Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 03.06.2021

Қорытынды жаңалықтар 03.06.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда. Президент Қазақстан мен Қытай шекарасындағы автокөліктер мен теміржол өткізу бекеттерінің жұмыстарын, сондай-ақ, екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынастарын тезірек қалыпты жағдайға келтіру қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласында өткен Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлерінің келесі кездесуін 2022 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды. Сонымен қатар қос тарап Қазақстан астанасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшыларының отырысын өткізуге келісті. 

*****

Коронавирусқа қарсы вакцина алған азаматтар Ashyq қосымшасында «жасыл» мәртебеге ие болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халық алдындағы есептік кездесуінде айтты. Келесі аптаның басында бізде барлық вакцина алған адамдар Ashyq қосымшасында «жасыл» мәртебеге ие болады. Қазір біз оны Ashyq функциясы деп атаймыз. Себебі ол бірнеше қосымшаларда қолжетімді болады», - деді Бағдат Мусин. 

*****

Соңғы жылдары Жайық өзенінің ағыны 3 есе қысқарды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Климаттың өзгеру салдарын қазірдің өзінде сезіп жатырмыз. Қазақстанда орташа жылдық ауа температурасы соңғы 100 жылдың ішінде 1,37 градусқа көтерілді. Бұл ретте орташа жылдық температураның көтерілу жылдамдығы тұрақты түрде өсіп келе жатқаны байқалады», - деді министр «ECOJER» халықаралық конгресі барысында. Оның атап өтуінше, мұның барлығы су ресурстары проблемасына алып келеді. «Өйткені, Қазақстан көптеген трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан. Қазақстанға су ресурстарының 40 пайыздан астамы көрші елдерден келеді», - деді Мағзұм Мырзағалиев. 

*****

Алматы облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада өңірдің кей аймақтарында 37 градусқа дейін ыстық болып, өрт қаупі артатыны айтылған. «Қазгидромет» 3 маусымда дауылды ескерту жариялады. Соның негізінде 4 маусым күні Алматы облысының кейбір аумақтарында найзағай жарқылдайды. Шаңды дауыл соғып, бұршақ жаууы мүмкін. Сонымен қатар Іле Алатауы мен Жетісу Алатауы тауларында аздаған өткінші жаңбыр жауып, күн күркірейді, бұршақ жаууы мүмкін. 28 мамыр күні Алматы облысындағы Жаркент қаласында екі адамға найзағай түсіп, мерт болған.

*****

Алматыда тау басында қиын жағдайда қалған екі турист құтқарылды. Құтқарушылар Мыңжылқы тауынан екі туристі түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оқиға 2 маусым күні болған. Туристер Бастионға қарама-қарсы жартасқа көтеріліп, кейін төмен түсе алмай қалған. Олар 50 градус еңістегі жартаста шамамен 3500 метр биіктікте болған. Құтқарылған қыз бен жігіт Шығыс Қазақстан облысынан. Екеуі де қатты шаршаған әрі киімдері де мұндай бағытқа арналмаған.

*****

Ислам Әбішев мерзімінен бұрын бостандыққа шығады. Бұл туралы оның адвокаты Ерлан Мәкенов хабарлады. «Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер бойынша арыз-шағым алқасы №2 Байқоңыр соты үкімінің күшін жойды. Сондай-ақ Ислам Әбішевті шартты түрде мерзімінен босату туралы жаңа шешім шығарды. Айтуынша, оған айыпталушының жасы мен тәртібінің жақсы болуы себеп болған. Еске сала кетейік, былтыр ақпанда 60 млн теңге пара алмақ болды деп кінә тағылған Су ресурстары жөніндегі комитетінің бұрынғы басшысы Ислам Әбішев 5 жылға сотталған еді.

*****

Петропавл тұрғыны алаяқтарға алданып, сегіз миллионнан астам теңгесінен айырылды, деп хабарлады Polisia.kz. Петропавл полицейлері тұрғындардан сақ болуды және «банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрмыз» деген алаяқтардың құйтырқы әрекеттеріне сенбеуге шақырды. Әйел алаяқтардың сөзіне сеніп қалған. Бейтаныс дауыс оған шотында күдікті әрекеттер жүргізіліп жатыр деп хабарлаған. Ақшаны сақтап қалу үшін оны қосалқы шотқа аудару қажет екенін айтқан. Әйел қылмыскерлердің нұсқауын орындап, барлық жиған-тергенінен айырылып қалған.

*****

Елімізде 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді насихаттауға бағытталған бірқатар имидждік іс-шаралар жоспарланған. Олардың арасында ҚР Мемлекеттік Әнұранын бір мезгілде орындау, ақпараттық сағаттар, кітап көрмелері, жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы секілді жиындар бар. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, 100-ден астам түрлі іс-шара өткізіледі. 4 маусым күні сағат 11-де «Атамекен» «Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің жанында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жыл сайынғы автошеру басталады. Сағат үште мереке құрметіне Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы «Астана» концерт залында концерт ұйымдастырады. Іс-шараға кіру «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. 

*****

Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектеп түлегі аяқ киім ішіне ұялы телефон жасырып өтпек болған. Бұл туралы ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы басшысы Дидар Смағұлов өз фэйсбук парақшасында жазды. Айтуынша, баланың бойы кішкентай болса да, аяғына 45-ші өлшемдегі аяқ киім киіп келген. Осы әрекетінен полицейлер күдіктенген.

*****

УЕФА Еуро-2020 матчтарының трансляциялар кестесі жарияланды. Турнир 11 маусым - 11 шілде аралығында өтеді. Қазақстандық жанкүйерлер чемпионаттың барлық ойындарын "Qazaqstan" мен "Qazsport" арналарынан тікелей эфирде көре алады. Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шыққан 24 құрама 6 топқа бөлінген, деп хабарлайды zakon.kz. Турнир Түркия мен Италия кездесуінен басталады. 

*****

Хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионаты Канаданың Калгари қаласында өтеді. Бұл туралы Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы мәлімдеді. Турнир 21-30 тамыз аралығында өтеді. Барлық команда Калгариге 10 тамызда барып, карантинге жіберіледі. Айта кетелік, хоккейден әйелдер арасындағы әлем чемпионаты былтыр өтуі керек еді. Алайда коронавирусты инфекцияға байланысты бәсеке кейінге қалдырылды.