Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 08.06.2021

Қорытынды жаңалықтар 08.06.2021

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Атырау облысына жұмыс сапары аясында мұнай-газ химиясы және мұнай-газ машинасын жасау салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпара. Үкімет басшысы Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыты құрылысының іргетасын қалауға қатысты. Кәсіпорыннан тауарлық газ және сұйытылған газ, күкірт пен газ конденсаты өндіріледі. Оны 2023 жылғы 4 тоқсанда пайдалануға беру көзделген. Құрылыс кезеңінде мұнда 2500 дейін уақытша, одан кейін 600 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сапар барысында Үкімет басшысы бекіре балығын өсіретін шаруашылықтың қызметімен де танысты. Қысқа мерзімді кезеңде кәсіпорынның өндіріс көлемін жылына 30 тонна балық еті мен 3 тонна уылдырыққа дейін жеткізу жоспарланып отыр.

*****

Солтүстік Қазақстан облысында ертеңнен бастап көптеген нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы ертең, 9 маусымнан бастап күшіне енеді. Құжатқа сәйкес өңірде карантиндік шектеулердің кейбірі алынды: Енді келушілер санын 30%-дан асырмай бильярд, боулинг, компьютер клубтары мен аквапарктің және ғимарат ішіндегі балалардың ойын алаңдарының жұмыс істеуіне рұқсат беріледі; Сондай-ақ 50 адамнан асырмай, банкет залдарында еске алу іс-шараларын өткізуге болады; спорттық іс-шараларды көрермен санын 20%-дан, ал кинотеатр, театр, концерт залдарының жұмысын көрермен санын 30%-дан асырмай ұйымдастыруға болады; қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы сағат түнгі 2-ге дейін ұзартылады; балалардың сауықтыру лагерлері ашылады. 

*****

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша қазақстандықтар кез келген медициналық мекемеде стоматологиялық қызметті ала алады. Амбулаториядағы медициналық қызмет 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге тегін көрсетіледі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Алматы қалалық филиалы директоры Тлеухан Әбілдаев айтты. Бұрын қызмет ақысы консультативтік-диагностикалық қызмет көрсететін клиникаға тікелей аударылатын болса, биылдан бастап емханалар арқылы төленеді. Ол үшін емдеу ұйымдары арасында қосымша келісімшарт бекітіледі. «Сақтандыру енгізілгенге дейін стоматологиялық көмек тек пациенттің тіркелген емханасы арқылы ғана көрсетілетін. Жаңа жүйенің арқасында аталған санаттағы азаматтар бұл қызметті еліміздің кез келген жерінде пайдалана алады. 

*****

Алматы академиясы онлайн-алаяқтарға қарсы күресетін полицейлер дайындайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары Жанат Ділбарханованың айтуынша, мұндай шешім былтыр қабылданды. Енді полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіптің күзетшілері ғана емес, бағдарламашы да болады. Оларды түрлі хакерлермен қалай күресуге үйретеді. «Технология күн сайын өзгеріп жатқан қазіргі заманда киберқылмыспен күресу өте маңызды болып отыр», - дейді Жанат Ділбарханова. Сонымен қатар аталған қылмыспен күрес мамандығына тәжірибесі бар кадрлар шақырылған. Оларды дайындауға басқа да ұйымдар мен мекемелер атсалысады. 

*****

Жыл басынан бері елімізде 173 мыңға жуық азамат тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеу үшін «ЕНПФ ОТБАСЫ КЗ» платформасы арқылы 1 трлн 70 млрд теңге зейнетақы төлемін пайдаланған. Оның 54 мыңы әйелдер. 118 800-і ер адам. Белсенді өңірлер үштігіне Маңғыстау, Нұр-Сұлтан Алматы кіреді. Алматыда 23 мың адамға 184 млрд теңге аударылды. 33 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинағы есебінен «Отбасы банктегі» қарызын өтеген. 

*****

Түркістан облысындағы Өгем өзенінің бойынан жоғалған туристердің заттары табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады. «Бүгін сағат 13:10-да Түркістан облысы Төле би ауданының Айғыржыққан және Өгем өзендері қосылған тұстан 500 метр жерде жоғалған туристердің заттары табылды. ТЖМ құтқарушылары оларды полиция қызметкерлеріне табыстады. Туристердің бірінің анасы табылған заттардың арасынан өз баласының киімін таныды», - дейді ведомство өкілі. Оның мәліметі бойынша, жоғалған екі туристі іздеу жұмыстары жалғасуда. Іздестіру жұмыстары 15 тәулік бойы жүріп жатыр. 

*****

Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен өңір тұрғындары мен қонақтары үшін электросамокаттарды жалға беру бойынша жаңа жоба іске қосылды. Бұл жоба елімізде наурыз айынан бастап Алматы, ал, мамыр айында Нұр-Сұлтан қалаларында іске асқан. Ол үшін, алдымен, «JET» қосымшасын смартфонға жүктеп алу қажет. Жобаның бірінші кезеңінде Ақтау қаласы аумағында самокаттарды жалға беруге арналған 15 тұрақ 100 самокатпен қамтылды. Тұрақта пайдалану ережелері мен QR-коды бар тақтайшалар орнатылған. Бағасы минутына 35 теңге, сондай-ақ, сапардағы жазатайым оқиғадан сақтау мақсатында самокаттар GPS-пен жабдықталған.

*****

Атырау облысында сарматтар дәуірінен қалған қорымға қазба жұмыстарын жүргізген археологтар үлкен олжаға кенелді. Қызылқоға ауданының Мұқыр елді мекеніндегі Қарақұдық қорымынан 3 сармат жауынгерінің сүйегі табылды. Бір қорғанда 3 адамның жерленуі археологияда сирек кездеседі. Енді табылған сүйектерге антропологиялық зерттеу жүргізіледі. Қазба жұмыстары кезінде жебелер, найза, қылыш және тас қайрақ пен қыш құмыра табылған. 

*****

Түркістан облысы Шардара ауданы аумағынан біздің заманымыздағы І-ІІІ ғасырларға тиесілі балбал тас табылды. Көне ескерткіш өз заманының атақты қолбасшысына арнап жасалуы мүмкін, деген де болжам бар. Өйткені балбал тас бетінде әскери бас киім анық бейнеленген. Табылған тас мүсін мұражайдан орын алып, облыстық тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізу жөнінде құжаттар әзірленіп жатыр. Көне жәдігерді тапқан жер иесі – Төребековтер әулеті. Тасты Шардара су қоймасына жақын маңдағы Шекертөбе жерінде мал бағып жүріп, тауып алған. Тас мүсінді шаруа қожалық иесі мұражайға аманат етті. Құнды жәдігер табылған аумақта қазба жұмыстары жүргізілуі мүмкін. 

*****

Ақмола облысының Целиноград ауданында алты мектеп салынып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Бахытбек Оспанбеков мәлім етті. Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы үш ауысымды оқытуды жою мақсатында Қоянды, Қажымұқан, Қарамеңді батыр ауылдарында 120 орындық үш мектептің құрылысы аяқталды. Биыл тағы төрт нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде елорда іргесінде орналасқан Қосшы ауылындағы 1200 орындық мектеп те бар. Сондай-ақ, Қосшыда тағы 1200 орындық екі мектеп салынып жатыр.