Сауд Арабиясы қажылыққа келетін жамағат үшін талапты қатаңдатты

27 мамырдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 30 872 адам коронавирус инфекциясынан (30 297 КВИ+ және 575 КВИ-) емделіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап. Науқастардың 11 724-і стационарда, 19 148-і амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында: • 682 адамның жағдайы ауыр, • 166 пациенттің жағдайы өте ауыр, • 100 науқас жасанды тыныс алу аппаратында жатыр.
*****
Қырғызстанда шекаралық аймақ тұрғындарына қару жарақ қолдануға рұқсат берілуі мүмкін. Тиісті заң жобасын депутаттар қоғам талқылауына ұсынды. Олардың пікірінше азаматтарға осындай құқық беру керек. Мұндай өзгерістер елдің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қол сұғу фактілерін алдын алуға және шекараны қорғап қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді. Шекаралық уәкілдер туралы заң 2015 жылдан бастап қолданыста. Заңға сәйкес, шекара маңындағы аудан тұрғындарына шекара уәкілдері деген мәртебе берілген. Олар Шекара қызметіне ақпараттық қолдау көрсетеді. Бүгінде Қырғызстанда 140 шекара уәкілі бар. Соңғы бес жылда зардап шеккендер немесе жараланғандар болған жоқ.
*****
Сауд Арабиясы қажылыққа келетін жамағат үшін талапты қатаңдатты, деп хабарлайды «Хабар 24». Оған сәйкес биыл мұсылмандар бес парызының бірін орындауы үшін батыс елдерінде өндірілген Файзер, Астразенека, Джонсон және Модерна вакциналарын салдыруы керек. Ал Спутник V, Хаят және отандық Казвакпен егіліп жатқан қазақстандықтардың қасиетті жерге баруы екіталай. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы хабарлады. Оның үстіне Сауд Арабиясы елге келген азаматтар тек тікелей рейспен ұшып келуі керек деп талап қойып отыр. Сондықтан жерлестеріміз сауапты сапарға бармай қалуы да мүмкін. Еске салайық, биыл қажылық 17 шілдеде басталады.
*****
АҚШ-та SpaceX компаниясы ғарышқа тағы 60 жерсерігін ұшырды, деп хабарлайды «Хабар 24». Оларды «Фалкон 9» зымыран тасығышы Флоридадағы ғарыш айлағанынан әкетті. Кейін зымыран жерге қайта сәтті оралып, теңізге қонды. SpaceX компаниясының бұл жобасы Starlink ғаламдық интернет жүйесін құру бағдарламасы негізінде жүзеге асып жатыр. Ол әлем халқын кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған. Ғаламдық интернет жүйесі 12 мың жерсерігінен тұрады.
*****
Бүгін Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында ауа температурасы төмендейді. Оған Қара теңіз аумағынан келетін антициклон ықпал етеді. Күндіз сынап бағанасы 27 градусқа дейін түседі. Ауа райы орталық және шығыс аймақтарда да күрт өзгеруі мүмкін. Күн күркіреп, жаңбыр жауады. Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде бұршақ жаууы мүмкін. Елдің оңтүстік бөлігінде еш өзгеріс болмайды деген болжам бар.