше, Душанбеде өтетін келіссөздер қазақ-тәжік ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді және өңірлік ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жаңа қадамдарды белгілейді. Мемлекетаралық байланыстардың перспективалары да Қазақстан мен Түрікменстан Президенттері сұхбатының негізгі тақырыбы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов қазақ-түрікмен көпжоспарлы серіктестігін жаңа әрі сапалы деңгейге жеткізуге бейілді екенін нақтылады. Мемлекет басшыларының пікірінше, бұған Қазақстан Президентінің алдағы уақытта Ашхабадқа жасайтын сапары айтарлықтай септігін тигізеді.

*****

Мемлекет басшысының Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен әңгімелесуі кезінде достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-өзбек қатынастарының жоғары деңгейде екені айтылды. Мемлекет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың даму қарқынын сақтау мақсатындағы екі ел үкіметтерінің ықпалдастығын атап өтті. Қазақстан мен Өзбекстанның көшбасшылары Орталық Азия өңіріндегі ахуал мен Ауғанстан проблемасы бойынша пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті биыл Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

*****

Er-reӘзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен әңгімелесу кезінде қазақ-әзербайжан ынтымақтастығының барлық бағытына тың серпін беру үшін әлеуетті барынша пайдаланудың маңыздылығы айтылды. Өзара сауда-саттықты ұлғайтуға, экономиканың негізгі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған шаралар қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіндегі Қазақстанның бастамаларына қолдау көрсеткені үшін әзербайжандық әріптесіне ризашылығын білдірді.

*****

Бүгін барша мұсылман қауымы рамазан айының аяқталуын білдіретін ораза айт мерекесін тойлап жатыр. Таң сәрімен ел бойынша барлық мешіттерде айт намазы оқылды. Жамағат бір-бірін діни мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Барлық мешіттерде санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақыланды. Намаз мешіттің ішінде емес аулада оқылды. Әр адамға 4 шаршы метрден белгіленген. Дін өкілдері мереке кезінде эпидемиологиялық ахуалға байланысты қойылған талаптарды қатаң сақтау маңызды екеніне тоқталды.

*****

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Ораза Айт мерекесімен құттықтады. «Отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, жәрдемге мұқтаж жандарға үлестірген садақамызды Жаратушы қабыл еткей! Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік!» - деді Бас мүфти.

*****

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Аталған заң бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарғ++++++а, сондай-ақ, қандастарға жекеменшікке және жалға беруге тыйым салынады. Осылайша, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы тек қана Қазақстан азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларға беріледі.

*****

Жүкті әйелдер жәрдемақыны үйден шықпай, SMS арқылы рәсімдей алады Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Осы жылдың мамыр айынан бастап ЭЕБ-да Қазақстанның жұмыс берушілері үшін жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік демалыстарды Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркеу мүмкіндігі берілді. Осының арқасында демалысқа шыққан қызметкерлерге тиісті әлеуметтік төлемді тағайындауды өтініш берушінің қатысуынсыз проактивті форматта жүзеге асыруға болады. Бұл көрсетілетін қызметті алушыларға осы төлемді алуға өтініш беру үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жеке бармауға мүмкіндік береді.

*****

Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік демалысқа шыққан жұмыскерге төлемді проактивті түрде тағайындау үшін жұмыс беруші жұмыскердің шығу фактісін ЭЕБ порталындағы жеке кабинетте тіркеуі қажет. Деректер Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жіберіледі, одан сұрау салу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға берілетін болады. Бұл ретте, көрсетілетін қызметті алушыға SMS-хабарлама арқылы проактивті форматта әлеуметтік төлем тағайындауға келісімін алу бойынша сұрау түседі, оған үш күн ішінде жауап беру қажет болады.