Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 17.05.2021

Қорытынды жаңалықтар 17.05.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туған күнін қалай атап өтеді деген сұраққа Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгін азаннан бері бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері хабарласып, «Мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтеді?» деп сұрап жатыр. Бұл жайында былтыр арнайы түсініктеме берген едік. Дегенмен тағы бір мәрте айта кетейік. 17 мамыр әдеттегідей жұмыс күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан ешқандай іс-шара ұйымдастырылмайды, тіпті, Әкімшілік қызметкерлеріне де Президентті құттықтауға рұқсат етілмеді. Мемлекет басшысы үшін бүгін қалыпты жұмыс күні. Оның әулетінде балалардың да, үлкендердің де туған күнін тойлау дәстүрі қалыптаспаған», - деп жазды Берік Уәли желідегі парақшасында. Сонымен қатар ол Президентке құттықтаулар легі келіп жатқанын жеткізді. «Қазірдің өзінде көрші мемлекеттердің басшылары және Үкімет, Парламент, халықаралық ұйымдардың жетекшілері жүрекжарды тілектерін жеделхаттар арқылы жолдауда, сондай-ақ, телефон шалып құттықтауда. Құттықтаулар толассыз келіп жатыр», - деп толықтырды Берік Уәли.

*****

Елордада Астана ЛРТ ісі бойынша сот отырысы бүгін қайта жалғасты. Прокурор айыпталушыларды 7-ден 11 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыруды сұрады. Айта кетейік, құрылыс кезінде 6 миллиард теңгеге жуық қаражатты жымқырды деген айып 7 адамға тағылып отыр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов, «Астана инновейшнс» акционерлік қоғамының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім 11 жылға сотталуы мүмкін. Ал өзге айыпталушыларға 7,8 және 9 жыл мөлшерінде жаза кесілуі ықтимал. Айта кетейік, айып тағылған 7 адамнан бөлек тағы екі күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды. Олар Астана ЛРТ компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан және елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков.

*****

Қазақстанда «Bus Lane» жолағымен көліктің басқа түрлерінің жүруіне рұқсат берілетін уақыт белгіленбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мұндай өзгеріс ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті әзірлеген Үкімет қаулысының жобасында көзделген. Аталған жобада «Жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысына «Bus Lane» жолағымен тек қоғамдық көліктердің жүру уақыты таңертең 2 сағат, ал кешке 3 сағат болып өзгерту енгізілмек. «2. 5.9, 5.10.1 – 5.10.3 белгілерімен белгіленген маршруттық көлік құралдарына арналған жолағы бар жолдарда сағат 07:30-дан 9:30-ға дейін және сағат 17:00-ден 20:00 уақыт аралығында қоғамдық көліктердің жүруі жүзеге асырылады және аялдайды (Қағидалардың 24-бөлімінің 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда), қалған уақыттарда және демалыс күндері осы жолақта қоғамдық көліктерден басқа көлік құралдары жүру және аялдау жүзеге асырылады», - делінген жария талқылауға шығарылған қаулыда.

*****

Қазақстанда 1 844 938 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. Оның ішінде 759 059 адам вакцинаның екінші компоненін алған. Екпе салдырғандардың басым бөлігі Алматыда тұрады. Онда вакцинаның бірінші компонентін 273 866 адам, екінші компонентін 155 820 адам салдырған. Ал екпе салдырғандар саны аз өңір - Маңғыстау облысы. Мұнда екпенің бірінші компонентін 34 725 адам, екінші компонентін 13 844 адам алған.

*****

Палестина-Израиль жанжалы толастамай тұр. Соңғы мәліметке қарағанда, өткен дүйсенбіден бері Газа секторында Израильдің авиациялық соққысынан қаза тапқандар саны 188-ге жетті. Солардың 55-і – бала. Талай ғимарат жермен-жексен болған. Палестиналық қарулы топтар Израиль қалаларына 3 мыңнан астам зымыран жіберіп, 10 шақты тұрғын мерт болды. Палестина әкімшілігі кешегі күнді қанды жексенбі деп атап отыр. Себебі, өткен тәулікте Газада Израильдің шабуылынан 42 адам опат болды. Құрбандардың арасында 16 әйел мен 10 бала бар. Секторда Израильдің соққысынан Associated Press агенттігі мен Al Jazeera тәрізді халықаралық медиа ұйымдардың өкілдіктері орналасқан ғимарат опырылып түсті. Таяу Шығыстағы соғыс өртінің өршуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде кездесу өтті. Ұйымның Бас хатшысы Израиль мен Палестинаны атысты дереу тоқтатуға шақырды. Газадағы қырғынды Ислам Ынтымақтастық Ұйымы да айыптады. Cонымен қатар, Иракта, Түркия мен Иорданияда, Сирияда Израильдің Газадағы әрекеттеріне қарсы ауқымды шерулер өтті.

*****

Ресейдің Қазан қаласында болған қайғылы оқиғадан соң елімізде барлық мектептердің лаңкестік әрекеттерден қорғану деңгейі тексеріліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған кешенді шаралар жақында аяқталады. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік комитетінің өкілдері арнайы брифингте мәлімдеді. Тексеру қорытындысы бойынша Үкіметке ұсыныстар әзірленеді. Онда білім ошақтарына кіріп-шығу мен ғимараттың техникалық жабдықталуына қатысты жайттарға баса мән берілмек. Қазір мектепкке алып кіруге тыйым салынатын заттар мен бұйымдардың тізімі жасалып жатыр. Бұған қатысты заң осы айда күшіне енеді. Әзірге 11 облыстағы 408 мектеп мамандандырылған жекеменшік күзет ұйымдарымен келісімшартқа отырды. 1 мыңнан астам білім ошағында орталықтандырылған бақылау жүйесі бар. 330-дан астам мектепке турникет орнатылды. Білім ошақтарындағы бейнебақылау камераларының санын арттыру жұмыстары қолға алынады.