Қорытынды жаңалықтар 27.05.2021
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы онлайн режимінде өтті. Жиында Қазақстан азаматтығын алуға және одан шығуға тілек білдірген адамдардың өтініштері қаралды. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының қарауына жақын және алыс шетелдерден келген әртүрлі ұлттардың 955 өкілін еліміздің азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізілетін болды. Сондай-ақ Комиссия 81 адамның Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтінішін қанағаттандыру туралы да ұсыным жасайды.
*****
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысында Холдингтің даму стратегиясы мен құрылымын оңтайландыру мәселелері қаралды. «Бәйтерек» холдингінің 2024 жылға дейінгі түзетілген Даму стратегиясының жобасы бекітілді, оған «агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» сынды қызметтің жаңа бағыты енгізілді. Стратегияда Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторын құру және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкін «Отбасы банк» АҚ етіп қайта құру бөлігінде Холдингтің тұрғын үй блогы қайта қаралды.
*****
Елімізде Еңбек ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтты. «Басты міндеттердің бірі – еңбек ресурстарының дағдыларын дамыту, оқыту. Ол - 4 жобаны қамтиды. Атап айтқанда, жұмыс берушілердің қалауы бойынша сұранысқа ие мамандықтарға оқыту; тәлімгерлікпен бірге және жалақыны субсидиялау арқылы оқыту; электронды еңбек биржасында және өңіраралық оқу орталықтарында онлайн оқыту курстарын ұйымдастыру; болашақтың ІТ-мамандықтарын дайындау», - деді вице-министр. Оның атап өтуінше, алдағы 5 жылда 210 мың адамды оқумен қамту жәе олардың жұмысқа орналасу көрсеткішін 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
*****
«Мемлекет Басшысының қойған талаптарының бірі – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі сияқты құқық қорғау жүйесінің қазіргі заманға сай моделін енгізу. Дамыған елдерде «полиция – прокурор – сот» тәрізді үш буынды модель жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев айтты. Оның сөзінше Енді прокурордың келісімі болмаса, тергеуші шешімінің заңды күші жоқ».
*****
Алматы облысында биыл 28 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның 19-ы – үш ауысымдықты болдырмау мақсатында салынады. Сонымен қатар жеті мектеп іске қосылды. Соның төртеуі үш ауысымды мектептердің орнына пайдалануға берілді. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.
*****
«Суға шомылу маусымы басталмаса да елде 53 адам суға кетті. Оның 26-сы жас балалар. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов айтты. Оның сөзінше шомылу маусымы / маусымның 1 күні басталып, қыркүйек айына дейін жалғасады.
*****
Елордада оқыту сапасын арттырып, шектеу шаралары кезінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру үшін жазғы мектептер ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова айтып берді. «26 мамырдан 19 маусымға дейін ата-аналардың өтінішімен барлық тілек білдірген оқушылар үшін оқыту сапасын арттыру және шектеу шаралары кезіндегі білім алуда жіберілген олқылықтардың орнын толтыру, сондай-ақ оқушылардың физикалық және эмоционалдық денсаулығын қалпына келтіру мақсатында онлайн-оффлайн режимінде жазғы мектеп ұйымдастырылады», - деді Иманғазинова. Сондай-ақ, болашақ 1-сынып оқушыларын даярлау мақсатында әр мектепте тамыздан бастап, екі апталық «Балақай» мектебі ұйымдастырылады.
*****
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған азаматтарға берілетін сыйақы мөлшері көбейді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаментіндегі превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Марат Хайруллин айтты. «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша сыйақы сомасы сараланған сомаға айналды. Енді пара немесе келтірілген залал сомасы 1 мың АЕК-тен (2 млн 917 мың теңге) аспайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлама үшін сыйақы 30-дан 100 АЕК-ке дейін жетеді. Көрсетілген сомадан артық – сыйақы көлемі 10% болады, бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды », - дейді ол.