Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 27.05.2021

Қорытынды жаңалықтар 27.05.2021

Президент «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда. Мемлекет басшысына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамының қазіргі жұмысы мен негізгі қаржылық көрсеткіштері, кәсіпорындағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, сондай-ақ, қор қызметкерлеріне екпе егу барысы туралы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа инфрақұрылым, мұнай-газ және энергетика бағытындағы маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді. Сонымен қатар Алмасадам Сәтқалиев Президентке газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңғырту, Қашаған кен орнындағы газды қайта өңдеу зауытының құрылысы, «Астрахан-Маңғышлақ» магистральді су таратқышы мен «Достық-Мойынты» теміржол көлік дәлізін қайта жаңғырту жоспарын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.

*****

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сайлау туралы» заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, аудандық деңгейдегі қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау енгізіледі. Яғни, оларды халық сайлайды. Сонымен қатар, саяси партиялардың Парламент пен мәслихатқа өтуіне қойылған 7 пайыздық шек 5 пайызға дейін төмендетілді. Тағы бір жаңашылдық, енді сайлау бюллетеніне «Барлығына қарсымын» деген баған енгізіледі.

*****

Елімізде несие тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға қысқарды. Президент банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу туралы заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, коллектор борышкермен сөйлесу кезінде аудио, бейне жазба жазуға міндеттеледі. Бұл агенттік тарапынан дөрекілік пен заң бұзушылықты болдырмауға ықпал етпек. Сондай-ақ, коллекторлық қызметте тіркелмеген телефон арқылы борышкермен сөйлесуге тыйым салынады.

*****

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша шамамен сағат 20:00-де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндіруші салалардағы мәселелер жөніндегі жаһандық дөңгелек үстел отырысында бейнеүндеу жасайды. «Мемлекеттер мен үкіметтер басшылары деңгейіндегі бұл виртуалды форум БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бастамасымен өтеді» деп мәлім етті Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында. Жиынның тікелей көрсетілімін БҰҰ-ның веб-сайтынан көруге болады.

*****

Елімізде 2 015 053 адам вакцина салғызған. Денсаулық сақтау министрлігі осылай деп хабарлады. Оның ішінде екінші компонетті салдырғандар саны - 949 802. Өткен тәулікте 1 558 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР арқылы расталды. 10 адам COVID-19 белгілері бар пневмонияға шалдыққан. Қазіргі уақытта 32 254 адам коронавирустан емделіп жатыр. 696 науқастың жағдайы ауыр.

*****

Соңғы жеті тәулікте әскери қызметкерлер арасында COVID-19 жұқтыру жағдайы 60 процентке төмендеген, деп хабарлайды «Хабар 24». Ал құрамының 92 процентіне екпе егілген. Айта кетейік, Қазақстанның Қарулы күштерінде коронавирусқа қарсы вакцина егу науқаны наурыз айында басталған. Жалпы, ведомствоның ақпаратынша, Қарулы күштерде эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

*****

Өзбекстанмен шекарадағы Бағыс және Хиебон ауылдары ресми түрде Түркістан облысына қосылды. Үкімет қаулысы премьер-министрдің сайтында жарияланды. "Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Бағыс және Хиебон елді мекендерінің жалпы алаңы 795,62 гектар жерін Түркістан облысының шекарасына қосу арқылы Түркістан облысының шекарасы өзгертілсін", - делінген Үкімет қаулысында. Ауданы 750 гектар Бағыс ауылы Ақжар ауылдық округіне, ауданы 45,62 гектар Хиебон ауылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округінің шекарасына қосылады.

*****

Елімізде 3 млн 400 мың оқушы оқу жылын аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24». Соның 150 мыңы мектеп бітіріп жатыр. Солар үшін бүгін соңғы қоңырау соғылды. Биыл 10 мың оқу үздігі «Алтын белгі» алудан үмітті. Соңғы қоңырау шарасына тек аттестат алатын яки мектеп бітіретін түлектер ғана қатысты. Әр үйден тек бір ата-анадан ғана келуіне рұқсат берілді. Санитарлық талаптардың сақталуын мамандар қатаң қадағалады. Ара қашықтық сақтады. Мамандар егер елдегі эпидемиологиялық ахуал жақсарып, екпе егу қарқыны үдесе, келесі оқу жылы дәстүрлі форматта өтуі мүмкін дейді.

*****

Қарағанды облысында Ashyq жобасына қатысатын әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың қызметін шектеу талаптары өзгерді. Банкет залдары таңертеңгі 7.00-ден түнгі 02.00-ге дейін, орынның 50% ғана қамтып жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Мейрамханалар мен дәмханаларға да осы талап бірдей. Сондай-ақ, бильярд, компьютерлік, боулинг клубтар да күндізгі 12-ден түнгі 2-ге дейін жұмыс істейді. Оларда іштегі орынның 30 проценті ғана қамтылуы тиіс. Ал Атырауда базарлар санитарлық-дезинфекциялық талаптарды сақтай отырып, кешкі 7-ге дейін, сауда ойын-сауық орындары 22.00 ге дейін ашық. Демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат жоқ.

*****

Түркістан облысы Түлкібас ауданында үшем дүниеге келді. 37 жастағы Назипа Янгибаева № 1 облыстық перинаталдық орталығында екі қыз бен бір ұл босанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа туған нәрестелерге Әдемі, Ислам, Самира есімдері берілген. Мерзімінен ерте туған үшем перениталдық орталық дәрігерлерінің бақылауына алынған. Бүгінде медицина қызметкерлерінің көмегімен сәбилер салмақ қосып, денсаулық жағдайы жақсарып келеді. Әзірге үшемнің ауруханадан қашан шығатыны белгісіз. Айта кетсек, үшем дүниеге келген отбасының бір ұлы мен екі қызы бар. Көпбалалы ана - үй шаруасында отырған әйел. Ал, отағасы көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Былтыр № 1 облыстық перинаталдық орталығында 8746 сәби дүниге келді. Жыл басынан бері 3108 нәресте туған. Оның 72 - егіздер болса, екеуі - үшем.