Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Ел мектептеріндегі қауіпсіздікті арнайы күзет мамандары қамтамасыз ететін болады

Ел мектептеріндегі қауіпсіздікті арнайы күзет мамандары қамтамасыз ететін болады

Қазақстанда 1 844 938 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. Оның ішінде 759 059 адам вакцинаның екінші компоненін алған. Екпе салдырғандардың басым бөлігі Алматыда тұрады. Онда вакцинаның бірінші компонентін 273 866 адам, екінші компонентін 155 820 адам салдырған. Ал екпе салдырғандар саны аз өңір - Маңғыстау облысы. Мұнда екпенің бірінші компонентін 34 725 адам, екінші компонентін 13 844 адам алған.

*****

Бүгін Алматы облысында төрт оқушыны қаққан жүргізушіге қатысты сот отырысы басталды. Көлік тізгінінде болған 54 жастағы азаматқа Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі, яғни, мас күйінде екі немесе одан да көп адам өліміне алып келген көлік құралын басқарды деген айып тағылып отыр. Егер кінәлі деп танылса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Еске салайық, осы жылдың наурыз айында Еңбекшіқазақ ауданы, Қорам ауылының тұрғыны мас күйінде төрт оқушыны қағып кеткен еді. Алған жарақатынан екі қыз бала ауруханада көз жұмды. Зардап шеккен өзге екі баланың жағдайы қазір жақсы.

*****

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Лаура Мырзағали онлайн брифингте созылмалы ауруы бар адамдарға вакцина салуға болатынын айтты. Спикердің айтуынша, вакцина салуға қатысты қарсы көрсетілімдер көп емес. «Созылмалы ауруы бар адамдар көп, алайда оларға вакцина салуға болмайды деген сөз емес. Егер ауру асқынып тұрмаса екпе егуге әбден болады. Тіпті аутоиммунды аурулармен ауыратындарға да вакцина салуға болады. Тек мұның барлығын дұрыс жеткізіп, дұрыс түсіндіріп, дұрыс ақпарат беру керек», - деді Лаура Мырзағали. Сонымен қатар, ол егу пунктерінде вакцинаның үш түрі бар екенін атап өтті. Тұрғындар өздері қалаған екпені салдырта алады. Атап айтсақ, қазақстандық «QazVac», қытайдың «Sinopharm» және ресейлік «Спутник-V».

*****

Палестина-Израиль жанжалы толастамай тұр. Соңғы мәліметке қарағанда, өткен дүйсенбіден бері Газа секторында Израильдің авиациялық соққысынан қаза тапқандар саны 188-ге жетті. Солардың 55-і – бала. Талай ғимарат жермен-жексен болған. Палестиналық қарулы топтар Израиль қалаларына 3 мыңнан астам зымыран жіберіп, 10 шақты тұрғын мерт болды. Палестина әкімшілігі кешегі күнді қанды жексенбі деп атап отыр. Себебі, өткен тәулікте Газада Израильдің шабуылынан 42 адам опат болды. Құрбандардың арасында 16 әйел мен 10 бала бар. Секторда Израильдің соққысынан Associated Press агенттігі мен Al Jazeera тәрізді халықаралық медиа ұйымдардың өкілдіктері орналасқан ғимарат опырылып түсті. Таяу Шығыстағы соғыс өртінің өршуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде кездесу өтті. Ұйымның Бас хатшысы Израиль мен Палестинаны атысты дереу тоқтатуға шақырды. Газадағы қырғынды Ислам Ынтымақтастық Ұйымы да айыптады. Cонымен қатар, Иракта, Түркия мен Иорданияда, Сирияда Израильдің Газадағы әрекеттеріне қарсы ауқымды шерулер өтті.

*****

Ел мектептеріндегі қауіпсіздікті арнайы күзет мамандары қамтамасыз ететін болады. Бұл туралы Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев мәлімдеді. Айтуынша, бүгінде 11 облыстағы 408 мектеп ғана күзет компанияларымен шарт жасасқан. Алдағы уақытта білім беру мекемелеріндегі техникалық жабдықтау мен балаларды ғимаратқа кіргізу жүйесінде өзгеріс болады. Себебі қазір білім беру ұйымдары террорлық әрекеттерге төтеп бере алмайды. Осы орайда барлық қазақстандық мектеп бейнебақылау камералары мен дабыл қағу жүйесін орнатуға міндеттелді. Айта кетейік, бұған Қазан қаласында болған оқиға түрткі болды. Сондай-ақ ІІМ мектептердегі тыйым салған заттарды атап өтті. Бұл қару, пышақ, кастет сынды бала өміріне қауіп төндітерін құралдар. Сонымен қоса жарылғыш құрылғылар, бүріккіш бояулар, пиротехника және газ құтыларында әкелуге тыйым салынады.