Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 07.06.2021

Қорытынды жаңалықтар 07.06.2021

Мас жүргізушілердің кесірінен биыл 31 адам қаза тапты. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар Тәженов осылай мәлім етті. Оның атап өтуінше, бұған дейін көлікті мас күйде жүргізген азамат бірінші рет ұсталғанда 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылатын. Ендігі уақытта бұл мерзім 7 жылға ұзартылған. Бұған қоса әкімшілік тұтқынға алу енгізілген. «Ендігі уақытта мас жүргізуші алғаш рет ұсталса да көлік жүргізу құқығынан айырылып қана қоймай, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады», - деді Асқар Тәженов.

*****

2021 жылдың үш айында елден 5500 адам кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24». Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шекара асқандардың 4400-ден астамы Ресейге барған. Тағы 700-ден астам адам Германияны, ал қалғандары Израиль, Польша, Өзбекстан сияқты мемлекеттерді бетке алған. Қаңтар мен наурыздың аралығында Қазақстанға 2 мыңнан астам адам келген. Ресейден 850, Өзбекстаннан 518, Қырғызстаннан 125 жолаушы шекарадан бері өткен. Қалғандары Әзербайжан, Түркия және Қытайдан келген. Еске салайық, былтыр аталған кезеңде елден 7 мыңнан астам адам кеткен екен.

*****

Израильде маусымның 15-інен бастап жабық ғимараттың ішінде маска тағу міндетті болмайды. Бұл туралы осы елдің Денсаулық сақтау министрі хабарлады. Алайда бұл жеңілдіктің мектептерге еш қатысы жоқ. Аймақта 12 мен 15 жас аралығындағы балалар екпе қабылдай бастаса да, білім ордасында әзірге бетпердесіз жүруге болмайды. Естеріңізге салайық, маусымның 1-інен бастап Израильде санитарлық талаптар жеңілдей бастаған. Десе де шекарадан кіріп шығу ережесі әлі де қатаң сақтаулы.

*****

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы қызыл аймақта тұр. Коронавирус бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, «сары» аймақта: Алматы қаласы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары орналасқан. «Жасыл» аймаққа: Шымкент қаласы, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары енген. Жалпы, Қазақстан коронавирус бойынша «жасыл» аймаққа өтті.

*****

2030 жылға дейін Арал теңізі БҰҰ-ның жіті бақылауында болады. Теңіздің тартылған орны шөлге айналып, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізетін экологиялық апатқа айналды, деп хабарлайды «Хабар 24». Енді «Эко-Даму» бағдарлама аясында бірнеше жұмыс жүргізіледі. Яғни сексеуіл көшеттерін отырғызу мен басқа да жобалар жүзеге аспақ. Бұл туралы ұйымның қоршаған орта бағдарламасы өңірлік кеңсесінің басшысы Айдай Құрманова айтты. Бұдан бөлек, биыл ауыл тұрғындарына биоауландықты сақтау үшін 275 млн теңгеге несие беріледі. Бұл Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері мен жергілікті инвесторлардың қолдауымен жүзеге асырылады. Айта кетейік, жобаның қолдауымен Қазақстанда 8 ерекше қорғалатын аймақ құрылып, тағы үш аудан кеңейтілді.

*****

Түркістан облысында тауда жоғалып кеткен екі турист әлі табылған жоқ. Іздеу шаралары жалғасып жатыр. Ал Біркөлік тау шатқалында тұрып қалған үш турист кеше аман-есен құтқарылған. Сарыағаш ауданынан келген саяхаттаушылар Біркөлік шатқалы бағытындағы тауларды аралап, сарқырамаға дейін барған. Алайда қайтар жолда адасып кетіп, таудан түсе алмаған. Оның үстіне үш адамның біреуі ауырып қалып, жүрісі қиындаған. Ақыры құтқарушыларды көмекке шақырған. «Қазавиақұтқару» тікұшағы мен Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының мамандары үш адамды құтқарып, Шымкент қаласының әуежайына жеткізген.

*****

Қостанай облысында ауыл ішіне қасқыр кіріп, екі адамды талаған. Оқыс оқиға Меңдіқара ауданына қарасты Ұзынағаш елді мекенінде болды. Алдымен түз тағысы 19 жастағы жігітке шабуыл жасаған. Одан кейін сиыр саууға шыққан әйелге тап беріпті. Екеуінің де қол-аяғын тістелеп тастаған. Көмекке келген жергілікті тұрғындар қасқырды атып өлтірді. Сол күні ауыл ішінде одан басқа тағы бір түз тағысын көргендер бар.

*****

Коронавирус жұқтырған қазақстандықтар оқшаулау талабын бұзса айыппұл арқалайды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жаңа санитарлық ережелер бекітілгенін хабарлады. Карантиндік тәртіпті сақтамаған адамға 88 мың теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынады. Ал оқшаулау режимін бұзғандар Ashyq ақпараттық платформасы арқылы анықталады.

*****

«Қазгидромет» алдағы үш тәуліктегі ауа райы болжамын ұсынды. «Алдағы үш тәулікте Қазақстан аумағының басым бөлігі фронталды бөліктердің ықпалында болып, жаңбыр жауады. 10 маусымда Қазақстанның орталығында және оңтүстік-шығысында найзағай ойнап, қатты жел соғады, нөсер жаңбыр мен бұршақ жаууы ықтимал. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл сақталады. Солтүстік-батыстан ығысатын кезекті суық антициклон еліміздің солтүстік жартысында ауа температурасының төмендеуіне алып келеді: түнде 3-8, кей жерлерде 12 градусқа дейін. Күндіз 17-22, кей жерлерде 25 градус жылы болады. Елдің қалған аумағында температуралық фонда айтарлықтай өзгеріс күтілмейді», - дейді синоптиктер.

*****

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы футболдан Америка Кубогының ойындарын көрсету құқығын иеленді. Оңтүстік Америка құрамалары арасындағы турнир 13 маусым мен 11 шілде аралығында Бразилияда өтеді. Турнирдің барлық матчтарын қазақстандық жанкүйерлер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Бастапқыда, Копа Америка-2021 Аргентина мен Колумбия алаңдарында өтуі тиіс болатын. Бірақ турнирдің басталуына екі апта қалғанда Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы коронавирусқа байланысты жарысты Бразилияға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Сырттан шақыртылған екі құрама – Австралия мен Катар жарыстан бас тартқаннан кейін, Америка Кубогына 10 команда қатысатын болды. Олар екі топқа бөлінген. Ширек-финалға әр топтан төрт командадан шығады. Соңғы Копа Американының жеңімпазы - Бразилия құрамасы